қазақша · русский · english
   
  Main  News
01.11.2016

 

«АБАЙ КӨШЕСІ» ҰЛЫҚТАЛДЫ


Қала тарихында өзіндік орны бар басты «Абай даңғылының» шаһарымыздың тарихи өрлеу жолындағы орнын белгілеу мақсатында үстіміздегі жылдың 28 қазаны күні Медеу ауданы әкімшілігінің бастамасымен «Абай көшесі» күні атты мәдени-көпшілік шара өткізілді.
Медеу ауданының әкімі Жылқыбаев Ержан Жұматұлының

қолдауымен өткен бұл шараға «Оқушылар сарай», ҚазҰУ, №2 мектеп-гимназиясы қатар Абай атындағы ҚазҰПУ-нің бірінші проректоры Ермағанбетов Мүбәрәк Ермағанбетұлы, тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ішпекбаев Жанатбек Ешенқожаұлы ұжымы мен студент-жастары қатысты.
Ғұлама ақын өз шығармашылығымен еліне, халқына, бүкіл адамзатқа қызмет еткен. Абайды шын мәнінде бүкіл әлем біледі деп айтуға болады. Бұл шараныңжаңалығы, қаламызда тұңғыш рет өткізілуі. Алматы қаласы Медеу ауданының 80 жылдығы, ҚРТәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен «Абай көшесінің» мейрамы, мереке сезімін одан да қатты күшейте түсті.
Университет ұжымы шараға арнайы мерекелік бағдарлама ұсынды. Мерекелік бағдарлама 5 бөлімнен тұрды. Соның ішінде «Абай көшесінің» мейрамына арналған концерттік бағдарлама, «Абай айтады...» акциясын, «Абай өнегесі» атты кітап көрмесі, Ұлттық ойындардан жарысы, «Абай оқулары» байқау ұсынылды.
Концерттік бағдарлама аясында университетіміздің 3 курс студенті Ботатаев Нұрбек Абай образын сомдап, монологын оқыды. Одан соң Абай әуендеріне 100 студент-қыздардың қатысуымен флешмоб өткізілді. Артынша ғұлама тұлғаның аты берілген ескерткіш алдында бір топ студенттердің орындауында халықағартушысының шығармашылығын насихаттау мақсатында поэзиялық бөлім орын алды. Университетіміздің дарынды қыздарынан құралған «Кәусар» тобының орындауында Абай әндері орындалып, алаңға жиналған шет елдік қонақтарға «Әйкерім» сән театрының дефилесі ұсынылды. Дефиле барысында аға оқытушы С. Ерғалиева жетекшілік еткен киім-дизайны мамандығы студенттерімен әзірленген ұлттық киім үлгілері паш етілді.
Абайдың әдеби мұрасын насихаттау мақсатында «Абай өнегесі» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Ұлағатты шараның ойын-сауық бөлімінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті студенттерінің арасында ұлттық ойындардан жарыс өтті.
Хәкімнің шығармашылығы арқылы жастардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру мақсатында ақынның сөз маржандары мен ой жауһарларын студент жастарға жаппай таныту үшін «Абай айтады...» танымдық акциясы ұйымдастырылды.
Мерекелік бағдарламаның қорытынды бөлімінде ҚазҰПУ 1 курс студенттері ұсынған «Абай жастары» атты концерттік бағдарламасында Абай өлеңдері мен әлемнің көптеген тілдеріне аударылған қара сөздері оқылды.
Шара аясында 14-28 қазан аралығында ұйымдастырылған «Студенттік қатарға қабылдау» рәсімінің жабылу салтанаты өткізілді.
Осыған орай, тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ішпекбаев Жанатбек Ешенқожаұлы университет табалдырығын жаңадан аттап, қоғамдық тынысына атсалысып жүрген дарынды жастарымызға білім жолында ақ жол тілеп, салтанатты түрде «Білім кілті» мен «Студенттік билетті» табыстады. Сонымен қатар, жоғары белсенділігімен ерекшеленген студенттерді «Алғыс хатпен» марапттады.
Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалаған ағартушы. Абайдың артында қазақ халқының алтын қазынасы 170-тен астам өлең, 56 аударма, поэма, күллі адамзатқа ұлағат «Қара сөздері» және бүгінгі күні бүкіл халыққа танымал 200-ге жуық әндері мен күйлері қалған. Осынау үлкен әдеби-тарихи мұраға ие Абайдың шығармашылығын дәріптейтін айтулы шара қалың бұқараның ілтипатына ие болды.
Қаламызда тұңғыш рет өткізіліп отырған «Абай көшесі» күні мерекесінің жоғары деңгейде өтуіне университетіміздің Тәрбие басқармасы, «Абай» ғылыми-зерттеу орталығы, Ғылыми кітапхана ұжымының үлесі зор.
Ұлы ақынды ұлықтаған ұлағатты бұл шара қала қонақтары мен тұрғындарының көңілінен шыңып, болашақта қаламыздың дәстүрлі мерекесіне айналатынына сеніміміз мол.