қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
29.03.2024

Француз тілі мұғалімдеріне арналған жазғы мектеп өткізуді жоспарлап отырмыз

 

 

Биыл Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы Қазақстан-Сорбонна институтының құрылғанына 10 жыл. Осы уақыт аралығында Абай университеті Францияның жетекші жоғары оқу орны - Сорбонна Париж Сите университетімен (Université Sorbonne-Paris-Cité) бірлесіп халықаралық қос дипломды бағдарламаларды табысты іске асыру арқылы студенттер үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынып келеді. Оқуды аяқтағаннан кейін елімізге жаңа биіктерді бағындыруға және кәсіби жетістіктерге жетуге дайын мамандарды даярлап шығуда өз үлестерін қосып отырған институт басшылығымен кездесіп, өткен және алдағы жетістіктерін, болашаққа қандай жоспарлары барып біліп қайттық.


- Айнұр Әлімханқызы, әдетте жыл басында жүріп өткен жолымызға шолу жасап, өзімізге есеп беріп, сонан соң жаңа бастамаларға, жақсылыққа ұмтылатынымыз бар ғой. Әңгімені өзіңіз басқаратын институттың тарихына қысқаша шолу жасаудан бастаңыз.

 

- Абай атындағы ҚазҰПУ жанынан Сорбонна-Қазақстан институтын құру туралы алғашқы меморандумға 2013 жылы Сорбонна Париж-Сите университеті (Sorbonne Paris Сité) мен Абай университеті арасында қол қойылды. Институттың салтанатты ашылуы 2014 жылы 6 желтоқсанда екі елдің мемлекет басшыларының қатысуымен өтті. Сол кезден бері Қазақстан мен Француз тараптары арасында осы жобаның одан әрі дамуын кезең-кезеңімен айқындайтын 20-дан астам шарт жасалды.

Иститут ашылғалы оқу орны әлемдік франкофония желісіне қосылып, AUF-тің (франкофондық университеттер агенттігі) толыққанды мүшесі болып қабылданды. Франкофонияның басқа да өкілдіктерімен, мысалы, Француз Альянсы, Франция-Қазақстан Сауда-Өнеркәсіп Палатасы, Францияның Орталық Азияны зерттеу институтымен (IFEAC) бірлескен әріптестігіміз шарттармен бекітіліп, өзара тәжірибе алмасу және бірлескен іс-шаралар өткізу арқылы жүзеге асырылып келеді.

Аталған институт ашылған сәттен бастап француз жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықта қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру бастамасы сәтті жолға қойылды және бүгінгі таңда осы бағдарлама бойынша қос диплом алған түлектердің саны 150-ден асып отыр.

 

- Сорбонна-Қазақстан институтында студенттерге заманауи білім берумен қатар, жан-жақты тұлға болып қалыптасуы үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

 

- Сорбонна-Қазақстан институты бакалавриат, магистратура және докторантура білім беру бағдарламалары мен қос дипломды (бакалавриат, магистратура) бағдарламалар бойынша жоғары білім берудің толық циклін ұсынады. Жыл сайын Франциядан шақырылатын 25-тен астам профессорлар студенттерге дәріс оқиды. Оқу бағдарламаларын жүзеге асыру ісі негізінен француз тілінде жүргізіледі. Бұл әдіс білім алушыларға негізгі халықаралық тілдердің бірін тиімді меңгеруге және еуропалық деңгейдегі заманауи сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Француз Альянсымен ынтымақтастық шеңберінде халықаралық стандарттарға сәйкес тілдік сертификаттау жүргізіледі.

Осылайша, институт түлектері заманауи білімге және қазіргі заманғы еңбек нарығында тиімді бәсекеге түсуге мүмкіндік беретін расталған тілдік құзыреттерге ие болады.

Сорбонна-Қазақстан институтында жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда жоғары сапалы білім берумен қатар, азаматтық жауапкершілік пен парасаттылыққа, адалдыққа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыруға, құқықтық және қаржылық сауаттылықты үйретіп, туған елге, жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға ықпал ететін құндылықтарды енгізуге тырысамыз. Бұл бастаманың жарқын көріністерінің бірі - іргетасы институт қабырғасында қаланып, әлеуметтік жауапкершілік пен белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал еткен, жастарды қоғам игілігіне біріктіруге арналған "Izgilik elshisi" Ұлттық еріктілер қозғалысының ұлттық деңгейге дейін көтерілуі. Мұндай бастамалар жастардың бойында жағымды құндылықтардың қалыптасуына ықпал етіп қана қоймайды, сонымен бірге жалпы қоғамның әлеуметтік-мәдени дамуына да белсенді әсер етеді.

 

- Ел аузында «Сорбонна-Қазақстан институты білім беру тұрғысынан отандық оқу орындарына ұқсамайды» деген түсінік бар. Институттың өзіндік ерекшеліктеріне тоқталып өтіңізші? Француз әріптестермен қандай іскерлік байланыс орнатылған?

 

- Абай университетінің Сорбонна-Қазақстан институты Француз серіктес университеттері: Лотарингия университеті (Université de Lorraine); Париждегі Шығыс тілдері мен өркениеттерінің ұлттық институты (INALCO); Пуатье университеті (Université de Poitiers); Реймстегі Шампан-Арденна университеті (Université de Reims Champagne Ardenne); Лилль университетімен берік қарым-қатынас орнатып, халықаралық байланыс желісін қалыптастырған.

Қазіргі таңда Сорбонна-Қазақстан институты Лотарингия университетімен бірлескен «Халықаралық құқық» білім беру бағдарламасы; ИНАЛКО (INALCO) бірлескен «Халықаралық қатынастар» білім беру бағдарламасы; Пуатье университетімен бірлескен «Маркетинг» және «Экономика» білім беру бағдарламалары бойынша қос дипломды бағдарлама аясында мамандар даярлауда.

 

- Қазір елімізде шығармашылықпен, ғылыммен айналысамын деген жастарға барлық жағдай қарастырылған. Сіз басқаратын институтта бұл мәселе қалай жолға қойылған? Қандай ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатыр? Институттың ғылыми әлеуеті мен жобалардың маңыздылығына тоқталып өтсеңіз.

 

- Біздің институтта ғылыми-педагогикалық жұмыс негізгі 4 принципке сүйенеді. Атап айтқанда:

1) Абай университетінің Сорбонна-Қазақстан институты - экономикалық және саяси ғылымдар, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, сондай-ақ француз тілі саласы бойынша алғашқы өңірлік қазақстан-француз білім беру хабы;

2) Жоғарыда аталған пәндер бойынша Франция мен Қазақстан арасындағы бірлескен ғылыми ынтымақтастықтың зертханасы;

3) Орта Азия аймағындағы Франкофонияның жетекші өкілі;

4) Жоғары деңгейдегі ғылыми және мәдени іс-шаралар өткізілетін орын.

Институттың ғылыми-зерттеу жұмысының ерекшеліктері келесідей іс-шаралардан көрініс табады:

1. Стипендияларды ұсынуда бірлескен қазақ-француз қос дипломдық білім беру бағдарламаларының түлектеріне басымдық беріледі;

2. Диссертациялар мен ғылыми жұмыстарды жазу барысында екі тараптан бірлесіп ғылыми жетекшілік жасау жолға қойылған;

3. Профессор-зерттеушілермен, докторанттармен және тағылымдамадан өтушілермен өзара тәжірбие алмасу арқылы Францияның Орталық Азияны зерттеу институтымен (IFEAC) тығыз ынтымақтастық қарым-қатынас орнату, ғылыми жарияланымдарды бірлесіп дайындау және бірлескен ғылыми семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру.

 

- Абай университетінде Қазақстанның өңірлік ЖОО-мен екіжақты келісімдер негізінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы жұмыс жасап жатқаны белгілі. Білім алушылардың сыртқы академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру мәселесі туралы да айтыңызшы?

 

- Сорбонна-Қазақстан институтының білім алушылары жыл сайын Абай-Верн және Эразмус+ сияқты халықаралық бағдарламалардың, сондай-ақ франкофондық университеттер агенттігінің (AUF) гранттарын иеленуге мүмкіндігі бар. Бұл оларға Францияның жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға және тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.

Ағымдағы оқу жылында да Сорбонна-Қазақстан институтының бір топ студенттері Францияның серіктес университеттерінде білім алып, тағлымдамадан өтіп жатқанын мақтанышпен айтып өткіміз келеді.

 

- Студент - оқу ордасының айнасы ғана емес әрі мақтанышы. Олай болса, кәсіби салада болсын, ғылымда, спортта, өнер-білімде болсын, студенттеріңіздің қандай жетістіктерін ерекше атап өткен болар едіңіз?

 

- Біздің институтының студенттері шеттерінен талантты әрі белсенді жастар. Олар үнемі республикалық және халықаралық ғылыми, спорттық және шығармашылық конкурстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Атап айтқанда Сорбонна-Қазақстан институтының білім алушылары «Қазақстанның үздік студенті - 2023»; «Үздік жас ғалым - 2023»; «Қазақстанның үздік магистранты - 2020» аталымдары бойынша үздік көрсеткіштерге ие болды. Сондай-ақ, 2023 жылы институттың 2 студенті Подгорица қаласында (Черногория) өткен франкофон студенттерінің халықаралық фестивалінің лауреаттары атанды. Тағы бір студентіміз 2021 жылы конкурстан сәтті өтіп, франкофондық университеттер агенттігінің (AUF) желісі бойынша ұйымдастырылған тағылымдамадан өтіп қайтты.

 

Біздің студенттер спорт саласында да республикалық студенттік универсиадаларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жатады. Одан басқа жыл сайын халықаралық, республикалық ғылыми жұмыстар конкурстарының жеңімпаздары мен лауреаттары атанады.

Университет басшылығы Сорбонна-Қазақстан институты студенттерінің француз тілін үйренуіне, сондай-ақ олардың Францияның жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлыққа қатысуына көп көңіл бөледі. Бұл ретте бізге университет басшылығы тарапынан, сондай-ақ француз тарапы, оның ішінде Франция университеттері атынан үлкен жағдай жасалып жатқанын атап өтуіміз керек.

Біз Францияның серіктес жоғары оқу орындарының ғалым-профессорларымен бірлескен іс-шараларды белсенді түрде өткізіп келеміз. Мысалы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі Комиссиямен бірлесіп «Құқықтық диалогтар» іс-шарасын тұрақты түрде өткізіп келеміз. Онда біздің француздық профессорларымыз заңгер ретінде құнды әрі оң тәжірибелерімен кеңінен бөліседі. Мұның бәрі біздің студенттерге тәжірибе жинақтауға, кәсіби мамандардан үйренуге тамаша мүмкіндік береді.

Алдағы жазда Абай университеті Францияның Пуатье университетімен бірлесіп, Қазақстан мен Орта Азияның француз тілі мұғалімдеріне арналған жазғы мектеп өткізуді жоспарлап отыр. Бұл жоба барлық тілек білдірушілерге кеңінен есік ашатынын атап өткім келеді. Франциядан келетін әріптестеріміз - сол елдің ең үздік әдіскерлері Абай университеті алаңында өз тәжірибелерімен бөліседі.

Қазіргі кезеңде біз Франция университеттерімен бірлесіп шет тілдері, атап айтқанда француз тілі мұғалімдерін даярлау бойынша қос дипломды бағдарлама ашуды қолға алып, жаңа білім беру бағдарламасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізудеміз.

Біздің алға қойған жоспарларымыз көп. Мысалы, Лотарингия, Пуатье және ИНАЛКО университеттерімен және тағы басқа еуропалық жоғары оқу орындарымен жолға қойылған әріптестік, ынтымақтастық қарым-қатынас жақсы нәтиже көрсетуде. Алдыға қойылған көптеген міндеттер бар, студенттеріміздің игілігі үшін әлі талай бастамаларды жүзеге асырамыз деп ойлаймыз. Адамзаттың ұлы ұстазы Әл-Фараби бабамыздың «Адам мақсатына өзін өзі жетілдіру арқылы жетеді» дейтіні бар. Олай болса оқу-білімде біз үнемі өзімізді өзіміз жетілдіріп, алға сүйреп отыруымыз керек . Сонда көздеген мақсатымызға жететініміз анық.


- Әңгімеңізге рақмет!

 

 

29.03.2024ж. 

Ақпаарат көзі: bilim.expert