қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
31.01.2020

Өзгермелі әлемдегі педагогикалық білім: жаңа басымдықтар

 


 

Жыл сайын Қазақстанның жетекші педагогикалық ЖОО-да профессор-оқытушылар құрамы үшін қысқы және жазғы мектептер өтеді, онда еліміздің білім беру жүйесінің өзекті мәселелері бойынша семинарлар, тренингтер, біліктілікті арттыру курстары өткізіледі.

 

2020 жылдың 5-10 қаңтары аралығында Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Өзгермелі әлемдегі педагогикалық білім: жаңа басымдықтар» тақырыбында Қысқы мектеп өтті. Сессияларға, тренингтерге және біліктілікті арттыру курстарына 716 оқытушы мен университет қызметкерлері қатысты.

 

Университет ректоры Такир Балықбаев биылғы «Қысқы мектептің» Хакім Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғанын, мұнда «Білім беру ұйымдарында «Абайтану» пәнін оқытудың өзекті мәселелері» тақырыбында дәрістер өткізілетінін атап көрсетті.

 

Сессияда «Абайтану» орталығының директоры, өткен жылдың желтоқсан айында І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған ф.ғ.д., профессор Мекемтас Мырзахметұлы құрметті қонақ болды. Қысқы мектеп тыңдаушылары қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында университетте өткізілетін іс-шаралармен, «Абайтану» пәнінің мазмұнымен танысып, білім беру ұйымдарында «Абайтану» пәнін оқытудың маңыздылығын атап өтті.

 

 

Жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінің игілігі үшін «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңның дер кезінде қабылданғандығы айтылып, бүгінгі күні ЖОО түлектерінің сапасына қойылатын талаптар, қазіргі заманғы білім берудегі мұғалімнің рөлін өзгерту мәселелері талқыланды.

 

Семинарлардың бірі университетте сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қызметкерлер мен білім алушыларды жемқорлыққа қарсы оқыту мен тәрбиелеуге, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамыту мәселелеріне арналды. Ректор Т.О.Балықбаев іс-шараның ашылуында: «Біз Мемлекет басшысы мен ҚР БҒМ алға қойған міндеттерді толықтай қолдаймыз, оларды жүзеге асыру үшін біздің студенттер, оқытушылар мен қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыру үшін барлығын жасаймыз. Ол үшін әр түрлі бағыттар бойынша жұмыс істейміз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес және «Парасат» орталығы құрылды, тиісті комиссия жұмыс істейді. Оған қоса, «ISO халықаралық стандарттары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесі» енгізілуде. Сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу және университеттің «Академиялық адалдық» кодексін сақтау мақсатында студенттер мен оқытушылардан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша мониторингтік топ құрылды» - деп, аталған семинардың өзектілігі мен ерекше маңыздылығын атап өтті.

 

«ISO енгізу агенттігінің» директоры Анатолий Бандуро заң шығару-құқықтық базаның нормативтік өлшемдері мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалау, контексті талдау, ISO стандартының құрылымы, университет қызметінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету менеджменті жүйесін енгізу және жақсарту, жүйені және оның үдерістері мен элементтерін жобалау бойынша стандартталған талаптар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сонымен қатар, менеджмент жүйесін құрудың 4 кезеңі, ISO халықаралық стандарттары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы айтылды.

 

С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры М.А.Жүнісова, доцент Г.М.Раева және профессор М.К.Шуақаев қазақ жазуын латын графикасына көшіру мәселелеріне тоқталды. Қатысушылар латын жазуының өзекті мәселелерімен танысып, пікір алмасты.

 

Гранттық қаржыландыруға өтінім беру тәртібі және Scopus журналдарында мақалаларды рецензиялау өлшемдері туралы Scopus журналдарында оқытушыларды, магистранттарды және докторанттарды «Scopus базасы журналдарындағы мақалаларды рецензиялау өлшемдері» тақырыбы бойынша ақпараттандыру үшін Ж.А Хамзина өз тәжірибесімен бөлісті.

 

Erickson International (Canada) кәсіби коучтері Б.Тасбулатова мен М.Билялованың қызықты сессиялары XXI єасыр педагогының құзыреттілігін және жоғары мектеп оқытушыларына арналған коучинг құралдарын талқылауға арналды. Сабақ интерактивті форматта өткізіліп, коучингті қолдану бойынша идеялар алмасылды.

 

Бір күндік семинар аясында «Еңбек Кодексін» және «Білім туралы» Заңды Абай атындағы ҚазҰПУ-дың әкімшілік, ғылыми және оқу бөлімдерінің жұмысында қолдану», «Студент-жастарды тәрбиелеуді жетілдірудің өзекті мәселелері», «Білім сапасын басқару. «ЖОО-мектеп» құрылымындағы сапаны басқару моделі» тақырыптары талқыланды.

 

ЮНЕСКО-Қазақстан өкілдері дайындаған «Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі білім беру» сессиясында С.Ж.Зейнолла және А.Б.Омарованың Қазақстанның білім беру саласына қосқан үлестері атап өтіліп, қазіргі заманғы білім беру мазмұны, университет оқытушыларының оқу-тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

 

Қысқы сессияда бір күндік тренингтер мен семинарлардан басқа «Қашықтықтан оқыту жүйесіндегі оқытушылардың жұмыс ортасы (moodle), электрондық оқу-әдістемелік кешенін (ЭОӘК) әзірлеу және енгізу, пәнді сүйемелдеу», «Студенттердің метапәндік оқу нәтижелерін бағалау үшін тапсырмалар дайындау», «www.bilimland.kz, www.itest.kz, www.imektep.kz білім беру ресурстарын қолдану бойынша оқыту тренингтері ("Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында)», «Көлденең-циклдік ұйымдастыру құрылымын әзірлеу» тақырыптарында Абай атындағы ҚазҰПУ профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру курстары өткізілді.

 

Тұтастай алғанда, «Қысқы мектеп» аясында университет оқытушылары мен қызметкерлері сессиялар мен курстардың жұмысына қызығушылық танытты. Бұл іс-шаралар жоғары оқу орнына өз жұмысын жетілдіруге, еліміздің білім беру жүйесінің өткір және өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді.

 

Авторы: А.А.Семченко, А.Ш.Оракова,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Біліктілікті жетілдіру және қашықтықтан оқыту орталығы

31.01.2020 ж.

Ақпарат көзі: dalanews.kz