қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
31.01.2020

Министр студенттермен кездесті

 


 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Алматы қаласының студенттерімен кездесті. Кездесуге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттері қатысты. Кездесуді университет ректоры, профессор Такир Балықбаев ашып, сөз кезегін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке берді.

 

- Педагогикалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттерге білім саласында соңғы кезде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарды айтуға және түсіндіруге келіп отырмын, - деп сөз баста­ды министр. - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастама­сы­мен 2016 жылдан бері жалпы білім беру саласында жаңартылған білім беру мазмұ­нын енгізу қолға алынып жатқанын білесіз­дер. Алдағы уақытта оқушылар 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін жаңар­тылған білім бағдарламалары бойынша оқытылатын болады. Қазірдің өзінде 1-4-сынып оқушы­лары жаңартылған бағдарла­мамен білім алуда. Сонымен бірге, оқушы білімін кри­териалды бағалау жүйесі бойын­ша сараптау да бүгінде білім саласындағы ерекше құбылыстардың бірі. Критериалды бағалау дегеніміз оқушылардың оқу жетіс­тік­терін білім беру мақсаттары мен мазмұ­нына сәйкес, оқушыға, ата-анаға және мұға­лімге түсінікті, нақты анықталған критерийлерге негізделген бағалау үдерісі. Онда оқушының қалай оқығаны, қалай еңбек еткені, ойлау жүйесі және басқа да қабілеттері әділ баға­ланады. Сіздер болашақ мұғалім болған­дықтан осының бәрін білуге тиіссіздер, - деген министр оқу бағдарла­маларын жаңар­туды аяқтау қажеттігін, жоғары оқу орын­дарының міндеті сапалы педагог даярлау болғандықтан оларға қойы­латын талаптар­дың күшейтілетінін жеткізді. Сонымен қатар, мұғалім мамандығына мектеп түлектерін оқуға қабылдаудың 70 балдық жүйесі енгізіліп отырғанынан хабардар етті.

 

Бүгінде еліміздегі 130 жоғары оқу орнының 85-і мұғалім мамандар даярлаға­нымен білім сапасы төмен болып отыр. Сондықтан талапқа сай мамандар даярлай алмайтын ЖОО-ларды қысқартуды Прези­денттің өзі тапсырды. 2021 жылдан бастап түлектер қай жоғары оқу орнында оқыға­нына қарамай бәріне бірдей мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі. Дипломға қоса біліктіліктеріне қарай сертификаттар да қоса тапсырылады деген министр атаулы оқу ордасының бастамасын қолдайтынын білдірді.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­гикалық университеті бітіруші студенттерді жыл бойы мектепте тәжірибеден өткізу жөнінде бастама көтерген еді.

 

Бұдан әрі министр А.Қ.Аймағамбетов жаңа қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңдағы негізгі тұжырымдарға тоқ­талды. Аталған заңда педагогтың кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары, оның материалдық қамтамасыз етілу құқығы, әлеуметтік кепілдіктер, педагогтың міндеттері және т.б. өзекті мәселелер жан-жақты ашып көрсетілген. Әсіресе, мемле­кеттік ұйымдарда қызмет істейтін педагогке ақы төлеу жүйесі, лауазымдық айлықтары, қосымша ақылары, үстемеақылар және басқа да ынталандыру төлемдері тиісті заңнамалар бойынша жүзеге асырылады. 2025 жылға дейін мұғалімнің айлық жалақысы 25 пайызға өсіп отырады.

 

Кездесу соңында Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов студент-жастар­ды мектепке жұмыс істеуге шақырды. Сту­денттердің сұрақтарына жауап берді.

 

Университет ректоры Такир Балықбаев мазмұнды әңгімесі үшін министр Асхат Аймағамбетовке алғыс білдірді.

 

 

Авторы: Рая Ескендір

31.01.2020 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz