Главная /
СМИ о нас
12.03.2020 Жаңа тұрпаттағы мұғалім даярлау - уақыт талабы
Ғылым мен техника, ақпараттық технология көз ілеспес жедел қарқынмен заулап бара жатқан ХХІ ғасырда білімін дамытпаған ел жаһандық өркениет көшінен кейін қалып қоятыны жасырын емес. Сондықтан біздің елімізде білім беру жүйесін әлемдік үрдістерге сай жаңаша ұйымдастыру, реформалау бағытында нақтылы іс-әрекеттер жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Қазақстан қоғамы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап едәуір экономикалық-әлеуметтік маңызы бар реформаларды жүзеге асырып, жаңа кезеңге аяқ басты, - деп жазады республикалық "ҚАЗАҚ ҮНІ" газетінің сайты.
«Халқымыздың әл-ауқатының жақсаруымен бірге оның рухани дүниесі де жаңарып, әлемдік білім беру кеңістігінен нәр алуға қол жеткізді. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін жаңартудың басты міндеті сапалы біліммен қамтамасыз ету және білім беру жүйесінің барлық компоненттерін жеке тұлғаны қоғам мен мемлекеттің болашақ табыстарымен сәйкестендіру болып табылады», - деген Елбасымыз Н.Назарбаевтың ұстанымын басшылыққа алып, отандық білім беру жүйесін замана талабына сай жаңаша ұйымдастыру - басты назарда. Сондықтан қазіргі таңда халықты толғандыратын басты мәселенің бірі де осы білім сапасы екені анық. Ал білім сапасы мұғалімнің біліктілігі мен қабілетіне тікелей байланысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесінде сөйлеген сөзінде: «Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелді. Адам капиталына, білім сапасына қойылатын талаптар мүлдем өзгеше. Сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды. Ұлы Абай үнемі сынға алған «масылдық» қоғамқа ешқашан жақсылық әкелген емес. Соны түсінетін жастарымыз тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиіс. Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үдерістеріне әрқашан сай болуымыз керек.
Сондықтан, білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. «Жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу - бүгінгі күннің негізгі міндеті», - деген еді. Қарап отырсам Мемлекет басшысының бұл сөзі сапалы білім беру мен білікті мұғалім даярлау ісінің нақтылы бағдарламасы іспетті.
Иә, шын мәнінде, мұғалімдік кәсіпті шын жүрегімен сүйіп, оны бәрінен де жоғары қоя білетін шынайы ұстаз даярлау бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі екенінде дау жоқ. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет еліміздегі жоғары оқу орындарының қара шаңырағы әрі әдістемелік базасы болып табылатындықтан, бұл мәселе бізді бәрінен де бұрын толғандыратыны айқын. Сапалы ұстаздар даярлаудың барлық әдіс-тәсілі, тәжірибесі осы бас оқу орнынан бастау алуға тиіс. Сол себепті университет басшылығы, біздің ғалымдарымыз, профессор-оқытушыларымыз осы салада тың ізденістерге жол ашуда.
Осыдан бес жыл бұрын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университеті ректорларының бастамасымен Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің 44 педагогикалық жоғары оқу орындарының басын қосып, Еуразиялық педагогикалық қауымдастық құрылғаны белгілі. Бұл қауымдастықтың негізгі міндеті де ХХІ ғасырдың білікті педагог кадрларын даярлау мәселесін бірігіп ойластыру, бірге шешу, маман даярлаудың инновациялық технологияларын енгізу, озат тәжірибелерін ортаға салып, оны жүзеге асыру және мұғалім даярлауға байланысты ғылыми жобаларды, әдістемелерді бірге атқару болып табылады.
Еуразиялық мемлекеттер педагогикалық жоғары оқу орындары Қауымдастығының өкілдері осы бес жылда оншақты рет бас қосып, ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіп, оларда жаңа мұғалім даярлаудың жолдарын қарастырды. Біздің университет пен Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университеті, Челябинск, Омск, Новосибирск педагогикалық университеттері бірлесіп өткізген конференцияларда, форумдарда, кездесулерде сапалы педагогтар даярлау, жас ұстаздардың өз мамандықтарына деген ынта-ықыластарын арттыру, мұғалім кадрларын әзірлеу жөніндегі жаңа инновацияларды игеру туралы көптеген құнды пікірлер алмасылды. Бұл бірлескен жұмыстар бұдан былай да жалғаса береді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2019 жылғы мұғалімдердің тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде: «Білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Бұл, алдымен, мұғалімдердің біліктілігіне, оқулықтардың сапасына байланысты мәселелер», - деген болатын. Олай болса сапалы білім - сапалы маман даярлаудың кепілі екені өзінен-өзі түсінікті. «Бізге жақсы мұғалім бәрінен қымбат. Өйткені мұғалім - мектептің жүрегі» деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, мектептің нағыз жүрегі барлық талантты жастарды іздеп табу үшін біз Алматы қаласындағы ЮНЕСКО-ның білім беру жөніндегі интернационалдық орталығымен бірге бірнеше жобаны жүзеге асырудамыз.
Алдымен мектеп түлектері арасында кәсіптік бағдар беру жұмысын кеңінен өрістету арқылы өз жүрек қалауларымен біздің университетімізді таңдаған талапкерлерді анықтау үстіндеміз. Тек жаңа жылдан бері ғана университетіміздің қызметкерлерінен құрылған арнаулы топтар Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының мектептерінде болып, мектеп бітірушілерге кәсіптік бағдар беріп қайтты. Көктемге дейін республикамыздың басқа да аймақтары мен қалаларын қамтымақпыз. Бұрын «әйтеуір жоғары білім алу керек қой» деген пиғылмен ұлттық бірыңғай тестілеуден 50-60 балл жинақтаған кез-келген жас педагогикалық жоғары оқу орындарына түсе салатын.
Алайда ұстаздықты шын жүрегімен қаламай кездейсоқ келген сол жастардың басым көпшілігі диплом алған соң басқа жұмыстарға кетіп қалды да, соның салдарынан елімізде мұғалім тапшылығы әлі сезіліп отыр. Әсіресе, ауыл мектептерінде мұғалім жеткіліксіз. Сол себепті, мұғалім мамандығын «көлденең көк атты» жөнсіз иемденбеу үшін биылдан бастап педагогикалық жоғары оқу орындарына ҰБТ-дан ең кемі 70 балл жинақтаған мектеп түлектері қабылданатын болды. Оның үстіне педагогикалық мамандыққа деген жастардың ынтасын анықтау үшін әңгімелсесу жұмыстары жүргізілмек. Желтоқсан айында қабылданған Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңы да педагогтік мамандық пен қызметтің жауапкершілігін арттыра түсті.
Осы заңның ең бірінші бабында: «Педагог - педагогтік немесе тиісті бейіні бойынша өзге де кәсіптік білімі бар және білім алушыларды немесе тәрбиеленушілерді оқыту мен тәрбиелеу, қолдау, ұйымдастыру бойынша педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыратын адам», - делінсе, бұл тұжырым мұғалім кәсібінің қаншалықты күрделі екенін анықтап тұрған сияқты. Олай болса, жас ұрпақ алдындағы осыншама жауапкершілікті мойнына ала алатын болашақ мамандарды дұрыс таңдап алу - біздің басты міндетіміз.
Жаңа оқу жылында оқу орнымыз осылайша жаңа лекпен толықты делік. Ал енді оларды оқуға ынталандыру, жаңаша оқыту, жаңа инновациялық технологиялар бойынша білім беру арқылы ғана сапалы маман даярлауға болады. Ғылыми-техникалық прогресс шырқау шыңына шығып, адамзаттың ақыл-ойы мен қабілеті шексіз дамыған, электронды құралдар мен ғаламтор арқылы әлемдік ақпараттар тасқыны өршіп тұрған, цифрлық технология қарыштаған қазіргі кезде оқытушының еңбегі де күрделеніп, қиындай түскені мәлім.
Қазіргі жастардың компьютерлік электрондық техниканы игеру қабілеті аға ұрпақтан едәуір жоғары. Сондықтан болашақ педагогтарды даярлаумен айналысатын профессор-оқытушылар жан-жақты ізденіп, біліктіліктерін жоғары деңгейге көтермесе өз шәкірттеріне сапалы білім бере алмайтыны жылдан-жылға айқындалып келеді. Осыған байланысты біздің университетімізде профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін көтеруге ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы, 2018-2019 оқу жылында біздің 159 оқытушымыз республикалық «Өрлеу» ұлттық біліктілікті жетілдіру орталығында курстардан өтсе, университет базасында ашылған «Қысқы және жазғы» мектептерде 200-ге жуық ұстаздарымыз оқыды.
«Қысқы мектебіміз» «Педагогикалық білім: болашақ дағдыларды», «Жазғы мектебіміз» «Педагогикалық білім берудің қазіргі трендтері» курстары бойынша дәрістер циклдарын ұйымдастырды. 2019-2020 оқу жылының «Қысқы мектебінде» профессор-оқытушыларымыз «Педагог мәртебесі туралы» Заң мен мұғалім даярлаудың өзекті мәселелері бойынша дәрістер тыңдады. «Ұстазы жақсының - ұстанымы жақсы» дегендей, маман даярлайтын ұстаздарымыз әлеуетті болса, олардың шәкірттері де нағыз кәсіби мұғалімдер болып шығатыны сөзсіз.
Сондай-ақ, біздің университетіміздегі тағы бір тың бастама - дуальды оқыту бағдарламасы. Бұрын бізде бітіруші курс студенттері оқу бағдарламасында көрсетілгендей 2 апталық немесе екі айлық педагогикалық практикадан өтуге міндеттеліп келсе, жаңа дуальды оқыту бағдарламасына сәйкес студенттеріміз жыл бойы мектеппен тікелей байланыста жұмыс істейді әрі оқиды. Бітіруші курс студенттері аптаның дүйсенбі және сенбі күндері университетте дәріс тыңдаса, сейсенбі мен жұма аралығында орта мектептерде педагогикалық практикада болады.
Бұл студенттеріміз университетті тәмамдағанда мектеп бағдарламасымен толық танысып, орта білім беретін мектептерге дайын мұғалім болып барады деген сөз. Жыл бойы педагогикалық практика кезінде студент өзінің педагогикалық қабілетін жаңа ұжымға таныта алады. Егерде осы аралықта ол өзінің ұшқыр білімі мен озық тәжірибесі арқылы мектеп ұжымының көңілінен шықса, сөз жоқ сол жерде ары қарай еңбек етуге мүмкіндік алады. Орта мектептерде енгізіліп жатқан жаңа бағдарламаларды біздің студенттеріміз де еркін меңгеруі үшін қолға алынып отырған дуальды оқыту бағдарламасы сөз жоқ оң нәтиже берері анық.
Біз студенттермен қатар университетіміздің профессор-оқытушылар құрамын да биылдан бастап осы бағдарлама аясында жалпы білім беретін орта мектептерде 30 сағат көлемінде жұмыс істеу немесе тәжірибе бөлісу жұмыстарын атқаруға міндеттеп отырмыз. Бұл бастама да оқытушыларымыздың мектептермен тікелей байланыс орнатып, маман даярлауда қазіргі мектеп сұранысына сай жұмыстар жүргізуі керек деген мақсатта атқарылуда. Қаңтар айында өткен «Қысқы мектеп» шеңберінде бұл бағдарламаның жетістіктері мен кемшіліктері туралы жан-жақты сөз болды.
2019 жылдың 22 қарашасы күні «Мансап» орталығының ұйымдастыруымен «Еңбек нарығындағы сұраныстар» тақырыбында «Жұмыс беруші - 2019» форумы болып өтті. Форумға біздің университеттің басшыларымен қатар Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің сарапшы маманы Айжан Шадырова, Алматы облысы білім басқармасының бұрынғы басшысы Дәурен Жүнісов, Жетісу аудандық білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсаинова, Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы Ағайша Амирова қатысып, бүгінгі таңдағы жұмыспен қамтуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Форум барысында студенттер мен жұмыс берушілер еркін пікір алмасты. Бұл аталған форум біздің түлектеріміздің маман болып қалыптасуына толық мүмкіндік берері анық.
Біз жаратылыстану бағытындағы оқу дәрістерін ағылшын тілінде жүргізу топтарын жыл сайын ұлғайтып келеміз. Осыған байланысты биылғы оқу жылының басында университетіміздің 80-ге жуық оқытушысы ағылшын тілінен тест тапсырып, өз жетістіктерін көрсетсе, қысқы сессияда да осы жұмыстарды жалғастырдық. Ал жаз айларында оқытушыларымыздың Ielts, «Toefl» бағдарламасы бойынша білім көрсеткіштерін сараптау жоспарлануда. Сондай-ақ, 7 жас оқытушымыз осы оқу жылында Абылайхан атындағы Әлем тілдері университетіне таза ағылшын тілі бағыты бойынша оқуға түсті.
Ал университетіміздегі мемлекеттік аттестация құрамына білікті мамандар тартылып, мектептерде жұмыс жасайтын білікті әдіскерлер жұмысқа шақырылды. 30-ға тарта профессор-оқытушыларымыз ағылшын тілі курстарында қосымша білімін шыңдап жатса, болашақта магистратураға және Phd докторантураға түсуге ниет білдіруші 80-ге жуық жастарымыз да университетіміздің жанынан ашылған ағылшын курстарында білімін жетілдіруде.
Университетімізде бакалавриаттың, магистратураның және PhD докторантураның жаңартылған инновациялық бағдарламаларын жобалау мен жүзеге асырудың тиімді жүйесі қалыптасқан. Біздің осындай 60-қа жуық білім бағдарламамыз. ASIIN, ACQUIN (Германия), HKAOKO, NAAP (Қазақстан) агенттіктерінде аккредиттеттеуден өтті. Педагогтар даярлау үшін жұмыс берушілердің қатысуымен бакалавриат, магистратура және PhD докторантура деңгейлері бойынша 124 жаңа білім беру бағдарламалары әзірленді. Олардың бәрі де талқылаудан, сараптамадан өтіп, Білім және ғылым министрлігінің Реестріне енгізілді.
Аталған білім бағдарламаларының бәрінде инклюзивтік педагогика, критериалдық бағалау, арт-білім беру, тереңдетілген тіл дайындығы, сыни ойлау, ұлттық патриоттық тәрбие сияқты педагогикалық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған пәндер қамтылған. Сексен екі білім бағдарламасы «Minor» қосымша траекториясы бойынша дайындалса, оның 60-ы бакалавриатқа, 14-і магистратураға, 4-і PhD докотрантураға арналған бағдарламалар. Олар: «Major»+«Minor» білім бағдарламалары; «Арнаулы педагогика және Арнаулы мектепке дейінгі педагогика», «Информатика» және «Информатика мен работотехника», «Тарих және цифрлы тарих», «Музыкалық білім» және «Хорды дирижерлеу», «Педагогика және бастауышты оқыту әдістемесі» + «Инклюзивті білім беру» пәндерін қамтиды.
«Major» + «Minor» білім бағдарламалары университет түлектерін жұмысқа орналастыруға, ЖОО мен студенттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, білім сапасы мен оның тиімділігін жақсартуға, университеттің халықаралық беделін көтеруге ықпал етеді. «Minor»-дың артықшылығы: пәнаралық және университет түлектерінің құзреттілігін кеңейтуге, жұмыс берушілердің қызығушылығын арттыруға ықпал етуінде. Ал мамандық пәндерінің оқу-әдістемелік материалдармен, оқулықтармен және әдістемелік құралдармен толық қамтамасыз етілуі де сапалы маман даярлауға жол ашуда.
Еліміздегі педагогикалық ЖОО-ның білім беру және ғылыми-әдістемелік орталығы ретінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қызметі орта білім мазмұнын жаңарту және мұғалімнің кәсіптік құзыреттілігіне жаңа талаптар қойылып отырған жағдайда педагог даярлауды жетілдіруге бағытталуда. Мұғалім даярлаудың өзектілігін арттыру мақсатымен 187 пәннің мазмұны жаңартылды. «Педагогикалық өлшем», «Адаптацияланған инклюзивті білім беру ортасын құру» «Community Service», «Білім берудегі менеджмент және электрондық құжаттама» сияқты жаңа оқу пәндері енгізілді.
«Информатика», «Физика», «Химия», «Биология», «Химия-билолгия», «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу», «Физика - информатика» пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдер даярлаудың білім бағдарламалары іске қосылды. Бізде STEM- білім беру, тіл мен пәнді GLIL бойынша шоғырландырып оқыту технологиясы, SMART - мақсат қою әдістемесі, коллаборативті ортада диалогты оқыту сияқты оқытудың жаңа әдістемесі мен технологиялары енгізіліп отыр. Білім алуға бағытталған инновациялық қатынастарды енгізе отырып, біздің студенттеріміз кәсіптік тәжірибелік құзыреттілікке ие болады.
Білім сапасын арттыру мақсатымен оқу үдерісі кезінде халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылып жүрген жаңа бағдарламаға ерекше серпін берілуде. Бізде STEM - білім беруді жүзеге асыру үшін «Педагогикалық STEM-парк» жұмыс істейді. Оның қызметі студенттердің зерттеушілік және конструкторлық жұмыстарын жүргізуге жағдай жасау, техникалық-шығармашылыққа, бағдарламалар жасауға, робототехника мен мехатроника бойынша үйірмелер ұйымдастыруға, студенттер мен мектеп оқушыларын олимпиадалар мен конкурстарға дайындауға, олимпиадалар мен конкурстар өткізуге көмек көрсетумен айналысады.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті еліміздегі педагогикалық білім беру жүйесінің ғылыми-білім беру және әдістемелік орталығы ретінде педагогикалық білім беру мен педагогикалық ғылым саласында арнаулы инновациялық жобаларды жүзеге асырады, республиканың білім беру ұйымдарына ғылыми-әдістемелік көмек көрсетеді және шығармашылық қолдау жасап отырады. Университеттің оқу әдістемелік ОӘК РОӘК орталығы Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясымен және Назарбаев зияткерлік мектептері мен бірге «Педагогикалық профильдегі білім бағдарламаларына жаңартылған орта білім мазмұнын шоғырландыру» тақырыбында семинар өткізді.
Білім мазмұнын жаңарту, болашақ педагогтарды жаңаша даярлау ісі де біздің университетімізден бастау алып отыр. Білім беру саласындағы айрықша жаңалықтардың бірі - оқушы білімін критериалды бағалау бойынша сараптау дейтін болсақ, критериалды бағалау жүйесіне ең маңызды нәрсе - оқушы өзін-өзі бағалауды үйреніп, өз білімінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп, әрі қарай қалай даму керектігін түсінеді, яғни бұл жүйеде оқушының қалай жұмыс жасағаны, пәнді қалай игергені, ой-өрісі бағаланады. Сондықтан болашақ мұғалім университет қабырғасында осы критериалды бағалау жүйесін ойдағыдай игеріп шығуы үшін күш жұмсаудамыз.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында Білім беру сапасын жақсарту мәселесін қайта көтергені белгілі. Бұл мұғалім даярлауды әлемдік үдерістерге сай жүзеге асыруды талап ететіні белгілі. Осыған байланысты біздің университетіміздің бүкіл профессор-оқытушылары педагог кадрларын әзірлеуді жаңаша ұйымдастыру жолында құлшына еңбек етуде.
Авторы: Такир Оспанұлы Балықбаев, 12.03.2020 ж. Ақпарат көзі: bilimdinews.kz
|