қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
11.05.2020

Төтенше жағдайдағы мемлекеттің саясатын ел азаматтары қолдайды

 


 

Пандемиямен күрес әлемдік деңгейде жүріп жатыр. Бұл індетке қарсы біздің Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаев тарапынан жүйелі де қомақты да саясат қолға алынғаны баршамызға мәлім. Осы үлкен жұмысты айтып өтуіміз абзал. Жасыратыны жоқ, басшылық дер кезінде төтенше жағдайды жариялап, оқшаулану саясатын енгізу арқасында вирустың Қазақстанда жаппай таралуының алдын алып отыр, демек елдің тұрақтылығын сақтап отыр десек қателеспейміз. Дағдарысқа қарсы төтеп беру үшін бөлінген қомақты қаражаттың бөлінгендігі қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын сақтап қалуға үлкен септігін тигізді.

 

Карантиннің кесірінен жұмыссыз қалған және әлеуметі төмен 4,2 миллион адам 42 500 тенге мөлшерінде ақылай көмек алды. Бұл көмек әлі де жалғасын табады. Карантин кесірінен қиындыққа тап болған кәсіпкерлердің несиесін қайтару мерзімі кейінге шегерілгендігі, оларға оң септігін тигізетін арнайы Қарапайым заттар экономикасы атты бағдарламасының қаржысы 1 триллион теңгеге көбеюін де ерекше атап кетуіміз керек. Себебі аталмыш қаражат жаңа жобаларды қайта қаржыландыруға, жеңілдік шарттарымен несие беруге жұмсалады. Ал, зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне еңбекақы төлеу қорының міндетті төлемінен алты айға босатылғандығы да үлкен көмек емес пе?

 

Індетпен күрестің алдыңғы майданында қалған дәрігерлер қауымдастығы үшін жасалып жатқан көмекті де айтып өту керек. Дәрігерлер қауымдастығына бөлінген қаражат пен арнайы заң өзгерістері бұл саладағы отандастарымыз үшін нақты бір көмек бола алады. Індетпен күреске тікелей қатысып жүрген дәрігерлерге тиісті үстемеақы төленуде екендігін білеміз, бұл дәрігерлер қауымдастығы үшін көрсетілген көмектің басы ғана. Жақын болашақта медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру, оларға берілетін әлеуметтік кепілдік аясының кеңейтілуі, жалпы ынталандыру жүйесі қарастырылып жатыр, жақын арада қоғамға ұсынылатын болады.

 

Жақында ғана елордасында тез арада салынып, іске қосылған модульдік аурухана туралы да айтып кету жөн. Екі апта ішінде салынған бұл аурухана еліміздегі індетке қарсы қолға алынған шаралардың қаншалықты жүйелі түрде қолға алынғандығын көрнеки мысалы. Тағы да айта кететін нәрсе - доллар тапшылығына жол бермеу үшін де биліктің өзекті саясат жүргізіп отырғандығы. Мемлекет басшысы бұл саладағы саясатты дұрыс жүргізіп келеді деуге болады. Мысалы, квазимемлекеттік секторға экспорттан түсетін табыстың бір бөлігі ішкі нарықта сатылуы қолға алынуда және шетел валютасындағы депозиттер еліміздің қаржы жүйесіне қайтарылады деп күтілуде. Бұл Қазақстан экономикасының алдағы уақытта індет туғызған қиыншылықтарғы қарсы төтеп беруін қамтамасыз ететін шаралар екендігін көпшілік біле бермейді. Алайда, мамандар бұл туралы хабардар.

 

Жалпы, біздің халық оқшаулануға тез бейім екендігін, қоғамдағы жаңа үрдістерге әзір екендігін көрсетті. Бұған мысал ретінде мектептегі бүлдіршіндерден бастан универсиет студенттері мен офисте жұмыс істейтін адамдардың бәрінің жаппай он-лайн жүйесіне бірден көшуі айғақ бола алады. Карантинге дейін осылай жаппай онлайнға көшу үдерісі туралы ешкім ойламап еді, алайда қысқа уақыт ішінде қажеттіліктен туған бұл кенет өзгеріс біздің қоғамымыздың өзгеріске дайын екендігін көрсетті. Демек, бұл біздің еліміздің өзгеріске толы дүниенің есігін одан әрі ашуға дайын екендігін меңзейді.

 

 

Автор: Мұхит Асанбаев,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық
университеті философия кафедрасының профессор ізденушісі

11.05.2020 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz