қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
25.05.2020

Қашықтан оқытуды ұйымдастырудағы өзекті мәселелер


2020 жылдың 20 мамырында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Педагогика және психология институты, «Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика» кафедрасының ұйымдастыруымен «Қашықтан оқытуды ұйымдастырудағы өзекті мәселелер» тақырыбында республикалық онлайн-конференция болып өтті. Онлайн-конференция жұмысын университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Асан Адасбекұлы Сәтмұрзаев ашып, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты университеттегі онлайн бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.

 

Асан Адасбекұлы өз сөзінде әлемді жайлаған індет, университеттің стратегиялық бағыттағы межелі міндеттерінің шешілуіне бөгет бола алмағанын айтып, цифрлық технологияны меңгерудің артықшылықтары мен оңтайлы жолдарын таныстырып өтті. Сонымен қатар онлайн-конференцияның модераторы «Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика» кафедрасының меңгерушісі Қыяқбаева Ұлбосын Қозыбайқызы конференция спикерлерімен таныстырды.


Аталған спикерлер қашықтан оқытуды ұйымдастыру мәселесіне қатысты ой-пікірлерімен, тәжірибелерімен бөлісіп, өте пайдалы білім алмасулар болды. Мәселен, ғылыми-теориялық тұрғыдан п.ғ.д., профессор С.Н. Жиенбаева «Білім берудегі цифрлық педагогиканың мәселелері» тақырыбындағы баяндамасында бүгінде ғылыми айналымға еніп отырған «цифрлық педагогикамен» қатар, «цифрлық педагог», «цифрлық бала» сияқты жаңа терминдер пайда болғанын және ұрпақ тәрбиесі теориясы негізінде қалыптасқан үш түрлі ұрпақ мәніне (Х, У және Z) тоқталып, бұл аталған мәселе бүгінгі таңдағы үлкен зерттеудің объектісіне айналуы тиіс дегенді алға тартты. Сондай-ақ, жоғары педагогикалық мектепке цифрлық педагогиканы жаппай енгізудің ғылым ретіндегі міндеттеріне, цифрлық білім беру үдерісін құру қажеттілігін туындататын факторларына, цифрлық педагогика өкілдері кімдер деген сияқты мәселелерді білім беру бағдарламаларына ендіру, осы бағыттағы пәндердің сағатын көбейту, мазмұнын өзгерту, яғни силлабустар мен ОӘК-тің өзгеретіндігі туралы тамаша ғылыми негізделген ойларымен бөлісті. Бұл баяндаманың құндылығы, бүгінгі ғалымдар үшін зерттелуі тиіс жаңа идеялар ұсынып отыр.

 

Ал И.А. Оралқанованың ұсынған «Қашықтан оқыту жағдайында жаңа цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктері» туралы ойлары практикалық маңыздылығы тұрғысынан конференцияға қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Спикер білім берудегі трендтерге, цифрлық сауаттылық мәселесіне тоқтала келе, кәсіби іс-әрекетті ұйымдастыруға көмектесетін құралдар, цифрлық оқу материалдарын құруға, яғни оқу материалдарын қандай форматта беруге болатындығына, интерактивті сабақ өткізуге және оқу нәтижесін бағалауға қатысты цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесімен бөлісті. Жалпы бұл конференция түрлі сұрақ-жауап алмасулармен тартымды өтті.

 

   

 

   

 

   

 

Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасы