Главная
Новости
19.06.2020 «Қашықтықтан оқыту форматында студенттердің бос уақытын ұйымдастыру» онлайн-семинары
18 маусым күні Біліктілікті жетілдіру және қашықтықтан оқыту орталығымен ұйымдастырылған «Жаңа реалиядағы қашықтықтан білім беру: мәселелер, шешу жолдары» жазғы мектеп аясында Тәрбие департаментінің бастамасымен тәрбие жетекшілеріне арналған «Қашықтықтан оқыту форматында студенттердің бос уақытын ұйымдастыру» онлайн-семинары өтті.
Семинар жұмысын Тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Жанатбек Ішпекбаев ашып, қашықтықтан оқыту үдерісі барысында соңғы үш айда университетімізде жастар арасында онлайн форматында ұйымдастырылған шараларға тоқталып өтті. Төтенше жағдайға қарамастан университет жастары қашықтықтан білім алуларымен қатар әлеуметтік желілерде белсенділіктері арта түскендігін атап айтты.
Семинар спикерлері Университеттің даумына психологиялық қолдау орталығының директоры Жәмиля Намазбаева, Педагогика кафедрасының профессоры Айман Берікханова, Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Руслан Сейтқазиев өз кезегінде ақпараттық-психологиялық қауіпсіздік, болашақ педагог тұлғасын қалыптастырудың тетіктері, киберкеңістік, жастардың әлеуметтік белсенділіктерін артыру мәселелері төңірегінде мазмұнды баяндамалар жасап, ойларын ортаға салды.
Семинарға 80-ге жуық тәрбие жетекшілері қатысып, спикерлерге тұлғаны тәрбиелеу, жастардың азаматтық жауапкершіліктерін арттыру мәселелері бойынша сауалдарын қойып, жан-жақты жауаптарын алды.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар тарапынан жастарға әлеуметтік-психологиялық көмек, тәрбие жұмысын ұйымдастырудың ұтымды тұстары бойынша бірқатар ұсыныстар берілді.
Қорыта айтқанда, университет ректоры Такир Балықбаевтың бастамасымен 2018 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан қысқы және жазғы мектептер университет қызметкерлері мен оқытушылар құрамына өз бетінше білімдерін жетілдіруге септігін тигізіп келетіндігі анық.
Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департамент
|