қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
22.06.2020

ҰБТ-2020: Алматыда тестілеудің екінші күнінде 35 оқушы аудиториядан шығарылды

 



Алматыда Ұлттық бірыңғай тестілеудің екі күнінде 425 түлек тест тапсырды

 

Алматыда Ұлттық бірыңғай тестілеудің екінші күнінде 425 түлек тест тапсырды. Өкінішке қарай, 35 оқушы ҰБТ талаптарын бұзғаны үшін аудиториядан шығарылған.

 

Емтихан кезінде карантин талаптары қалай сақталып жатыр? Жалпы қалада мектеп бітірушілердің биыл неше пайызы ҰБТ-ға қатысады? Almaty.tv тілшісі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогоикалық университетінде өткен емтихан барысын бақылап қайтты.

 

Бұл - Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті. Бүгін тест тапсырушы түлектердің саны әдеттегіден үш есе аз. Бары 200-ден аса талапкер. Оған себеп қатаңдатылған карантин талаптары.

 

Тест тапсыру залына кірмес бұрын түлектер санитарлық норма бойынша 5 кезеңнен өтеді. Алдымен дезинфекциялық тоннельден өтіп, арнайы кілемшеде аяқ-киімдерін залалсыздандырады. Ал ғимарат дәлізінде дене қызуы өлшеніп, қолына антисептік шашады. Сондай-ақ, талапкерлерге жаңа бетперде беріледі. Мәселен, былтыр бір аудиторияда орташа есеппен 50 оқушы отырса, биыл олардың саны 10-18-ге дейін қысқартылған. Ал дәрісхана ішіндегі парталардың арасы 2 метрден қойылыпты.

 

«Биыл бізде 15 аудиториямыз бар. Сол 15 дәрісхананың барлығы санитарлық-эпидемиялық талаптардың номативтерін сақтады. Балалардың барлығын арақашықтықпен отырғызады. Сыртқы дезинфекциялау жұмысы да атқарылады», - деді Абай атындағы ҚАЗҰПУ оқу ісі жөніндегі проректоры Асан Сәтмырзаев.

 

Дегенмен, карантин талаптары деген болмаса түлекті тексеріп кіргізуде аса өзгеріс болмады. Керісінше есептегіш құрал пайдалануға рұқсат берілген екен. Ал, тестілеуге берілетін уақыт төрт сағатқа дейін ұзартылған.

 

«Осы жыл түлектерге ыңғайсыз жыл болғанымен, осы ҰБТ-дан жақсы жол ашылады деп үміттенемін. Сыныптастарыма, барша ҰБТ тапсырайын деп жатқан түлектерге тек қана сәттілік тілеймін», - деді Б. Момышұлы атындағы № 131 мектеп-лицейінің оқушысы Аягөз Жарылқасын.

 

Білім майданында бақ сынаған баласына ата-ана көңілі де алаңдаулы. Олардың сөзінше биылғы түлектер індет салдарынан мұғалімдермен тыңғылықты дайындала алмаған.

 

«Биылғы жылы өзі өзгеше болды. Қиындықтар болды. Себебі мектепте мұғалімдермен тікелей байланысып, онда дайындала алмады. Үйде болып, онлайн дайындық жасады», - деді ата-ана Ермек Абдукалиев.

 

Айта кетейік, биыл Ұлттық біріңғай тестілеуге еліміз бойынша 131 мыңнан астам түлек қатыспақшы. Бұл былтырғыдан 12 пайызға артық. Ал, осы жылы Алматыда 14 972 оқушы емтихан тапсырады.

 

 

22.06.2020 ж.

Ақпарат көзі: almaty.tv