«ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІНІҢ» БОЛАШАҒЫ - ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕДЕ
(Абай атындағы Қаз ҰПУ-де өткен республикалық кеңестен)
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны, қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Қазақ тілі және ұлттық тәрбие» тақырыбында республикалық кеңес болып өтті. Бұл жиынға Республикамыздың 18 Жоғары оқу орындарының, ҚР ұлттық білім беру академиясының, педагогикалық ғылымдар академиясының, ҚР ҰҒА А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының ғалымдары, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстары мен Алматы қаласының білім беру басқармаларының өкілдері қатысты.
Осынау салиқалы жиынның бұл оқу орнында өткізілуінің де өзіндік себебі бар. Біріншіден, Абай атындағы ҚазҰПУ Қазақстандағы педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысы, ғылыми-әдістемелік орталығы болса, екіншіден, елімізде ең бірінші болып осы оқу орнында студент-жастарға ұлттық тәрбие беру идеясы өмірге келіп, оқу үдерісіне «Ұлттық тәрбие» пәні енгізілді, ал, үшіншіден, Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға байланысты оқу үдерісіне «Мәңгілік Ел» пәнін енгізу туралы мәселе көтеріліп, бұл пәнді оқытудың тұжырымдамасын жасап, республика ЖОО-на арнап «Мәңгілік Ел» оқулығын өмірге әкелген де осы ҚазҰПУ.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен «Қазақ тілі және ұлттық тәрбие» тақырыбындағы республикалық кеңестің мақсат-міндетін осы жиынды ашқан Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Гүлзат Ізбасарқызы Көбенова әдемі ашып көрсетті. «Бұл кеңестің мақсаты - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысы Н. Ә. Назарбаевтың «Ұлы Дала Елі» идеясын Қазақстан халқы және өскелең ұрпақ арасында жаппай насихаттау және түсіндіру, сондай-ақ, жоғары оқу орындары студенттеріне қазақ тілінің өзектілігі мен ұлттық тәрбиенің маңыздылығын жеткізу»,- деді ол.
Иә, кеңес барасында айқындалғандай, мемлекет басшысының Қазақстанды «Ұлы Дала Елі» деп атау туралы идеясы бүгінде бүкіл елімізде толық қолдау тауып отыр. Тамырын тарихтың тереңінен тартып жатқан бұл идеяның бастау көзі - түркі жұртының даңқты көсемдері Білге мен Күлтегін қағандар тасқа қашап жаздырған көне шежіре-жазбаларда жатыр. Сондықтан бірнеше ғасырды артқа тастап бүгінге жеткен, жаңа дәуірдің ізгі мұраттарымен үндескен осы «Ұлы Дала Елі» идеясы отандық білім беру саласын жетілдіруге берік тұғыр болуы қажет.
Бұл мәселе қаншалықты маңызды болса, оқу, оқыту жүйесінде дәстүр мен жаңашылдықты заманауи талаптар негізінде өзара бірлікте, тұтастықта сабақтастыру да соншалықты мәнді.
Ата-бабалар тұжырымына жүгінсек, тіл - ұлттың ұйытқысы, тәрбие - елдіктің негізі. Олай болса, Президенттің «Ұлы Дала Елі» идеясы аясында қазақ тілі өркен жайып, ұлттық тәрбие жандануы керек.Өйткені Ұлы Дала елінің ертеңгі тағдыры тілін қадірлейтін, дәстүрін дәріптейтін, тәрбиесі текті жас ұрпақтың қолында. Сол себепті де бүгінгі кеңестің «Қазақ тілі және ұлттық тәрбие» тақырыбына арналуы бекер емес.
Әлемде өзін дербес мемлекет, тәуелсіз ел ретінде мойындатқан Қазақстанның имиджін қалыптастыру мақсатындағы бұл идеяны еліміздің үздіксіз білім беру жүйесінде жүзеге асырудың бағытын нақтылап, бағдарын белгілеу - басты міндет. Сондықтан бүгінгі кеңес барысында білім беру саласында қазақ тілі мен ұлттық тәрбиенің сабақтастығын тереңдетудің маңызы ғана сөз етілмей, оның нақты жолдары да айқындалды деуге толық негіз бар.
Ғабит Мүсірепов айтқандай, «Тіл-халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі». Бұл, әсіресе, қазіргідей жаһандану өріс алған қоғамда өткірлене түсуде. Сондықтан да Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясында тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі бекер емес. Бұл құжатта ел келешегінің кемелділігіне тұғыр болар аса маңызды идея көтерілді. Ол - «Мәңгілік ел болу» идеясы. Бұл идеяны жүзеге асырудың тегеурінді тетігі де көрсетілді. Ол - мемлекетшілдік рух қалыптастыру туралы тұжырым. Оның қозғаушы күші- мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудің алғы шарты - ұлттық интеллигенцияның тілге саналы көзқарасы мен жауапкершілігін күшейту. Ұлт болашағына қызмет етудің бірден-бір көрсеткіші де, Қазақ мемлекетінің іргетасын берік бекітудің дәлелі де ұлт зиялыларының мемлекеттік тілге, ұлттық тәрбиеге оң қатынасы екендігі тайға таңба басқандай айқын болып отыр. Стратегияда тіл тағдыры мемлекетшілдік рух мәселесімен бірге өріліп, біте қайнасатыны дәйектелді. Өйткені рухы әлсіз ел өзге түгіл өзін билей алмайтыны - қапысыз ақиқат. Тіл ғана ел рухының тірегі болатынын, тіл мен тәрбиенің тұтастығы ғана шынайы патриот ұрпақ өсірудің бірден-бір кепілі екенін адамзат тарихы әлденеше рет дәлелдеді. Сондықтан Ұлы Дала төсінде тәуелсіздігімізді баянды етіп, өзгелерді өзімен санастыра алатын айбынды жұрт болудың бағыттарын бағамдап, оны жүзеге асырудың жолын іздеу - міндет, табу - мұрат.
Осындай мемлекеттік маңызы зор мәселенің Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінде көтерілуі де кездейсоқ емес.
Бұл университет - ел болашағын тәрбиелейтін педагог мамандарды, ана тілі мен ата тәрбиесін жас ұрпақтың санасына сіңіретін ұлт зиялыларын даярлайтын көшбасшы білім ордасы.
Кеңесте Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Серік Жайлауұлы Пірәлиев, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Әбдімәлік Нысанбаев, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Асқарбек Құсайынов, Ахмет Байтұрыснов атындағы Тіл білімі институты Лексикология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.А. Манкеева, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Фаузия Шәмсиқызы Оразбаева, Абай атындағы ҚазҰПУ Интелектуалды ұлт қалыптастыру ҒЗИ директоры, профессор Марат Алмасайұлы Нуриев, осы оқу орнының жалпы университеттік пәндер кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдырының докторы, профессор Қорлан Қабыкенқызы Жампейісова, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреты, география ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Әлия Сәрсенқызы Бейсенова сияқты еліміздің қайраткер ғалымдары, білікті ұстаздары мен педагог мамандары баяндама жасаған бұл кеңесте «Мәңгілік Ел» және «Ұлы дала елінің» болашағы қазақ тілі мен ұлттық тәрбиеге байланысты екені туралы өрелі пікір, ұтқыр ойлар айтылып, дәйекті тұжырымдар мен нақты ұсыныстар жасалды.
Баспасөз орталығы