Ұстаздар ұстаханасы «Цифрлық еріктілер» жобасын қолға алды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Еріктілер жылы деп жариялағаны белгілі. Ал, қазір еріктілер карантин жағдайында талай игі шаралардың басы-қасында болып, толымды жұмыстар атқарып, белсенділік танытып келеді. Осылайша, егемен елдің еріктілері қазіргі коронавируспен күресте де халқымен бірге екенін дәлелдеп жүр. Солардың қатарында 90 жылдық тарихы бар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің де еріктілер тобы барын бұрнағы күндері сайтымызда жазғанымызды көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Ұлы Абай есімін иеленген ұстаздар ұстаханасы енді тағы бір тың бастама - «Цифрлық еріктілер» жобасын қолға алыпты. Бұл туралы бүгін, 4 тамызда университет ректоры Такир Балықбаев өзінің Facebook парақшасында жазды.
Ректордың жазбасынан байқағанымыздай, аталған жоба қашықтан оқыту үдерісінде (аралық және қорытынды аттестация, қорытынды мемлекеттік емтихандар мен магистерлік диссертацияларды және дипломдық жұмыстарды қорғауды ұйымдастыру) оқытушылар мен студенттердің интернет пен цифрлық технологияларды дұрыс қолдануын қамтамасыз ету үшін құрылған. Ұстаздар ұстаханасының тест орталығы әзірлеген «Цифрлық еріктілер» жобасында 70-ке жуық адам жұмыс жасайды, олар - цифрлық сауаттылық деңгейі жоғары оқытушылар мен қызметкерлер, Математика, физика және информатика институтының білім алушылары және қоғам белсенділері.
Әрине, жаңа істі бастар алдында оған тыңғылықты дайындық керек. Бұл тұста ректор жоба аясында көптеген жұмыстың атқарылғанын жазды. Мысалы, Адалдық кодексін сақтау үшін аралық және қорытынды аттестаттау барысында «Адалдықты мұра еткен Ұлы Абай» тақырыбында «Адалдық сағаты» бейнеролигі таратылып, сессия алдында студенттермен, магистранттармен дайындық жұмыстары жүргізілген екен. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, «Мектеп - Колледж - Жоғарғы оқу орны» республикалық оқу-әдістемелік вебинары онлайн режимінде өткізіліп, онда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті орта және жоғары оқу орындарымен қашықтан оқыту саласында тәжірибе алмасуға қатысты. Үшіншіден, қашықтан оқыту процесінде оқытушылар мен студенттердің цифрлық сауаттылығын арттыру және оны бағалау мақсатында «QR-код негізіндегі электрондық цифрлық қолтаңба», «Веб-конференция ұйымдастыру», «Онлайн-құжаттар», «WhatsApp-ты компьютерге орналастыру» және т.б. бейнероликтер әзірленіп, Касперский зертханасы әзірлеген ақпараттық қауіпсіздік дағдылары және базалық цифрлық сауаттылық бойынша бейнесабақтар, Microsoft әзірлеген вебинарлар туралы флаерлер таратылды. Төртіншіден, шығармашылық емтихандарды қабылдауға арналған түрлі нұсқаулықтар мен инфографикалар дайындалды және онлайн құжат қабылдауға байланысты жасалған Telegram-боттарды таратуға өз үлестерін қосты.
«Қашықтан оқыту үшін жағдайлар барынша жасалады, жоба бойынша жұмыстар көбейеді. Бұл біздің университеттің оқытушылары мен студенттеріне үлкен қолдау», - деп жазды Такир Оспанұлы.
Тыңғылықты дайындықтан өткен, яғни «жеті рет өлшеп, бір рет кесілген» кез келген бастама аяқсыз орта жолда қалмайтыны рас. Өйткені, жүйелі жұмыстың соңы нәтижелі болады. Ал, ұстаздар ұстаханасы қолға алған бұл «Цифрлық еріктілер» жобасының сәтті жүзеге асатынына еш күмән жоқ.
04.08.2020 ж.
Ақпарат көзі: qazaq1913