Главная /
СМИ о нас
10.08.2020 Абайға құрмет - ұлтқа құрмет
Үкіметіміздің 10 тамызды Абай күні деп жариялауы, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға бұл жөнінде тиісті толықтыру енгізу туралы қаулы қабылдауы, енді жыл сайын 10 тамыз - Абай күні ретінде мерекеленетіні туралы хабар бүкіл қазақ елі сияқты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымын да зор қуанышқа кенелтті. Өйткені Абайға құрмет - бұл жеке тұлғаға емес, бүкіл қазақ халқына, қазақ руханиятына көрсетіліп отырған құрмет деп білуіміз керек.
Президент Қ.Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласында: «Шынында да, дана ақын шығармалары тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласының рухани өмірін жан-жақты байыта алады. Өйткені Абай туындыларының мазмұны жалпыадамзаттық құндылықтарға толы. Оның қара сөздері - әлем халықтарының ортақ қазынасы. Бұл - классикалық үлгідегі өнегелі ойлар» деген сөзі көп жайды аңғартады. Десек те, данышпан Абай ең алдымен өз халқының қамын жеген ұлт перзенті болды. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» деп тебіренген Абай білімнен, мәдениеттен жырақ, мал соңында көшіп-қонып жүрген қазақты өркениетті елдер қатарына қосуды армандады. «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде жастарға дүниенің тұтқасы білім мен ғылымда екенін түсіндіріп, оларды оқу оқып, білім алуға шақырды. Ол «Толық адам» ілімі арқылы жас ұрпақты әрі білімді, әрі өнерлі, адамгершілігі жоғары, ақыл-парасаты биік, жан-жақты дамып-жетілген азамат етіп қалыптастыруды мақсат тұтты. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп әрбір жастың санасын оятқан Абай: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп бұл ойын тереңдете түсті.
Жалпы, Абай туралы айтылар сөз өте көп. Тіпті, оның бір ғана терең ойы туралы тұтастай монография жазып шығуға болады. Сондықтан біз бұл жерде сөзді көбейтпей, әлемге Абайымызбен мақтанатынымызды, оған деген құрметіміз бен сүйіспеншілігімізді білдіріп өтуді жөн көрдік. Айтпағым, Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны - ұзақ жыл «ҚазПИ» аталып келген біздің университетіміз 1934 жылдан бері Абай атын жоғары ұстап келеді. Ұлы есімді иеленген қара шаңырақ өзі өмірге келген алғашқы күннен бастап шәкірттерін ұлы Абай өсиеттеріне тәрбиелеп, толқын-толқын мамандар даярлап шығарды. 1928 жылы оқу орны ашылғанда алғашқы дәрісін Абайдың қазақ жастарын білім, ғылымға шақырған ұлағатты өсиетінен бастаған ғұлама-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы өзі ұсталып кеткенше дана ақынның мұраларын оқытумен болды.
Абайтанудың жаңа кезеңі біздің университетте еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде басталды. 2008 жылы мұнда белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов басқаратын «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, кейін ол «хакім Абай» орталығына айналды. Бұл жерде көптеген зерттеу жүргізіліп, бірнеше монография, жүздеген мақала, студенттерге арналған «Абайтану» оқулықтары дүниеге келді. Осы орталықтың бастамасымен Жапонияда Абай өлеңдерін дыбыстап оқитын «сөйлейтін кітап» жарық көрді.
Университетте студенттердің Абайдың өмірі мен шығармашылығын білуге қызығушылығын арттыру үшін профессор, дизайнер Аманжол Найманбайдың безендіруімен «Абайтану» музей-кабинеті ашылды. Бұл музей-кабинет бүгінгі күні бүкіл студенттің және мектеп оқушыларының тәлім алатын музейіне айналды. Біздің университетте Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен студенттердің республикалық «Абай әлемі» фестивалі өткізіліп келеді. Әр оқу жылының басында жаңа қабылданған студенттерге «Абай айтады» акциясы аясында университеттің «Ұлағат» баспасынан шыққан Абайдың нақыл сөздерінен тұратын қалта кітапшасы таратылады.
Биылғы Абайдың 175 жылдығына байланысты университет абайтанушылары дайындаған жаңалығы мол ғылыми-көпшілік, танымдық кітаптар шығаруды жоспарлап отырмыз. «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ж.Шойынбет, бас ғылыми қызметкерлері М.Мырзахметұлы, М.Бекбосыновтар Абайдың 175 жылдығына байланысты Өскемен, Семей, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Ақтау, Талдықорған тағы басқа қалалардағы жоғары оқу орындары мен орталық кітапханаларымен бірге онлайн семинарлар өткізді. Сөзімізді академик-жазушы Мұхтар Әуезовтің: «...Абайдай дана, даңғыл ақын тарихтағы өз мүшелін елу жылдан, жүз жылдан қайырмақ. Алтайдан Алатауға аттап түсерлік ертегі тұлпарындай боп сайлардан, сахаралардан ғана аттап өтпей, замандардың да талайынан аспандап асып өте бермек» деген аталы сөзімен аяқтамақшымыз. Ең бастысы, мемлекеттік деңгейде жыл сайын атап өтетін Абай күні құтты болсын. Абайдай данышпан ұрпағымыз өсіп-жетіле берсін. Халқымыздың әлемді жайлаған коронавирус індетінен аман өтіп, мамыражай өмір сүруіне тілектестігімді білдіремін.
10.08.2020 ж. Ақпарат көзі: aikyn.kz
|