Главная /
СМИ о нас
25.09.2020 Такир Балықбаев: «10 мыңнан астам студент оқитын университет екі күнде бос қалды»
«Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысып жатқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев өзінің Facebook парақшасында көктемде жарияланған коронавирус пандемиясының салдарынан елімізде енгізілген карантиндегі университеттің алғашқы қадамдары туралы әсерлі жазба жариялады.
«Бос аудиториялар мен тақтадағы жарты жыл бұрынғы жазбалар - көркем фильмдердің драмалық көріністеріндегідей. Жақында мен дәріс аудиториясына кіріп, тақтадан 12 наурыз күнгі жазбаны көрдім. Сол күннен бері уақыт тоқтап қалғандай әсер етті. Бұл - пандемияның әсері. Осындай оқиға бізді айналып өтетіндей көрінетін. Жағдай дәл осылай өзгереді деп ешқашан ойламаппын.
Барлық студенттерді шұғыл түрде қашықтан оқуға ауыстыру және оларды үйлеріне қайтару туралы шешім шыққан кездегі сәт әлі есімде. Ол үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Елестетіп көріңізші, барлығы бір күнде өзгерді, біз білім алушыларға дүйсенбіден бастап сабақ қашықтан өткізілетіндігін хабарладық. Білім алушылар мен оқытушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылданды. Дүрбелең мен қажетсіз эмоциялар туғызбау үшін біз студенттерге келесі 2-3 аптаға өздеріне қажет заттарды алып, қалғандарын сақтау камераларында қалдыруға болатындығын айттық.
Кеше мен бұл жағдайды есіме алдым: 10 000-нан астам студент оқитын университет екі күнде бос қалды. Ал бүкіл Қазақстан бойынша 600 000-нан астам студент бар, оның ауқымы қандай екенін елестете аласыз ба?
Әрине, біз бұл жағдайды дүрбелеңсіз шештік, бірақ біз бұл туралы және алған тәжірибеміз туралы есте ұстауымыз керек. Елімізде қаншама зәулім ғимарат тұрғызылды. Екі күнде қалыпты жағдайға дағдыланған өміріміз өзгеріп шыға келді. Әрине, біз қалыпты өмірге ораламыз, бірақ бұл біз үшін сабақ болуы тиіс: бәрі күрт өзгеруі мүмкін екендігіне дайын болу керек», - деп жазды ректор.
25.09.2020 ж. Ақпарат көзі: qazaq1913.com |