Главная /
СМИ о нас
01.10.2020 Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев отандық педагогтерге құттықтау лебізін жолдады (бейне үндеу)
Құрметті ұстаздар! Еліміздің бас педагогикалық жоғары оқу орнының басшысы, 40 жылдық тәжірибесі бар педагог ретінде мектеп және басқа да білім беру мекемелерінің мұғалімдеріне қолдау білдіргім келеді. Сіздер тек білім беріп қана қоймай, балаларды тәрбиелеп, олардың жеке тұлғаларын қалыптастырасыздар. Сіздердің еңбектеріңіз әрбір қазақстандықтың жүрегінде қалады. Еліміздің дамуына, оның болашағына қосқан үлестеріңіз үшін рахмет!, - деп жазады Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің (ҚазҰПУ) ректоры Такир Оспанұлы БАЛЫҚБАЕВ инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Қашықтан оқыту форматына көшу мұғалімдердің кәсіби дағдыларын дамытады. Осыған байланысты жас мұғалімдерімізге бірнеше маңызды кеңестер бергім келеді. Жұмыстарыңызды жоспарлап, жасалған жоспарды орындаңыздар. Оқушыларға сабақ уақытында жеткілікті жүктеме болатындай етіп сабаққа алдын-ала дайындалыңыздар. Сіздерде әрқашан қосымша жоспар болуы керек. Барлық материалдарды электрондық форматқа көшіру керек. Бұл көп уақытты үнемдеуге көмектеседі. Материалды қысқаша, қарапайым, түсінікті етіп беруге тырысыңыздар. Пәндеріңіз туралы пайдалы онлайн ресурстарды қолданыңыздар. Белгілі бір тақырыппен жұмыс жасағанда, ұжыммен, әріптестеріңізбен кеңесіп, қиындықтарыңызбен бөлісе біліңіздер. Сонда құнды ойлар, қажетті фактілер мен тәжірибе пайда болуы мүмкін.
Бір мектепте үйлесімді педагогикалық қауымдастық құру көптеген педагогтардың жұмысын жеңілдетуге және ең бастысы жақсартуға көмектеседі. Егер мектепте әріптестер бір-бірімен өз жұмыстарын, кәсіби проблемалары мен жетістіктерін талқыламаса, мұғалімдер туындаған мәселелерді шешуге көмектесетін бірыңғай форум құру туралы ойланғандары жөн. Біздің жұмысымызда педагогикалық бауырластық құру өте маңызды: біз ортақ іс жасаймыз - еліміздің болашақ мамандарын оқытамыз және тәрбиелейміз! Қымбатты әріптестер! Жас мұғалімдерімізді, түлектерімізді қолдайық, олардың өсуіне және кәсіби тұрғыдан дамуына көмектесейік. Олар өздерінің тәрбиеленушілері - Қазақстанның жас азаматтары үшін ең үздік мұғалімдерге айналсын.
01.10.2020 ж. Ақпарат көзі: bilimdinews.kz |