қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
14.04.2016


БОС ОРЫН ЖӘРМЕҢКЕСІ ЖАС ТҮЛЕКТЕРДІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ КЕПІЛІ

Жоғары кәсіптік және орта арнаулы оқу орындарының бітірушілерін жұмыспен қамту, олардың өз мамандықтары бойынша қызмет істеуіне қамқорлық жасау - мемлекеттік саясаттың негізгі салаларының бірі болып саналады. Сондықтан Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің басшылығы мен осындағы Студенттер практикасы және оларды жұмыспен қамтамасыз ету бөлімінің қызметкерлері жыл сайын жұмыс берушілермен бірлесіп бос орын жәрмеңкесін өткізуді дәстүрге айналдырған. Соның нәтижесінде өткен жылы университет түлектерінің 85 пайызы жұмысқа орналасты. Биылғы «Жас түлек - 2016» бос орын жәрмеңкесі де асқан ұйымшылдықпен өтті. Оған 100-ден астам жұмыс беру ұйымдарының, оның ішінде Алматы облысы аудандары білім бөлімдерінің басшылары, Алматы, Батыс Қазақстан, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстары Білім басқармаларының, Алматы қалалық аудандарының білім мекемелерінің өкілдері, мектеп директорлары, Алматы қаласы жұмыспен қамту орталығының, бірқатар банктердің қызметкерлері қатысты. Банктер өкілдерінің шақыртылу себебі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде мұғалім мамандықтарымен қатар экономистер, банк қызметкерлері, құқықтанушылар да даярланады.
«Жас түлек -2016» бос орын жәрмеңкесін Абай атындағы ҚазҰПУ бірінші проректоры, профессор Мүбарак Ермағанбетұлы Ермағанбетов ашып, өткізіліп отырған жәрмеңкенің маңызына тоқталды.
-Біздің университетіміз жас мамандардың еңбек нарығынан өз орындарын табуын қамтамасыз ету үшін оның инновациялық жолдарын үзбей қарастырып келеді. Осы ізденістің арқасында университетімізде жұмыс берушілердің маманға қажеттілік деңгейі, еңбек нарығының ерекшеліктері ескеріліп, кәсіпорындармен, мекемелермен іскер байланыс орнатылған. Сондай-ақ біз университетте даярланатын мамандардың терең білім алуына, кәсіптік шеберліктерін жетілдіруге және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ерекше көңіл бөлеміз, -деді бірінші проректор М.Е.Ермағанбетов.
Жұмыс берушілер өкілдерімен болған іскерлік қызмет барысында 1297 бос орын анықталды. Оның 212-сі Алматы қаласының, 492-сі Алматы облысының, 368-і Атырау, 211-і Шығыс Қазақстан, 143-і Солтүстік Қазақстан облыстарының үлестеріне тиеді. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі- 3, Алматы қаласының прокуратурасы - 2, Алматы қаласының ішкі істер департаменті -8, Алматы қалалық құқық қорғау жүйелері -3, мемлекеттік қызмет департаменті 2 маман сұрап отыр.
Университет өз тарапынан осы мекемелермен байланысын күшейте отырып,тиісті келісім-шарттар жасау арқылы биыл, сәтін салса, 1000-нан астам түлегін жұмыспен қамтамасыз етпек

Шоқан ҚҰТТЫБАЕВ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
Баспасөз орталығының маманы.