Студент қатарына қабылдау
2020 жылдың 19 қазанында Тәрбие департаменті, Жастар ісі жөніндегі комитетінің жоспарына сәйкес, университетіміздің Жаратылыстану және география институтының 1 курс студенттеріне арналған «Менің таңдауым ҚазҰПУ» онлайн түрде студент қатарына қабылдау рәсімін өткізді.
Аталмыш іс-шараға институт директоры Күләш Каймулдинова, Ректордың Жастар ісі жөніндегі кеңесшісі Мақсат Жақауов, Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары Қазына Бекбенбетова, Жастар комитетінің төрағасы Ділдәбек Дидарбек қатысып, құттықтау сөздері мен ізгі тілектерін білдірді.
Жаратылыстану және география институтының директоры Күләш Каймулдинова ант қабылдаған 1 курс студенттеріне «Білім кілті» мен «Студенттік билетті» салтанатты түрде табыстап, белсенділігімен танылған бірқатар студенттерді арнайы алғыс хатымен марапаттады. Одан әрі ресми іс-шара 1 курс әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласып, қашықтықтан онлайн трансляцияға қатысып отырған барлық студенттерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шара барысында магистрант Базарбекова Нұрсая барша институт белсенділері атынан жылы лебізін жеткізді.
Іс-шара Zoom платформасы және университетіміздің ресми Instagram парақшаларында тікелей эфирде жүргізілді. Арнайы әзірленген бейнероликтер арқылы 1 курс студенттері институт тынысы және жастарға бағытталған жұмыстармен танысуға мүмкіндік алды.
Институт директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрлан Манапов шараны қорытындылай келе, барша қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Айта кететін жайт, еліміздегі орын алған карантиндік жағдайда өткен онлайн рәсім, пандемиялық талаптарға сай ұйымдастырылып, қашықтықтан қатысып отырған барлық студенттердің ҚазҰПУ-ға деген құрметтерін артыруға септігін тигізді.
Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және
жастар саясатын дамыту департаменті