қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
27.11.2020

Мемлекеттік тілдің ресми интернет-ресурстарда және көрнекі ақпараттағы қолданысы


2020 жылдың 26 қарашасында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми орталығында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілдің ресми интернет-ресурстарда және көрнекі ақпараттағы қолданысы» республикалық онлайн-семинары өтті. Семинарға Абай атындағы ҚазҰПУ тарапынан Қоғаммен байланыс бөлімінің өкілі Рима Жанбаева қатысты.


Семинар модераторы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба болды, ол мемлекеттік мекемелер мен жоғары оқу орындарының, банктердің ресми сайттарына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы хабарлады.

Онлайн-семинарда мемлекеттік тілді заңнамалық тұрғыдан қорғау, ақпараттардың тек орыс тілінде жариялануы, аударма сапасының төмендігі, ақпаратты орналастыру уақытының кешіктірілуі, мемлекеттік жиналыстарды мемлекеттік тілде өткізу қажеттілігі, оқырмандарды қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету, орыс тіліндегі ақпараттарыдың қазақ тіліндегі нұсқасының толық аударылуы, білім беру мекемелері мен ұйымдарының жылдық есептерінің тек орыс тілінде жариялануы туралы мәселелер талқыланды.


Іс-шара барысында сайтта, әлеуметтік желілерде жарнамалық мәтіндер мен ақпараттар беру туралы бірқатар баяндама жасалды.Семинар нәтижесінде сайтқа қойылатын талаптарды күшейту, қателіктерді жою, редакторлық-түзету жұмыстарын күшейту бойынша ұсыныстар берілді. Сондай-ақ, алдағы уақытта комитет мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелерінің, банктер мен компаниялардың сайттары мен әлеуметтік желілеріне мониторинг жүргізетіні айтылды.