Главная /
СМИ о нас
29.01.2021 Сайлау науқанына белсенді қатысқан алматылықтар Елбасының алғыс хатымен марапатталды
Мегаполистің 700-ге жуық тұрғыны «Nur Otan» партиясының Лидері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау науқанына белсенді қатысқаны үшін марапатқа ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Олардың қатарында республикалық сайлауалды штабтың құрамына кірген алматылықтардың қатарына ел сүйіспеншілігіне бөленген мәдениет және өнер қайраткерлері Алтынбек Қоразбаев, Мақпал Жүнісова және Досхан Жолжақсынов, еліміздің танымал ғалымдары мен ірі оқу орындарының басшылары Такир Балықбаев пен Кенжехан Матыжанов бар. Қалалық сайлауалды штаб мүшелерінің ішінде эстрада әншісі Роза Рымбаева, Мәдина Сәдуақасова, ғылыми зиялы қауым өкілдері Борис Жапаров пен Тілектес Есполов, сондай-ақ белгілі спортшы Наиль Нұров бар.
«Nur otan» партиясы халықтың алдында өзінің жұмысын жақсы атқарып, біздің қаланың 30 пайыз халқы дауыс беруге келді. Оның ішінде біздің «Nur otan» партиясының мүшелері өтті осы сайлаудан. Сондықтан біздің қуанышымыз ерекше», - деді ҚР Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері Роза Рымбаева.
Партияның алматылық жақтастары да назардан тыс қалған жоқ. Олар Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Аягүл Миразова, Нұржан Мұхамеджанова және басқа да қаладағы сайлау науқаны кезінде ақпараттық қолдау көрсеткен масс-медиа, мәдениет және кәсіпкерлік саласының танымал өкілдері.
Алғыс хатта Қазақстанның Тұңғыш Президенті азаматтардың партияның жеңіске жетуіне қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, елдің үдемелі дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруда одан әрі тығыз жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.
«Бүгінгі марапат сайлауды ұйымдастыруға қатысқандардың жұмысымның нәтижесі. Бұл іске белсене араласқан барлық азаматтардың еңбегі еленіп жатыр. Бұған өте қуаныштымыз», - деді «Бақытты отбасы» қалалық орталығының жетекшісі Зүлфия Байсақова.
Естеріңізге салсақ, сайлау науқаны барысында партияның Алматы қалалық филиалының сайлауалды бағдарламасын мегаполис тұрғындарына барлық деңгейдегі депутаттыққа 78 кандидат, 1700 сенімді тұлға, қалалық және 8 аудандық сайлауалды штаб мүшелері және шарттық негізде жұмыс істеген 1000 белсенді түсіндірді. Ал қалалық сайлауалды штабты басқару міндеті қаланың қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшановқа жүктелді.
«Еліміздің бүгін дамып келе жатқанына үлес қосып отырған партия, жетекші партия. Осыған байланысты келген халыққа танымал азаматтар, халық әртістері, мұғалімдер, ғалымдар дегендей, барлығы тынбай жұмыс істеді. Соның арқасында Алматыда қазір «Nur otan» партиясының өкілдері жақсы жеңіске жетті, басым дауыс алды», - деді қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы, «Nur otan» партиясының мүшесі Рахман Алшанов.
«Алматының нұротандықтары жаңа саяси маусымға толық дайын. Бүгінгі таңда партияның қатарын бюджеттік сала қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлер, зейнеткерлер, жастар мен студенттер құрайды, олар мегаполистің барлық аудандарында бар. Оның ішінде, нұротандықтардың ең көп саны Әуезов және Бостандық аудандарында, онда кәсіпорындарда жүзден астам бастауыш партия ұйымдары құрылған. Партияның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық бағыты алдағы уақытта да кадрлық және адами әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Өйткені, Алматы қалалық филиалының сайлауалды бағдарламасы қаланы кешенді дамытуға бағытталған және әлемнің үздік мегаполистерінің қатарына кіруіне ықпал етеді. Ал алматылықтардың әл-ауқатын арттыру және олардың проблемаларын шешуге жәрдемдесу біздің партиямыздың ең маңызды міндеті болып қала береді. Мысалы, өткен айды алсақ, жыл басынан бері қоғамдық қабылдауларға 200 өтініш келіп түсті, олардың 44 оң шешімін тапты. Ал 66-ы бойынша түсініктемелер мен ауызша кеңестер беріліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде», - деп атап өтті «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейіржан Отыншиев.
29.01.2021 ж. Ақпарат көзі: almaty.tv |