қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
03.03.2021

Ұланнан шыққан ұлағат иесі

 


 

Еліміздің шұрайлы Шығыс өлкесінің солтүстік-батысындағы Қалба тауының бөктерінде орын тепкен Ұлан ауданының шалғай ауылында орта мектепте оқып жүрген кезден бастап ол мұғалім болуды армандайды. Оған өмірден көрген-білгені мен көкейге түйгені мол, сырлы сөздің қадірін білетін, суырып салма ақындығы елге танымал анасы Зияда Жарболқызының да ықпалы мен ақыл-кеңесі ерекше болды.

 

Оның үстіне Екінші дүниежү­зі­лік соғыстан кейінгі жылдары мұ­ға­лім мамандығының қадірі де артып тұрған кез-тұғын. Мектеп қабырғасында оқу бағдарламасы бойынша өздері жаттап өскен ұлы Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» атты өлеңіндегі: «Ақы­рын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға, Ұстаздық еткен жа­лықпас, Үйретуден балаға» де­ген жолдары да үнемі жадында жаң­ғырып тұратын.

 

Содан орта мектептен кейін арман қуып, сол кездегі әсем астана Алматыға келіп, 1948 жы­лы Қазақ мемлекеттік қыздар педа­гогикалық институтының табал­дырығын аттады. Оны 1952 жылы табысты аяқтаған соң, ұстаздық еңбегін Алматы облысының Жам­был ауданындағы «Октябрь» орта мектебінде орыс тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі ретінде бас­тады.

 

Міне, осылайша бүгінде тоқ­­­сан деген толағай жастың тө­рі­не шығып отырған, өзінің бү­кіл са­налы ғұмырын елі­­міздің ру­ха­ни-мәдени өмірін өр­­кен­де­ту­­ге, білім беру ісі мен ғы­­­лы­мын дамытуға, қоғамның адам­­гер­­шілік құндылықтарын ны­­­ғай­­туға арнаған қадірменді ұс­­таз, қарымды қайраткер, сү­йе­гі асыл, жаны ізгі санаулы ірі тұл­­­­ға­ның бірі - Қазақстан Рес­пуб­­­ли­касы Ұлттық ғылым акаде­мия­­­сы­ның академигі, педагогика ғы­лым­да­рының докторы, профес­сор Күләш Құнантайқызы Құ­нантае­ва апамыздың өмірдегі үл­кен де үл­гілі еңбек жолы бас­талған еді.

 

Сөйтіп жаңалыққа жаны құ­мар жас маман өзінің ізденім­паз­­дығы мен іскерлігі ар­қасында мектептегі білім бе­ру ісі мен жас жеткіншектер­ді тәр­биелеудің қыр-сырын тез мең­геріп алды. Оның ұйым­дас­тырушылық қабі­леті мен жоғары біліктілігін бай­­қаған тиісті басшы орындар Күләш Құнантайқы­зын Ал­маты қа­ласына шақырып, осын­дағы Ленин аудандық жас­тар ко­митеті мектеп бөлімінің мең­герушісі етіп тағайындайды. Ол осы қызметте екі жылдай - 1954-1956 жылдары істеді. Одан кейінгі жылдардың бәрін Күләш Құнантайқызының қайраткер­лік өсу жолы десе де болғандай. Атап айтқанда, Алматы облыс­тық жастар комитетінің хат­шы­сы, Қазақстан комсомолы Ор­та­лық Комитетінің хатшы­сы, Қа­зақ КСР Жоғары және орта ар­наулы білім министрінің орын­­­басары, Алматы шетел тіл­­дері институтының оқу ісі жө­­нін­­дегі проректоры, одан ке­йін Қазақ мемлекеттік қыздар пе­да­го­гикалық институтының ректоры болып абыройлы қызмет­тер ат­қарды. Сондай-ақ екі рет ІХ-Х ша­қырылымдағы Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

 

Низами атындағы Ташкент пе­­­дагогикалық институты мен еліміздің жо­­ғары оқу орын­да­рының қара ша­ңырағы - Абай атын­дағы Қа­зақ ұлттық педаго­гикалық уни­вер­ситетінің доктор­лық диссертация қорғау кеңесінің мүшесі бол­ды. Кеңестік кезеңде алдымен КСРО Педагогика ғы­лымдары академиясына, кейін­нен Ресей және Грузия Білім ака­­де­мияла­рына қазақ әйел­дері ара­­сынан тұңғыш рет академик болып сайланды. Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Жоғары Ат­­тес­­таттау комитетінде пе­дагогика және психология ғы­лымдары саласы бойынша сараптау кеңесінің төрайымы ретінде де қыруар іс атқарды.

 

Күләш Құнантайқызының ұйым­­­дастырушылық, іскерлік, қай­­раткерлік қабілетінің жар­қы­рай көрінген кезі Қазақ мем­ле­кеттік қыздар педагогикалық инс­титутының ректоры болып қыз­­мет атқарған уақытына тура к­еледі. Елімізде орны бөлек осы бір оқу орнын тапжылмай, та­­баны күректей он алты жыл бойы бас­қарған мерзім ішінде институт өз са­ласында елеулі же­тіс­тіктерге қол жеткізді. Жаңа бағ­дарламалар, оқу-әдістемелік жұмыстар, оқу­дан тыс тәрбиелік мәні бар қоғам­­­дық ұйымдар көптеп іске қосылды. Ол кісі­нің тікелей басшылығымен құ­рылған «Айгүл» ансамблі әлем­ге әйгілі болды. Осы кезде шы­ғар­машылықпен жұмыс істеуге бейімі бар озат ұстаздар мен тә­жірибелі, өз ісіне жан-тәні­мен берілген іскер оқытушы-про­фес­сорлар қауымы өсіп же­тіл­ді. Әйгілі әдебиеттанушы ға­лым, ака­демик Зәки Ахметов, бел­гілі композиторлар Бақытжан Бай­қадамов, Өмірбек Байділ­даев, Ке­ңес Одағының Батыры Құ­дай­берген Сұрағанов, тілші ға­лым-профессорлар Әбжан Құ­рыш­жанов, Сейілбек Исаев, Ал­тай Аманжолов, физик-мате­ма­тик ға­лым­дар Дәулет Үмбет­жа­нов, Әжі­м­ұхан Жамалов, өнер­тану­шы­лар - Марат Балтабаев, Галина Қара­молдаева, Ағайша Исағұлова сынды т.б. білікті ұс­таз­дар еңбек етті.

 

Бұл орайда қадап айта кете­тін нәрсе, сол кездегі «Қазақстан­да педагог-ғалымдар шамадан тыс көбейіп кетті, жалпы Қа­зақ мем­лекеттік қыздар инсти­ту­ты керек пе, әлде керек емес пе? Ендігі жерде қазақ қыз­да­ры үшін арнайы дербес жо­ға­ры оқу орнының қажеті жоқ шы­ғар...» деген сыңайдағы сы­ңар­жақ әңгімелер шығып, атал­ған институттың тағдыры қыл үс­тінде тұрғаны белгілі. Осын­дай бір шешуші кезеңде Кү­ләш Құ­нантайқызы өзінің дә­­лелді пікір­лерімен, орынды ой­­ларымен тиісті орындарға шы­­ғып, олардың көзқарасының дұ­­рыс емес екеніне көздерін жет­­кізіп, институтты ара­шалап алып қалуға ерен еңбек сіңірген болатын.

 

Күләш Құнантайқызы оқу ор­­нының материалдық-техни­ка­­лық базасын нығайтуға, сту­дент­тердің білім сапасын жақ­сар­ту мен оқытушы-профес­сор­­лар құ­рамының ғылыми әле­­уе­тін арттыруға, білім ордасын Кеңес Одағы көлеміндегі ал­дың­ғы қатарлы оқу орнына айнал­дыруға бар ын­та-ықы­ла­сымен, ерекше күш-жіге­рі­мен аян­бай әре­кет етті. Бұл іс­ке рес­­пуб­­ли­ка­­ның сол кездегі бі­рін­­ші бас­шы­­сы, халқымыздың бір­­туар перзен­ті Дінмұхамед Ах­мет­­ұлы Қонаев ерекше қолдау көр­­сетті. Төрт қабатты заманауи жаңа оқу ғимараты, студент­тер­ге арнал­ған төрт бірдей әр­қай­сысы 300-400 орындық тип­тік үл­­гі­дегі жатақхана салы­нып, пай­да­лануға берілді. Ұлан-бай­тақ елі­­міздің, қала берді көрші рес­пуб­ликалардың әр қиырынан келген қазақ қыздары жа­тақхана ғана алып қоймай, сол кез­дегі әсем астана Алматыға ресми түрде тір­келді. Сонымен бірге студент қыздар үшін мың адам бір мез­гілде тамақтанатын асхана мен спорт­тық-сауықтыру кешені, үй-күйсіз жүрген ұстаздарға ар­нал­ған сексен пәтерлік тұрғын үй берілді.

 

Академик Қ.Құнантайқызы осы уақытқа дейін монография­лық зерттеулер, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар, жекеле­ген мақалалар жазып, барлығы 360-тан астам ғылыми еңбектің авторы атаныпты. Оның әрбір зерт­теу жұмысы жас ұрпақты тәр­биелеу мен оқытудың өзек­ті мә­селелерін кеңінен қарасты­руға арналған. Әсіресе, ол кісі­ні мектеп оқушыларын тәрбие­леуді ұйымдастырудың кең та­раған түрі - сабақтан тыс жүр­гізілетін жұмыстар ерекше қы­зықтыратын. Бұл мәселені өзінің ғылыми-педагогикалық зерт­теу бағытына айналдырған Кү­ләш Құнантайқызы 1966 жылы «Қа­зақстандағы оқушылардың оқу­дан тыс еңбек және білім беру бір­лестіктері» деген тақырыпта кан­дидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Жас педагог ғалым бұл еңбегіне жас­өспірімдер мен жеткіншек бала­ларға білім беріп, тәрбиелеу ар­қылы оларға ықпал етудің аса ма­ңызды құралы ретінде тамаша адам­дардың өмірі мен қызме­тін үлгі ете, соларға ұқсап бағуға тал­пын­дыру қажет екендігін же­те саралайды.

 

Әлеуметтік-экономика­лық үде-


ріс жағдайында елдегі ру­ха­­ни-мәдени дамудың аса ма­ңыз­­ды көрсеткіштерінің бірі - қоғам­дағы әйелдердің орны мен бі­лім дәрежесіне, жалпы хал-жағ­дайына байланысты екені бел­гілі. Күләш Құнантайқызы осы мәселені дер кезінде аңға­рып, оны өзінің ғылыми-зерттеу нысанына айналдыра білді. Со­­ның нәтижесінде 1981 жылы «Қа­зақстандағы әйелдерге білім бе­ру­­дің дамуы» (1920-1975 жж.) та­қырыбында докторлық дис­сер­тация қорғады. Келесі 1982 жы­­лы осы диссертация негізін­де ға­лымның «Білім заңғарына ­жол» атты көлемді монографиясы ­жа­рық көрді. Онда ғалым 1920-1975 жылдардағы Қазақстандағы қазақ әйелдерінің тұрмысы мен әлеуметтік орнын, олардың тең­дігі мен басқа да гендерлік мәсе­лелерді жүйелі әрі кешенді түр­де зерттеп, оларға білім беру, бас­қару ісіне тарту, қоғамдық өмір­ге араластыру сияқты сол кезең­дегі ұлт мәдениетінің жалпы жағдайына байыпты барлау жасайды.

 

Ғалым Күләш Құнантай­қы­зы­ның ұзақ жылдар бойы мұқият зерттеп келе жатқан және бір саласы - жоғары мектептерде педагог-кадрлар даярлау, олардың ұстаздық шеберліктерін дамытып, адамгершілік қасиеттерін ны­ғайту, біліктілікті арттыру мә­селелері. Бұл ретте ғалымның әр­түрлі жинақтар мен журналдарда жарияланған мақалалары ғылыми тұрғыдан қарағанда аса құнды.

 

Ол кісінің ғылым-білім сала­сындағы атқарған қызметі әділ бағаланып, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендері және бірнеше медальмен марапатталуы, еліміздің құрметті атақтарын иеленуі ғалымның еселі еңбегінің айғағындай.

 

Ұлы Абайдың Отыз жетінші сө­зіндегі: «Өзің үшін еңбек қыл­саң, өзі үшін оттаған хайуан­ның бірі боласың, адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүй­ген құлының бірі боласың», деген ұлағатты ойын ұстаным еткен көр­некті педа­гог-ғалым, ұлағатты ұстаз, Қазақ­стан Республикасы­ның еңбек сіңір­ген қайраткері, академик Күләш Құнантайқызы ту­ралы ай­тылар жылы сөз аз емес. ­Ол - 30-ға тарта шәкіртіне ғы­лы­ми жетекшілік жасап, доктор­лық және кандидаттық диссер­тациялар қорғатып, үлкен ғы­лы­ми мектеп қалыптастырған ға­лым. Еліміздің жоғары оқу орын­­дарында жемісті еңбек етіп келе жатқан педагогика ғы­лым­дарының докторлары, про­фес­сорлар И.Халитова, С.Ұзақ­баева, Ә.Әмірова, П.Сейітқазы сынды т.б. талантты да талапты шә­кірт­терін Күләш апай әрдайым мақ­танышпен еске алып отырады.

 

Торқалы тоқсан жасқа келсе де Күләш апай әлі тың. Жүрісі ширақ, сөзі тиянақты, әңгімесі орнықты, еңсесі биік. Ойы сергек, жаны сұлу, жүрегі таза. Осы­ның бәрі - туа біткен сабырлы мінезбен үйлесім тапқандай.

 

Жаны жомарт, пейілі дархан, ерен еңбексүйгіш, шәкірттерінің ардақтысына айналған Күләш Құ­нантайқызының өмір тарихы мен еңбек жолына қарап отырып, ол кісінің осы жасқа дейін қа­тардан қалмай, шаршамай-талмай халқына қызмет етіп ке­ле жатқаны баршамызға үлгі бо­ларлық-ау деген ойға келесіз.

 

 

Авторы: Бақтияр Сманов,

ҰҒА академигі

03.03.2021 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz