қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
09.03.2021

Пандемия кезіндегі әйелдердің қоғамдағы үлесі мен рөлі

 

2021 жылдың 5 наурызында Абай атындағы ҚазҰПУ-да білім беру ғылымы және мұғалімдерді даярлау бойынша ЮНЕСКО кафедрасы «Пандемияның әйел/әйел емес тұлғасы» тақырыбында вебинар өткізді. Алғы сөзбен ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Саябек Сахиев сөз сөйледі. Ол вебинар спикерлері мен қатысушыларын келе жатқан 8 наурыз мерекесімен құттықтап, пандемия кезіндегі әйелдердің қоғамдағы ерекше рөлін атап өтті.

 

Вебинар спикері - «Қазақстанның тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері институты» қоғамдық қорының Президенті Маргарита Ускембаева қор жұмысы, гендерлік теңдік, тәжірибе және сын-тегеуріндер, туралы айтып берді.

 

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның сараптамалық кеңесінің мүшесі, Алматы технологиялық университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі Зәмза Қодар «Пандемия әйел тұлғасында емес» тақырыбында баяндама жасап, өзінің психолог ретіндегі тәжірибесімен және пандемия көптеген адамдарда қорқыныш тудыратыны туралы бөлісті.

 

Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғылыми-баспа бөлімінің жетекшісі Светлана Шакирова рейтингті халықаралық журналдарындағы жарияланымдар бойынша жақсы ұсыныстар берді. Спикердің пікірінше, кез-келген адам ақылы баспаларды айналып өтіп, журналдарға тікелей хабарласып, олардан оң жауап ала алады.

 

«Гендерлік білім беру:даму болашағы» баяндамасымен Абай атындағы ҚазҰУ әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының доценті, гендерлік білім беру орталығының директоры Назым Шеденова орталықтың гендерлік курстары мен зерттеу жұмыстары туралы айтып берді.

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры Майра Кабакова «Қазақстандағы отбасы институты: қазіргі жағдайы мен проблемалары» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі кездегі қоғамның ең өзекті мәселелерін көрсетті. Сондай-ақ, үйдегі зорлық-зомбылыққа тоқталып, көмекке мұқтаж әйелдерге тегін кеңес беру туралы айтты.

 

Алматы облысы Жамбыл аудандық сотының судьясы Сара Жаңбырбаева «Әйел-отбасы шырағы» баяндамасында өз жұмысының ерекшеліктеріне тоқталып, пандемия кезінде ажырасулар санының өскенін атап өтті.

 

Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры Жұлдыз Қабиденова және ҚазҰПУ-дың білім беру ғылымы және мұғалімдерді даярлау бойынша ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Анар Танабаева отбасылық-неке қатынастарындағы ақшаның әлеуметтік-мәдени маңызы туралы айтып берді. Спикерлер Қазақстанның бірнеше өңірінде әлеуметтік сауалнама жүргізіп, қоғамдағы ақша мәнінің ерекшеліктерін анықтады.

 

ҚазҰПУ-дың Заңтану кафедрасының профессор-зерттеушісі Жанна Хамзина «Еңбек және әлеуметтік-қамтамасыз ету құқықтық қатынастарындағы гендерлік теңдік мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.

 

Вебинар барысында қатысушылар мен спикерлер баяндамаларды қызығушылықпен тыңдап, талқылап, сұрақтар қойды.

 

Іс-шара соңында стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Ақтолқын Құлсариева барлық спикерлер мен қатысушыларды халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, олардың жұмысына шығармашылық табыс тіледі. Спикерлер әйелдердің қоғамдағы жағдайын жақсарту үшін бірлесіп жұмыс істеуге келісті.