қазақша · русский · english
   
  Главная / Объявления
28.08.2013

 

         Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, «6D010300-Педагогика және психология» мамандығы бойынша философия докторы (РhD) ғылыми дәрежесін алу үшін Шырын Адилкаировна Убниязованың «Оқыту үдерісінде интеграция негізінде студенттердің толеранттылығын қалыптастыру» тақырыбында диссертациясы қорғалады.

        Диссертация Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде орындалған.

Ғылыми кеңесшілер

А.А. Бейсенбаева- Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, п. ғ. д, профессор

       Мехмет Гувен -психология ғылымдарының  докторы, профессор (Гази Университеті, Анкара, Түркия).

       Рецензенттер:

       Г.Ж.Меңлібекова - Қаржы Академиясының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы

      Х.Қ.Шалғынбаева-Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Қорғау  2013 жылы 26 қыркүйекте сағат  10.00 де Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы 6D010000 -Диссертациялық кеңесінде төмендегі мекен жайда өтеді: 050010, Алматы қаласы, Жамбыл көшесі, 25, 2 қабат, мәжіліс залы, сайт - www.kaznpu.kz

е-mail: amirova57@mail.ru

 

 

Аннотация

Убниязова Шырын Адилкайровна

Оқыту үдерісінде интеграция негізінде студенттердің толеранттылығын қалыптастыру

«6D010300 - Педагогика және психология»

    Зерттеудің көкейкестілігі: XXI ғасырдың басында интеграция жағдайында адамзат    қоғамның барлық жақтарын селт еткізген және адам өмірін қауіп-қатерге қойған көптеген жаһандану мәселелеріне  (экологиялық апаттар, әлеуметтік-экономикалық дағдарыс, лаңкестік әрекеттер, халықаралық қақтығыстар, т.б.) кез болуда.        Осындай жағдайда білім берудің мақсаты мен міндеттерінің қайта қарастырылуы жаңа ізгілік парадигма тұрғысынан толерантты тұлғаны тәрбиелеуге деген қажеттіліктен көрінеді.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына Жолдауында(15 желтоқсан, 2012) аталған өзекті мәселенің бірі - заман талабына сай  құзыретті, білікті мамандарды қалыптастыру мен даярлауда білім мен ғылымды жаһандық интеграциялау арқылы «бірлік пен татулық құндылықтарын қоғамның іргетасына,қазақстандық толеранттылықтың негізіне айналдыру» деп жоғары оқу орнына  үлкен міндет жүктейді.

Толеранттылық кешенді феномен ретінде адамның өзіне, қоршаған ортаға қарым-қатынасын анықтайды. Осы тұрғыдан алғанда толеранттылық - әлеуметтік-мәдени жүйенің құндылығы болып саналады. Егер адам табиғаты өзінің мәні жағынан интегралды болса, онда интеграция өзін және қоршаған ортаны танудың табиғи тәсілі ретінде эстетикалық, танымдық, тарихи-генетикалық, қоғамдық аспектілерде үйлесімді айқын байқалады.  Интеграция тұлғаны моделдейді, оның санасында философиялық саналылықты тудырып, әлемді танудың импульсы ретінде білім жүйелілік сипатқа ие болады. Ал танымдық қызығушылықтың дүниетанымдық бағыты күшейіп, дүниетаным тұлғаның интегралды қасиеті болып саналады. Интергацияның өзектілігі жалпы дүниенің біртұтастығын, қоршаған орта құбылыстарының бір-бірімен байланыстығын түсіндіріп, студенттің ғылыми дүниетанымын қалыптастыруға негіз болуымен сипатталады.

Қарастырылып отырған  мәселеміздің  теориялық негіздері философиялық тұрғыдан (И.Кант, Г.Гегель, Әл Фараби, Ә.Нысанбаев, Б.С. Гершунский, т.б.); психологиялық ( Л.С. Выготский, Л.И. Божович, Ж.И. Намазбаева, Қ.Б.Жарықбаев, С.М.Жақыпов, А.Р.Ерментаева т.б., педагогикалық тұрғыдан (П.Г.Лемберг, Т.С.Сабыров, А.А.Бейсенбаева, Ә.Мұханбетжанова, Г.Ж. Меңлібекова, Х.Қ.Шалғынбаева, Р.К.Төлеубекова, Б,А.Тұрғынбаева  және т.б.  еңбектерінде көрініс тапқан.

Қазіргі заманғы өркениеттің интегративті дамуы жағдайында білім беру толеранттылық пен ынтымақтастық қағидасында құрылған мәдениетаралық диалогқа қабілетті «үштұғырлы, адамгершілік сауатты тұлғаны дамытуға бағытталуы тиіс. Жоғары мектеп болашақ маманды дамыту ісінде көптеген мүмкіндіктерге ие. Бірақ, жоғары білім беру жүйесінің барлық әлеуеті тұтас педагогикалық үдерісте қолданыс таппайтыны белгілі.

Осы тұрғыдан алғанда, қоғамның әлеуметтік даму жағдайында студенттерде толеранттылықты қалыптастыруда төмендегідей қарама-қайшылықтар туып отыр: XXI-ғасырдың басында қазіргі ғылымдар интеграциясы жағдайында оқыту үдерісінде толеранттылықтың алатын орны қоғамның сұранысы мен оның жүйелі түрде зерттелмегендігі арасында;  бүгінде жоғары оқу орындарында студенттердің интеграция негізінде толеранттылығын қалыптастырудың қажеттілігі мен оның теориялық негіздерінің жеткіліксіздігі арасында; жоғары оқу орындарында толеранттылыққа тәрбиелеуді ғылыми - теориялық тұрғыдан негіздеудің қажеттілігі мен оның әдістеменің жоқтығы арасында қарама-қайшылықтың бар екендігі, біздің  мәселемізді айқындап, тақырыпты «Оқыту үдерісінде интеграция негізінде студенттердің  толеранттылығын қалыптастыру» деп таңдауымызға себеп болды.

 Зерттеу нысаны: жоғары оқу орнындағы тұтас педагогикалық  үдеріс.

 Зерттеу пәні: еліміздің әлеуметтік-экономикалық  даму жағдайында интеграция негізінде студенттердің толеранттылығын қалыптастыратын оқыту үдерісі.

 Зерттеу мақсаты: оқыту үдерісінде студенттердің толеранттылығын интеграция арқылы қалыптастыруды теориялық-практикалық тұрғыдан негіздеу.

 Зерттеу міндеттері:

- студенттердің толеранттылығын интеграция арқылы қалыптастырудың теориялық-әдіснамалық негіздерін  анықтау;

- интеграция негізінде студенттердің толеранттылығын қалыптастырудың теориялық моделін жасау, оның өлшемдерін, көрсеткіштері мен деңгейлерін айқындау;

- студенттердің толеранттылығын интеграция негізінде қалыптастырудың педагогикалық шарттарын анықтау және әдістемесін ұсыну;

- студенттердің толеранттылығын интеграция негізінде қалыптастырудағы әдістеменің тиімділігін эксперимент арқылы тексеріп, сынақтан өткізу.

Зерттеудің  ғылыми жаңалығы төмендегілер болып табылады:

 -ЖОО-да, оқыту үдерісінде студенттердің толеранттылығын интеграция арқылы қалыптастырудың    теориялық-әдіснамалық негіздері  тарихи-философиялық, әлеуметтік- мәдени тұрғыда қарастырылып және тірек ұғымдардың («интеграция», «толеранттылық», «интолеранттылық») байланысы, ұстанымдары, амалдары ғылыми айналымға енгізілді;

-   интеграция негізінде студенттердің толеранттылығын қалыптастырудың теориялық моделі жасалып, өлшемдері, көрсеткіштері мен деңгейлері айқындалды;

-   студенттердің толеранттылығын интеграция негізінде қалыптастырудың педагогикалық шарттары анықталып, әдістемесі ұсынылды;

-   оқыту үдерісінде студенттердің толеранттылығын қалыптастыру  «Көптілділік және толернаттылықтың психологиялық-педагогикалық  негіздері» атты таңдау курсы дайындалып, сынақтан өткізілді.

Зерттеу әдістері. Зерттеу мәселесі бойынша теориялық әдістер (философиялық, әлеуметтік, мәдени, психологиялық, педагогикалық және әдістемелік әдебиеттерге теориялық талдау жасау); оқу-әдістемелік құжаттарды саралау, жобалау, модельдеу,  эмпирикалық әдістер (бақылау, әңгімелесу, сауалнама, интервью, тренингтер, диагностикалық тестер), озат педагогикалық  және Анкара қаласындағы (Түркия), Гази университеті «Білім беру» факультетінде өткен ғылыми-практикалық тағылымдамадағы тәжірибелерді жинақтау, талдау, мақсатқа сай тәжірибелік-экспериментті жүргізу, оның нәтижелерін математикалық-статистикалық талдау арқылы өңдеу.

Зерттеу жұмысының практикалық мәнділігі:

-      студенттердің интеграция негізінде толеранттылығын қалыптастырудың әдістемесі жасалынды;

-      «Көптілділік және толернаттылықтың психологиялық-педагогикалық  негіздері» атты таңдау курсының бағдарламасы ұсынылды.

Диссертацияның негізгі ережелері 16 ғылыми басылымдарда жарық көрді, оның ішінде 7-і  білім және ғылым   саласын бақылау Комитеті ұсынған ғылыми журналда, 4-і «Scopus» базасына кіретін ғылыми баспада, 5-і халықаралық және шетел конференция материалдарында жарияланды.

Диссертация жұмысы кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған дереккөздердің тізбесі мен қосымшалардан тұрады.