қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
14.04.2021

Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы Этикалық комиссияның кезекті отырысы

 

2021 жылдың 12 сәуірінде Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы Этикалық комиссияның кезекті отырысы аралас (онлайн/офлайн) форматта өтті. Отырысқа Комиссия мүшелері, докторанттардың ғылыми кеңесшілері (профессор, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі - Р.Əбсаттаров, профессор - З.Тунгушбаева) қатысты. Комиссия күн тәртібіне сәйкес, «6D060700 - Биология» мамандығы бойынша Р.Досымбекованың және «6D050200 - Саясаттану» мамандығы бойынша Г.Муханованың философия докторы (РhD) дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациялық жұмыстарын талқылады. Зерттеу жұмыстарындағы этикалық нормалардың сақталуын қадағалай отырып, комиссия мүшелері диссертанттарға сұрақтар қойды және жұмыстарының сапасын жақсарту бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.

 

Этикалық комиссия жұмысы - университеттің ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету бойынша атқарып жатқан жұмыстарының бір мысалы ғана.

 

2020 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ жанынан құрылған Этикалық комиссия университеттің ғылыми жұмыс және цифрландыру жөніндегі проректоры С.Сахиевтің төрағалығымен тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады. Ғылыми кадрларды даярлау басқармасының бастығы Г.Баймбетованың үйлестіруімен Этикалық комиссияның Ережесі жасалып, жұмысы жоспарлы түрде жолға қойылған.

 

Комиссияның мақсаты - зерттеу нысандарының құқықтарын, қауіпсіздігін қорғау және кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз етумен қоса алғанда, ізденушілердің ғылыми зерттеулерді жоспарлау, бағалау, іріктеу, жүргізу және нәтижелерін тарату жұмыстарында этикалық нормаларды сақтауын қадағалау болып табылады.

 

Ғылым саласындағы этикалық мәселелерді анықтау және оларды жүйелі түрде шешуді жолға қою үшін Этикалық комиссияның алатын рөлі жоғары. Сондықтан, ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысатын барлық мекемелердің жанынан тұрақты жұмыс істейтін этикалық комиссиялар немесе кеңестер құрылуы қажет. Өйткені, тәртіп бар жерде - нәтижелі жұмыс бар.