қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
30.04.2021

Қазақстан - достық мекені вебинары

 

2021 жылдың 29 сәуірінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология және көп тілді білім беру институты шығыс филологиясы және аударма кафедрасының аға оқытушысы Е.З.Есбосыновтың бастамасымен 1 мамыр - Қазақстан халқы бірлігі күні мейрамы қарсаңында «Қазақстан - достық мекені» вебинары ұйымдастырылды. Вебинарды шығыс филологиясы және аударма кафедрасының меңгерушісі К.Х.Абдрахманова құттықтау сөзбен ашты.

 

Қазақстан Халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, шығыс филологиясы және аударма кафедрасының Құрметті меңгерушісі Князь Мирзоев «Ассамблея-Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін сақтаушы» тақырыбындағы баяндамасында Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясын құру арқылы еліміздегі этносаралық қатынасты жаңа және сапалы деңгейге көтеруге ықпал еткендігін атап өтті. Спикер латыннегізді қазақ алфавитінің маңыздылығын атап өтіп, профессор Әлімхан Жүнісбек бастаған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұсынып отырған жалпытүркілік алфавиттің қабылдануын қолдайтындығын білдірді.

 

Республикалық Ұйғыр этномәдени орталығы төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Республикалық Ұйғыр авази газетінің бас редакторы Ершат Асматов «Болашағымыздың кепілі - бірлік пен татулық» тақырыбындағы баяндамасында елімізде қалыптасқан этносаралық және конфессияаралық үйлесімділік пен толеранттылықта Қазақстан халқы ассамблеясының ролі мен маңыздылығын атап өтті.

 

Университетіміздің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Гүлжиһан Шаһарман «Патриоттықтың құрамдас бір бөлігі ‐ толеранттылық» тақырыбындағы баяндамасында кафедраның құрылымы мен мақсаты, жұмыс тәртібі мен қолға алып отырған жоба мен іс-шаралары туралы мәлімет берді. Кафедраның студенттер арасында үлкен қолдауға ие екендігін атап өтіп, елімізде қалыптасқан Қазақстандық патриотизмнің ғылыми тұрғыда зерттеліп сараланауының маңыздылығын білдіріп, осы саладағы қолға алынған жобалар туралы мәлімет берді.

 

Вебинар соңында «Шетел филогиясы: ұйғыр тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті» мамандығының 1 курс студенті Ясмина Абдрахманова ұйғыр тілінде патриоттық «Қазақстан» өлеңін мәнерлеп оқыды (авторы Ш.Баратова). «Екі шет тілі» мамандығы 1 курс студенті Жамалова Фабиана азербайжан тілінде «Гөзалым бақым» өлеңін орындады.

 

Вебинарға институт студенттері мен магистранттары, кафедра оқытушы-профессор құрамы қатысты. Онлайн - кездесуді Қазақстан күрділерінің «Барбанг» қауымдастығының басшысы, професор Князь Мирзоев қорытындылап университет ұжымын, барлық студент пен оқытушылар қауымын 1 мамыр - Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесімен құттықтады. Барлық қатысушыларға мұндай жалпыұлттық патриоттық іс-шараға атсалысқандары үшін алғысын білдірді.

 

Вебинардың техникалық қолдауын аға оқытушылар Гүлназ Сәтбай мен Нұржамал Қоспағанбетова атқарды