ОҚУЛЫҚТЫ САПАЛЫ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТТІ ЖАЗАТЫН АВТОР
(Көрнекті эколог-ғалым Жұмәділ Шілдебаев 70 жаста)
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жұмәділ Бәйділдәұлы Шілдебаевтың 70 жасқа толуына арналған «Орта және жоғары мектептерде биологиялық және экологиялық білім берудің өзекті мәселелері: инновация және тәжірибе» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференцияның пленарлық мәжілісін ашқан университет ректоры, академик Серік Жайлауұлы Пірәлиев мерейтой иесінің ғылыми-педагогикалық қызыметіне кеңінен тоқталды.
- Профессор Ж.Б.Шілдебаев жоғарыда аталған оқу орнының 1972 жылғы түлегі. Тіпті бүгінгі күнге дейін осы қарашаңырақта студенттерге, магистранттар мен докторанттарға білім беруге бар саналы өмірін арнап келеді,- деді С.Ж.Пірәлиев. - Ғалымның Қазақстанның орта және жоғары білім беру жүйесіндегі еңбегін 3 бағытта қарастыруға болады. Алғашқы ғылыми-зерттеушілік бағыты - ҚазПИ-де, одан соң ғылыми-зерттеу институттарындағы еңбектері. Атап айтқанда, жас ғалым Қазақстанның табиғатын қорғау және экологиялық мәселелері мен жан-жануарлар әлеміне, ауыл шаруашылығына қатысты іргелі экологиялық зерттеулермен шұғылданған. Соның нәтижесінде «Ауыл шаруашылығының жайылым, дәнді-дақылдар, көкөніс зиянкестерімен күрес шаралары», «Арамшөптермен күрестің биологиялық тәсілдері», «Табиғат қорғаудың экологиялық негіздері» және басқада мемлекеттік маңызы бар ғылыми еңбектері отандық ауыл шаруашылығы экономикасын дамытуға елеулі үлес қосты.
Ж.Шілдебаевтың қызметінің екінші бағыты-педагогикалық-әдістемелік бағыт: ол 1990 жылдардан бастап аталған оқу орнында мектептерге оқулық пен оқу-әдістемелік құралдар жазумен айналысып келеді. Қазақстанның оқу жүйелерінде ана тілінде жазылған жаңа буынды оқулықтар қажет болған сол кезеңде Ж.Шілдебаев биология оқулықтарын жазуға белсене атсалысып, көп еңбек етті. Өзі биология пәнінен 9,11-сынып және экологиядан 9-сынып оқулықтарын жазды. Қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек тілдерінде шыққан бұл оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер күні бүгінге дейін мектеп жүйесінде қолданыста жүр.
Ж.Шілдебаев мектепте оқытылатын биология пәнінің мазмұнын экологияландыра отырып, оны жоғары мектептегі биологиялық және экологиялық білім берумен ұштастыруға қол жеткізді. Нәтижесінде, жоғары мектепке арналған ана тіліндегі алғашқы оқулықтары жарық көрді. Атап айтқанда «Экология», «Экология негіздері», «Экология және табиғатты тиімді пайдалану», «Биогеография», «Экологияны оқыту технологиясы», «Экология және тұрақты даму», «Биологияға кіріспе» сияқты оқулықтары жоғары оқу орындарында оқытылуда. Осылайша орта және жоғары мектепте биологиялық және экологиялық білім берудің үздіксіздік теориясы мен әдістемесінің тұжырымдамасын жасады. Аталған еңбектердің негізінде Ж.Шілдебаев 2006 жылы «Оқушыларға экологиялық білім мен тәрбие берудің теориясы мен әдістемесі» тақырыбында докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты.
Ж.Шілдебаевтың творчестволық еңбегінің үшінші бағыты - педагогикалық бағыт. Ол кафедра меңгерушісі, факультет деканы ретінде жауапты қызметтер атқара жүріп университетте білікті маман дайындау жұмысына белсене араласты. Білім жүйесіне кредиттік технологияның енгізілуіне байланысты бакалавр, магистр және PhD докторант дайындауда жаңа инновациялық оқыту технологиясын қолдана отырып тиісті нәтижелерге қол жеткізді. Бұрынғы Кеңес жүйесіне негізделген 3 ғылым докторына ғылыми кеңесші болды, 4 ғылым кандидатына, 3 PhD докторына, 50-ден астам магистрге диссертация қорғатып шығарды. Қазір профессор Ж.Шілдебаевтың PhD докторын биологиялық бағытта дайындау үрдісіндегі өз шығармашылық мектебі қалыптасқан. Ж.Шілдебаевты білікті маман ретінде ҚР Білім және ғылым министрлігі еліміздегі университеттерге мемлекеттік аттестаттау комиссиясының төрағасы ретінде жиі шақыртады. Басқа да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Ж.Шілдебаев ҚР БҒМ тағайындаған «Жоғарғы оқу орынының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының 2 мәрте иегері атанды (2007, 2015жж.).
Ректор Серік Жайлауұлы Пірәлиев мерейтой иесіне шапан жауып, құттықтау хат және «Ерен еңбегі үшін» медалін тапсырды. Бұдан кейін Жаратылыстану және география институтының директоры, профессор К.Д.Қаймулдинова мерейтой иесін институт ұжымы атынан құттықтады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институты ректорының кеңесшісі Рахат Хамитұлы Құрмантаев Қорқытата атындағы алтын медалін тапсырды. Алматы облыстық Мәслихатының депутаты Е.Ә.Келемсейт, Қырғыз Республикасы Арабаев атындағы Бішкек мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Айгүл Чалданбаева, «Мектеп» баспасы бас редакторының орынбасары Әуелей Оспанова, Авторлар мектебінің директоры Дариға Сухаева, Алматы облысы Панфилов ауданының әкімі Бердәулет Абдуллаев, Алматы қаласындағы №149 мектеп-гимназия директоры Шырынгүл Зейноллаева, Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры Базархан Иманғалиева, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары Айгүл Құрманбаева, Сұлтан Тілеуханов, Нұртай Торманов, Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры Асылбек Кенжебекұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ғайни Ділімбетова, ҚР Білім және ғылым министрлігі Зоология ғылыми зерттеу институтының ғалым хатшысы, профессор Гүлзат Есенбекова мерейтой иесіне ең ізгі тілектерін білдірді.
-Жұмәділ Байділдаұлы ұзақ жылдардан бері «Мектеп» баспасымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Басқа авторлардай емес, ол кісі мектеп оқушыларына және студенттерге арналған оқулықты өте мәдениетті, сапалы, түсінікті және мазмұнды етіп жазады. Сондықтан баспа ұжымы өзіміздің төл авторымыз Ж.Шілдебаевты өте қадірлейді,- деген баспа өкілі Әуелей Оспанованың пікірі Жұмекең туралы барлық жақсы сөзді бір-ақ ауыз сөзбен түйіндегендей болды.
Конференция бұдан кейін секциялар бойынша жұмыс істеді. Оларда 100-ге тарта баяндамалар талқыланды. Конференцияда талқыланған мәселелер бойынша білім сапасын дамытудың мына стратегиялық бағыттары айқындалды. Олар:
1. Қазақстанның орта және жоғары мектептердегі жаратылыстану ғылымы мен білімі бағытында білім берудің теориялық және практикалық тұрғыдан ғылымилық, үздіксіздік, қолданбалы және инновациялық бағытын ізгілендіру.
2. Жаратылыстану ғылымы негізінде білім берудің биологиялық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің практикалық әрі қолжетерлік қолданбалы бағыттарын жүзеге асыру.
3. Адамзаттың болашағы мен тағдыры қоршаған ортаның тазалығын сақтаумен тығыз байланысты болғандықтан барлық оқу жүйелерінде жастарға биоресурстарды тиімді пайдаланудың экологиялық білім мен тәрбие негізін қалыптастырудың іс-тәжірибесін өмірге енгізу.
Конференцияға ҚХР, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан ғалымдары қатысты.
Абай атындағы Қаз ҰПУ Баспасөз орталығы