қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
21.05.2021

Мақсат Жақауов: Рухани жаңғыру идеясы бәрімізге ұлт алдындағы үлкен жауапкершілікті артады

 


 

Абай атындағы ҚазҰПУ, «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Мақсат Жақауов сұхбатта ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттер төңірегінде ой қозғап, «Рухани жаңғыру» орталығының университет аясында атқарып жатқан жұмыстарының өзектілігі мен дамуына тоқталды. Сондай-ақ алдағы жоспарларымен бөлісті.

 

Мақсат Дөңесұлы, төрт жыл ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты жетістігі не болды деп санайсыз? Сіздің ойыңызша, бағдарламаның бастапқы мақсаты қаншалықты орындалып жатыр?


2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланған сәтте, біздің университеттің оқытушылық-профессорлық құрамы өз ортасында, студенттер аудиторияларында кеңінен талқылай бастады. Сол жылдың сәуір айларында Тарих және құқық институтының ұжымы бастамашыл болып, республикалық онлайн конференция форматында аймақтардың белді жоғары оқу орындарымен пікір алмасуларды өткізіп, академиялық-ғылыми ортаның қызу қолдауларын көрсетіп жатты. Әрине, мақаланың өзі университетіміздің ғылыми ортасына саналық деңгейде ой қозғатар серпіліс берді. Әсіресе, тарих, философия, мәдениеттану, филология, жағрафия тағы да сол сияқты қоғамдық ғылым саласының оқытушы-ғалымдары белсенді қатысты. Артынша, мемлекеттік бағдарлама деңгейінде Рухани жаңғыру бағыты күш алып, нақты обьектілерін анықтап, кіріскен шағында университет ұжымы бұл науқаннан сырт қалмай өз алдына стратегиялық бағытына енгізе бастады. Осы ретте, 2017 жылдан бастап ресми университет деңгейінде арнайы «Рухани жаңғыру жобалық кеңсесі» құрылып, кейін білдей орталыққа айналып шыға келді.


Міне, осы кезден бастап Орталық ресми мемлекеттік бағдарламаны университет қабырғасында түрлі жобаларды қолға алып жүзеге асыра бастады. Университет деңгейінде арнайы «Ұлы дала тұлғалары» атты өз алдына орталық құрылып, есімдері қоғамға мәшһүр, елдің әр саласында ерен еңбегін атқарып, халқымыздың жадынында өшпес ізін қалдырған қайраткерлеріміздің туындыларын, еңбектерін жинақтап, жазып, жарыққа шығаруды қолға алды. Сонымен бірге, мемлекетіміздің төл әліпбиін қайта түлету жолында латын әріптерін енгізу бағытында университет қабырғасында «Латын» ғылыми-практикалық орталығы іске қосылды. Бұған Филология және көптілді білім беру институтының оқытушы-ғалымдары қатысып, өз ұсыныстарын ғылыми орталарға, қоғамдық талқыларға жолдап, арнайы әдістемелік еңбектерін даярлай бастады. Университет студенттері арасында арнайы дәріс-семинарларын ұйымдастырылып, латын әрпінің қолдану жүйесін түсіндіріп, танымдық-қолданбалы курстарын жүзеге асырып келеді. Осы тұрғыда біздің университет білімгерлерінің арасында латиницаның маңыздылығын терең түсініп, практикалық қолданысында еш қиындықсыз жеңіл қабылдап жатқандығын айтқым келеді.

 

Жалпы, университетіміздің студенттері мен оқытушылары тарапынан Рухани жаңғыру бағытында белгілі бір қабылдау түсінігі қалыптасқан. Бұл біз үшін басты мақсат.

 

Сіз жетекшілік ететін «Рухани жаңғыру» орталығы қандай бағытта жұмыс істеп жатыр?


Ең алдымен, біздің Орталықтың жұмысы әрбір институтымыздың жеке жылдық жоспарында «Рухани жаңғыру-болашаққа бағдар» мемлекеттік бағдарламасының аясында кешенді іс-шараларының орын алуына қолдау көрсету болмақ. Сонымен бірге, орталықтың өз алдына нақты атаулы жобаларға арналған жоспары бекітілген. Міне, бұл бүгінгі орталықтың күнделікті жоспарға сай жұмыс істеуін қамтамасыз етпек.


Оның ішінде, «Туған жер» жобасы, «Латын әліпбиіне көшу» жобасы, «Қазақстанның киелі географиясы» жобасы, «100 жаңа есім - Тұлғатану» жобасы, Жаңа гуманитарлық білім: «100 жаңа оқулық» мемлекеттік бағдарлама аясындағы жобаларымен қатар, университет тарапынан өзімізде «Студенттер мен магистранттардың ұлттық санасын қалыптастыру» жобасы, «Абайтану жаңа белесте» жобасы, «Жыр алыбы - Жамбыл» жобасы, «Жаһандағы қазіргі қазақ мәдениеті» арнайы жобасы, «Ұлы дала жастары» жобалары жүзеге асырылып келеді.

 

Әрине, аталған жобалар университетіміздің идеологиялық құрылымы Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департаментімен етене тығыз жүзеге асырылса, академиялық және ғылым департаменттерінен бастап, барлық тікелей институттармен ақылдаса отырып, жұмыла кіріскен мемлекеттік бағыттағы жобалар өз уақытында орындалып келеді. Биылғы онлайн форматтарында да ақпараттық құралдардың озық дүниелерін пайдаланып, Рухани жаңғырудың мобильді, нақты, тиімді нәтижелерімен студенттер мен оқытушыларымызға қажетті іс-шараларымыз бен бастамаларымызды жеткізіп отырмыз.

 

Осы жылы қанша іс-шара өткізуді жоспарлап отырсыз? Сіздің ойыңызша, нақты қай бағытқа басымдық беру керек?


Биылғы оқу жылында университет дәсүрлі өтіп келе жатқан «Менің пірім - Сүйімбай» халықаралық айтысын, республикалық пікірсайыстарды, қалалық деңгейде «Абайдың асыл мұрасы» атты мектеп оқушылары мен студенттерге арналған байқаулар мен оқуларын өткізу, есімі танымал ғалымдар мен қайраткерлердің еңбектерін жарыққа шығару өз деңгейінде өтуде. Туған жер мен қасиетті жерлерге саяхаттау мақсатында арысы Бурабай, Бөрілі-Жидебай, Алаша хан, Түркістан, Қарахан, Айша бибі кесенелері бар қасиетті өңірлері болса, Алматы облысының көрікті жерлеріне студенттік туризмдік бағытта шығу, ол жерлерде көркемсуреттік плэнерлерді дәстүрлі форматта ұйымдастыру биылғы жылы жүзеге аспақ. Оның үстіне биылғы мерейтойлы жылдарға сәйкес, Жыр алыбы - Жамбылдың 175 жылдығына орай, Ыбырай Алтынсариннің, М.Мақатаевтың және т.с.с. еліміздің дарынды дар тұлғаларымызға арналған кешенді іс-шараларды орындау жыл соңына дейін жоспарда тұр. Барлығы екі жүзден астам үлкенді-кішілі, бірақ өте маңызды жұмыстар атқарылады.


«Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы жастарға білім мен тәрбие беруде қандай жетістіктерге қол жеткіземіз деп ойлайсыз?


Жақында Алматы қаласының №119 мектеп мұғалімдері және оқушыларымен кезекті кездесуімізде, осы сауалдың айналасында біраз пікір алмастық. Жеке зерттеулерім мен тәжірибеме сүйенсем, ең алдымен мемлекеттің бағытын дұрыс түсінуіміз керек. Қазіргі ақпараттық ағым мен жаһандық мәдениет толқынында ұлтымыздың заманауи формаларын, уақытқа өміршең қабілетін күшейткеніміз абзал. Ең бастысы, біз мынадай қателікке ұрынбауымыз керек. Егер қолға алынған бағдар, жоба, жоспарыңыз өскелең ұрпақтың талғамына келмесе, мейлі қанша алтынмен аптап, күміспен қаптап қойсаңыз да, оны баланың бойына сіңдіре алмайсыз.


Кез келген тәрбиелік мәнді жобаны адрестік аудиторияның жасын, білім деңгейін, қабылдау танымын, түйсік түсінігіне қарай бейімдеп жүргізу абзал. Университеттерде студенттерге түрпідей тиетін «массовка» болу деген оғаш ұғым қалыптасқан. Міне, осы тұрғыдан алғанда студенттің жүрегі мен санасына апарар жолды, құралды дұрыс анықтаған жөн. Егер қазіргі баланың 85 пайызы кітап оқымаса, оның орнына 95 пайызы инстаграмм мен тик-токта отырса, ендеше кешегі дәстүрлік форматтағы іс-шаралар, том-том кітаптарыңыз кім үшін жасалмақ? Сондықтан, «Рухани жаңғырудың» тәрбиелік саясатын жүзеге асыру айтарлықтай оңай дүние емес. Бұл жерде педагогикалық, психологиялық, философиялық секілді үлкен дайындықты қажет етеді. Осы бағытта университет басшылығы осы көктем айларында арнайы маманданған әдіскер-ғалымдардың көмегімен «Рухани жаңғырудың психологиялық негіздері» атты «Рухани жаңғыру» идеяларының академиялық, ғылыми негіздемелерін нақты түсіндіретін он күндік оқытушы-профессорларға курстарын өткізіп шықты. Әрі қарай да егер оффлайндық тәртіпке оқыту үдерісі көшетін болса, біз 13500-ден астам білімгерлерімізге тәрбиелік мәнді жұмыстарымызды кешенді түсіндіріп, жүргізе береміз деп нық сеніммен айтамын.

 

«Рухани жаңғыруымыз» үшін қандай бағытқа бет бұруымыз қажет?


Рухани жаңғыру бағытында жасалатын креативті бағыттар өте көп. Мысалы, ұлттық тарихты зерттеудегі жаңашыл көзқарастар, әлемнің озық ойлы жобалардың ұлтымыздың сарынында дәстүрлі форматтарда үйлесім табуы. Немесе ұлтымыздың ұлттық спортын, қару-жарағын, ойынын, қолөнерін, қасиетті жерлерін жаңа технологиялық жобалармен әлем тілдерінде сайратып көрсету, туризмді дамытуға әкелу. Ұлттық материалдық құндылықтарымызды брендке айналдырып, отандық экономикаға, мақтанышымызға айналдыру. Әлі де болса, әлемдік тәжірибелермен сусындаған осы бағыттағы кадрларды жасақтау. Біреудің көшірмесін емес, оның ұтымды жақтарын ұлтымыздың ерекшеліктеріне байытып қосып, жаһандық керуенге ілестіру. Кітап оқуға баланы заманауи жолдармен тәрбиелеу. Балалар әдебиетін, мультипликациясын, әндерін, поэзиясын, киноларын көтеру. Ізгілік пен мейірімділік, қайырымдылық, табиғатқа жанашырлық, құқықтық мәдениет, еңбекке баулу идеяларын, үлгілерін, жобаларын күшейту қажет деп түсінемін. Әрине, бүгін біз, ертеңгі елді тәрбиелейміз, осы ретте қалай рухани нәрін құйсақ, келешекте сондай жемісін көреміз. Сондықтан, Рухани жаңғыру идеясы бәрімізге ұлт алдындағы үлкен жауапкершілікті артатынын ұмытпауымыз керек.

 

 

Абай атындағы ҚазҰПУ, «Рухани жаңғыру» орталығы

21.05.2021  ж.

Ақпарат көзі: kazgazeta.kz