Главная /
СМИ о нас
17.06.2021 Жалақыға сай талап та жоғары болуға тиіс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы білім беру мен саналы ұрпақ тәрбиелеу мәселесіне басымдық беріп келеді. Осы орайда мұғалімдердің мәртебесін арттыруға бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы білім беру саласында үлкен серпіліс туғызды.
Әрине, қазіргі заманда кез келген маман беделінің артуына әлеуметтік жағдайының жақсаруы зор ықпалын тигізеді. Бұл ретте мұғалімдердің еңбекақысы едәуір көтеріліп, мерейі де өсіп қалды. Дегенмен ұстаздардың айлығын ғана емес, сапасын да арттыру ұдайы назарда болуға тиіс. Яғни лайықты бағаға лайықты сапа керек екені сөзсіз.
Мұғалімдердің қоғамдағы мәртебесін арттыру мен әлеуметтік жағдайын жақсартуды Тамыз конференциясында көтерген Президент алдағы үш-төрт жыл ішінде осы бағытта кешенді жұмыстарды жүзеге асыруды тапсырған еді. «Алдымызда тұрған құбылмалы заманда жастарымыз еңбекқор болмаса, ешқандай бәсекеге түсе алмайтынын терең түсінуі керек. Білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Бұл, алдымен, мұғалімдердің біліктілігіне, оқулықтардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылым мен материалдық қорға байланысты. Аталған бағыттар бойынша тиімді жұмыс істеу қажет, яғни туындаған мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды шешудің оңтайлы жолдарын ұсыну керек», деді Мемлекет басшысы.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің жоғары оқу орындарының педагогика мамандығында оқитын студенттермен, оқытушылармен кездесулерінде «Ұстазы білікті болса, баланың білімі де сапалы, тәрбиесі де жақсы болады» дегенді үнемі қаперде ұстап келеді. Осы орайда заманауи педагогке ғылым мен техника қарқын алған заманда өмірге бейім, жаһандық өзгерістерге, еліміздің индустриялық-инновациялық бағыт-бағдарына икемді, бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу міндеті жүктеліп отыр.
Елімізде «Білім және ғылым туралы» заңға өзгерістердің енгізілуі, «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы педагогтердің сапалық құрамының жақсаруына, мектептер мен жоғары оқу орындарында қордаланған түйткілді мәселелердің бірте-бірте шешілуіне ықпал етіп отыр. Бұл өз кезегінде мұғалім мамандығына деген сұранысты арттырды. Осындай пікірін алға тартқан Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков соңғы кезде мұғалім мамандығына түсетін студенттердің саны артқанын айтады.
Мысалы, 2021 жылы оқуға түскен 13 мың түлектің 65 пайызы мұғалім мамандығын таңдаған. Жалпы, студенттердің 55 пайызы мемлекеттік грантқа қабылданған десек, соңғы екі жылда университетке мұғалім мамандығына квота берілмегендіктен, түлектер республикалық квотаны жеңіп алуға тырысуда. Хайрулла Нышанұлының айтуынша, мұғалім мамандығына «Алтын белгімен» бітірген түлектер тарапынан сұраныс артып келеді. Мысалы, 2018-2019 жылы «Алтын белгімен» бітірген 200 студенттің 143-і, яғни 72 пайызы мұғалім мамандығын таңдаса, 2019-2020 оқу жылында 300 «Алтын белгі» иегерлерінің 177-cі, ал былтыр 522 талапкердің 300-і мұғалім мамандығына оқуға түскен.
Соңғы отыз жылда білім саласында қордаланған мәселелерді бір-екі жыл ішінде шешіп тастай алмайтынымыз анық. Дегенмен «Педагог мәртебесі туралы» заңның күшіне енуімен мектептегі жүктемесін он екі сағат бойы арқалап, қолбалаға айнала бастаған көптеген мұғалімнің иығынан жүк түсті. Әрбір ұстаз білімнің жаршысы, тәрбиенің ұйытқысы екеніне көзі жеткендей. Осы орайда өз пікірімен бөліскен Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлы: «Көптеген реформадан шаршаған әрі жеткілікті көңіл бөлінбеген саладағы жағдай баршаға мәлім. Осы жылдарда білім саласынан дарынды мамандардың басқа жаққа кету үрдісі орын алып, мектептер аутсайдерлер мен басқа саладан жұмыс таппағандардың ордасына айналды. Осылайша, әртүрлі келеңсіздіктерге тап болған саланы аз уақытта түзету мүмкін емес», деп атап өтті.
Сондай-ақ оның айтуынша, «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы біріншіден, мұғалімдерді қағазбастылықтан, өзіне тиісті емес шаруалардан арашалаудың алғышартына айналып отыр. Мұғалімнің жалақысы көтеріліп, алдағы уақытта әлеуметтік жағдайына жіті көңіл бөлінетіні саладан он шақты жыл бұрын кеткен мамандарды білім ордаларына қайта оралуға ықпал етті. Оларды жұмысқа қабылдаған кезде біліктілігін растау тетіктерін қолданумен қатар, білімін арттыру мәселесі де уақыт күттірмейді. Ал кәсіби біліктілігін қайта шыңдау үшін білігі төмен мұғалімдерді базалық білімге қайтадан оқытуды сапалы, жүйелі түрде жолға қою қажет. Бұл бір апталық немесе он күндік курстармен емес, үш айдан бір жылға дейінгі оқулармен жалғасын табуы тиіс.
Мұғалімнің білімі сапалы болмай, білім беру үрдісі оңалмайды. Ал осы заң аясында педагог мәртебесі категориясының енгізілуін дұрыс шешім деп бағалаған А.Ахметжанұлы аттестациялау барысын күшейтуді ұсынды.
«50 пайыздан төмен көрсеткіш алған мұғалімдерге шектеме қойылуы қажет. Мысалы, 80 балдық тест нәтижесінде 30 балл алып жатса, онда қайта өтуге, тіптен жұмыс орнын босатуға дейінгі қатаң талаптар қолданған жөн болар. Орнына басқа адамдарды кіргізу, не болмаса мұғалімдердің басым көпшілігінің біліктілігін қорғай алмау фактілерінің кездесіп жүргені саладағы «қасірет». Ал аутсайдерлер мен ақша үшін мұғалім болып жүргендерден саланы тазартпай, сапаға қол жеткізе алмасымыз анық. Сондықтан да педагог біліктілігіне мәртебе керек», деді ол.
А.Ахметжанұлының айтуынша, мұғалімдерді қолдауға арналған жаңа заң аясында жүктемесі азайған мұғалімдер үшін тың мүмкіндіктерге жол ашылды. Дегенмен әлі де жүктеме арқалап жүрген мұғалімдердің бар екені белгілі. Жұмыстың нәтижелі болмағы жергілікті білім басқармаларына байланысты. Сондай-ақ әрбір мұғалімнің құқықтық сауаты болғаны маңызды. Білікті маман, ойы озық ұстаз - мектептің абыройы. Сонымен бірге заң шеңберінде тәлімгерлік қолдау мәселесі де оңды іс болды. Жаңадан келген жас маманға іс-тәжірибесімен бөлісіп, алға жетелеп, жол көрсете білетін кәсіби маманның орны айрықша. Сондай-ақ мектеп директорын да таңдаған кезде бәсекелестік орта қажет. Ал айлығының төмендігіне байланысты бұл орынға қызығатындар аз әрі конкурс барысында қиындық туғызатын көрінеді. Сондықтан да бұл салада бәсекелестік орта қажет әрі бюрократиялық қадамдардың шектелгені ләзім.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласындағы №61 мектептің директоры Ернұр Омарханов қандай заң қабылданса да мұғалімнің мәртебесін көтеретін мұғалімнің өзі екенін атап өтті. Өйткені мұғалімнің ата-ананың, оқушының алдындағы жауапкершілігі жоғары. Ал пандемия кезінде қоғам мұғалімнің де, дәрігердің де қадірін түсінгендей. Ел іргесіне індет кіргенде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында осы екі мамандықтың иелері жүрді.
«Жаңартылған оқу бағдарламасына көшу кезінде жаңаша критерий алды бағалау, жаңаша оқыту мақсаттары мен стандарттарын меңгеру мұғалімдер үшін оңай болған жоқ. Олар барлық курстан өтті. Қашықтан оқыту кезінде заманауи ресурстарды меңгеріп, оқушыларға қал-қадерінше білім беруге тырысты. Десек те, білікті мұғалімнің бастауы - жоғары білімде. Осы орайда педагогикалық мамандықты таңдаған түлектерді материалдық-техникалық, оқу-әдістемелік базасы жетілген оқу орындарда дайындау қажет. Ал педагогикалық мамандыққа түсетіндер үшін шектік балдың 75-ке көтерілуі - құптарлық жағдай. Егер талапкер осы шектік балды жинай алмаған жағдайда ақылы бөлімге де іліге алмайды. Бұл өз кезегінде талаптың күшейгенін көрсетеді. Яғни мұғалім болуға білімі таяз түлектердің түсуіне жол жоқ. Сонда ғана мектепке мықты мұғалім келеді. Ал сапалы білім - еліміздің әлеуметтік-экономикалық болашағының кепілі», деді Е.Омарханов.
Бұл ретте Президенттің педагогикалық мамандықты таңдаған түлектерге 42 мың теңге стипендия тағайындау туралы тапсырмасы салада қалыптасқан үдерістерді оң арнаға бұрғандай. Оған осыдан 5-6 жыл бұрын «Алтын белгіге» бітірген түлектердің мұғалім мамандығына бармай келгенін мысалға келтіруге болады. Ал соңғы кездері «Алтын белгі» иегерлері педагогикалық мамандықтарға көптеп түсе бастады. Бұл жағдайға қоғамдағы мұғалімге деген көзқарастың өзгеруі мен еңбекақысының өсуі ықпал етті деуге негіз бар.
Соңғы уақытта мектептерде мұғалімдер арасында бәсекелестік орта қалыптаса бастады. Оның бір себебін алдағы оқу жылында күшіне енетін аттестациялаудың жаңа талаптарымен байланыстырған Ернұр Омарханов бұл жүйеде мұғалімге талап күшті екенін айтады. Тесттен өту барысында мұғалім қандай да бір ережелерді бұзатын болса, онда 5 жылға дейін аттестациядан өту құқығынан айырылады. Мұның өзі - мұғалім үшін ауыр жаза. Санатының төмендеуі салдарынан алатын жалақысы да төмендейтіні заңдылық. Сондықтан мектеп мұғалімдері үшін қай кезде де шығармашылық ізденіс маңызды. Ал олимпиадаға дайындық, сондай-ақ дарынды балаларды оқыту, нашар оқушылармен жұмыс істеу, сынып сапасын көтерудегі өзіндік жаңа тәжірибелермен бөлісуі санатына, алатын жалақысына да оң ықпал ететіні сөзсіз.
Сонымен қатар қазіргі кезде бірқатар мектепте мұғалім жұмысына мониторинг жасау үрдісі жолға қойылған. Комиссия шешімінің қорытындысына орай мұғалімдердің шығармашылық жұмыстарының нәтижесі бағаланып, ынталандыру коэффицентіне ие болады. Бұл да мұғалім ізденісіне бағытталған кешенді қадамдардың бірі. Біліктілігін арттыратын мұғалім үшін мектептің шалғай өңірде орналасқаны маңызды емес. Оған тек мұғалімнің ынтасы мен ерік-жігері қажет. Ал жастардың мектепке көптеп келе бастауы білім жүйесіндегі тағы бір жағымды жаңалық. Заманауи технологияларды, жаңашыл әдіс-тәсілдерді меңгерген жастар бойында ынта-жігер басым. Ал талпыныс пен жылдамдық бар жерде бәсеке жоғары.
17.06.2021 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz |