Главная /
СМИ о нас
25.07.2021 Хайрулла Жәнібеков: «Саналы ұрпақ тәрбиелеуде ЖОО-ның орны ерекше»
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры, профессор Хайрулла Нышанұлымен сұхбаттасып, отандық білім беру саласындағы өзекті сұрақтарға жауап алдық. «ЖАС ҰРПАҚТЫ ТӘРБИЕЛЕУ БІРНЕШЕ САТЫДАН ТҰРАДЫ» - Хайрулла Нышанұлы, инновациялық процессіз ЖОО-ның дамуы мүмкін еместігін жақсы білесіз. Бүгінде тұңғыш университетте қандай білім беру бағдарламалары бар? Жаңадан енгізілген инновациялық оқыту жүйесі бар ма, болса олар қаншалықты тиімді?
- Жаңылмасам, Тамыз кеңесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, діні берік болады. Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау - ең алдымен жас буынға артылған зор үміт. Кейінгі ұрпақ Тәуелсіздігіміздің туын әрқашан биік ұстауы тиіс. Сондықтан білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі», - деп ұстаздар қауымына ауыр жүктің артылатынын айқындап берді. Бұл сөздің педагог мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарына да қатысы бар. Себебі, жас ұрпақты тәрбиелеу бірнеше сатыдан тұрады. Оқушылар мектепте жүйелі білім алса, ЖОО-ға келгенде олардан сапалы маман шығарудың мүмкіндігі зор.
Саналы ұрпақ тәрбиелеуде ЖОО-ның орны ерекше. Әсіресе, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің рөлі жоғары. Оқу орнында студенттердің 70%-нан мұғалімдер даярлайтындықтан, атына заты сай классикалық университет болып қалыптастық. Университет өзінің әрбір қызметкерін біліктілікті арттыру курстарынан өткізіп, кәсіптік шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді. Мәселен, 2019 жылы оқу орнының 76 қызметкері біліктілік арттыру курстарынан өтсе, оның бесеуі шетелдік, қалған 71-і еліміздегі «Өрлеу» ұлттық біліктілікті жетілдіру орталығы мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің базасында арнаулы курстарда білімін шыңдады. Сондай-ақ, 5-10 қаңтар аралығында өткен «Қысқы мектеп» және 5-10 маусым күндері ұйымдастырылған «Жазғы мектепте» 790 тыңдаушы арнаулы курстардан өтті. Олардың 728-і университеттің профессор-оқытушылары, 33-і кітапхана қызметкерлері.
Соңғы үш-төрт жылдан бері оқыту бағдарламаларының барлығы ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен Болон процесінің аясында жүзеге асады. Министрліктің сайтына инновациялық әдістемелердің электронды нұсқасы жүктеледі. Нұсқалар жарияланғаннан соң, жұмыс берушілер мен тәуелсіз сарапшылардың сараптамасынан өтеді. Одан кейін талқылаудан өтіп, бағдарламалардың олқылықтары түзетіледі. Тек содан кейін ғана жаңа бағдарламалар қолданысқа енеді. Мысалы, бұрын университеттердің оқыту бағдарламаларын ғылыми кеңес бекітетін. Қазір де солай. Алайда, бүгінде Болон процесінің аясындағы бағдарламаларда ашықтық бар. Нұсқалар талқылаудан өткен соң ғана бекітіледі.
ҚР «Білім туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, универститетімізде 289 жаңа білім беру бағдарламасы болды. Соның ішінде Major-Minor қосымша траекториялы бағдарламаларын атап өткім келеді. Бағдарламалар жайлы түсіндіре кетейін. Мәселен, болашақ математика пәнінің мұғаліміне қосымша информатика пәнін немесе бизнесті дамыту саласын оқуға болады. Білім алушы өзіне қажетті траекторияны таңдай алады. Сол үшін былтырғы оқу жылында 82 Major бағдарламасы, 27 Minor бағдарламасы әзірленді.
- Коронавирус пандемиясына байланысты білім беру мекемелері де қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті. Сіз үшін онлайн оқу мен оффлайн оқытудың ерекшеліктері неде? Студенттердің білімін онлайнға дейін және одан кейін деп бағалауға бола ма?
- Өте орынды сұрақ. Әрине, бағалауға болады және бағалауға тиіспіз де. Өйткені, пандемияға дейін негізінен дәстүрлі оқу жүйесінде болдық. Бірлі-жарым курстарды ғана онлайн форматта өткізетінбіз. Қанша дегенмен де дәстүрлі оқыту жүйесі артық. Бірақ, менің ойымша, қазіргі кезеңде адам капиталының байлығы қымбат дер едім. Адам капиталының байлығы деп отырғаным - біз бен сіздің және жасөспірімдеріміздің денсаулығы. Әрине, күнделікті көзбен көріп, алдыңдағы шәкіртпен емен-жарқын сұхбаттасып, жаңа тақырыптарды бірге талқылаудың орны бөлек. Әйтсе де, онлайн оқу жоғары деңгейде болмаса да, жоғары деңгейге жуық деп айтуға әбден болады.
Биыл көктемгі сессиямыз да жаңа форматта өтті. Барлығы онлайн жүйеге ауысты. Бұрынғыдай дәстүрлі ауызша емтихандар алынбады. Емтихандардың ашық кітап, жабық кітап деген сияқты жаңа жүйесі енгізілді. Ашық кітапта студентке сұрақ қойылып, жауап беруге екі апта уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде студент сұраққа жауап жазады. Бұл жерде көшіріп алуға мүмкіндік бар. Бірақ, студенттің жазған дүниесі антиплагиат бағдарламасымен тексеріледі.
Оффлайн оқыту жүйесіндегі көктемгі сессия мен онлайн жүйесіндегі көктемгі сессияның нәтижелеріндегі айырмашылықтарды көріп отырмыз. Мысалы, 2019 жылғы көктемгі сессияның көрсеткіші - 91% болса, қазіргі онлайн сессияның көрсеткіші - 86%. Яғни, 5%-ға төмендеді. Бірақ, мұның кейбір себептерден туындағанын ескеруіміз қажет. Шалғай аудандарда тұратын студенттердің үлгеріміне интернеттің нашарлығы кесірін тигізгені бәрімізге мәлім. Қалай айтсақ та, онлайн оқу жүйесі дәстүрлі білім беруден кемшін түсетінін мойындауымыз керек.
«ОҚЫТУШЫЛАРЫМЫЗ ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯМЕН ТОЛЫҚ ҚАРУЛАНДЫ»
- Хайрулла Нышанұлы, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында «цифрлы педагогика» деген термин пайда болды. Университетте профессор-оқытушылар құрамын заман ағымына бейімдеу үшін қандай шаралар қолға алынды?
- Пандемияға дейінгі екі-үш жыл бұрын президенттік мұрағат толығымен цифрлы жүйеге ауысты. Дәл сол жылдары «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында цифрлы жүйеге ауысуға біздің мамандарымыз дайын болмады. Баршамызға белгілі, президенттік мұрағатты цифрландыруды IT мамандары мен тарихшылар бірлесе отырып жүзеге асырған еді. Ал, біз мұндай мамандарды даярлау үшін арнайы бағдарлама жасадық. Соның аясында соңғы екі жылдың ішінде цифрландыруға қол жеткіздік. Тоқ етерін айтқанда, іс-шара алдымен болды да, оқу кейіннен болды. Негізі бірінші мамандарды даярлап, артынша әрекет ету керек еді.
Сонымен қатар, Мәскеу педагогикалық университетімен бірігіп, педагогикалық өлшем, цифрлы құқық және цифрлы білім берудегі психологиялық қажеттіліктерді қолдану деген сынды жаңа білім бағдарламалары енгізілді. Жаңа бағдарламалардың жүзеге асып жатқаны қуантады. Алайда, цифрлы жүйеде, онлайн жүйеде оқысақ та, академиялық адалдықты сақтауымыз қажет. Себебі, экранның ар жағындағы оқушы интернеттен қарап жатыр ма, кітаптан көшіріп жатыр ма - бізге белгісіз. Сол үшін де мұндай әрекеттердің алдын-алуды ойластыруымыз керек.
- Қашықтықтан оқыту барысында түрлі онлайн оқу платформаларын пайдаландық. Сіздер үшін қай платформа тиімді болды? Қарашаңырақта қайсысына басымдық берілді?
- 2020-2021 оқу жылы онлайн форматта қашықтықтан ұйымдастырылғандықтан, студенттеріміздің кедергісіз білім алуы үшін профессор-оқытушыларымыздың цифрлық сауаттылығын арттыруды қолға алдық. Сол мақсатта «Цифрлы педагог» курсын ұйымдастырған болатынбыз. Курста оқытушыларымыз қажетті ақпараттарын алып, берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындады. Біз кері байланысты сауатты жүргізе білген оқытушыларымызға ректордың арнайы сертификатын табыстадық. Нәтижесінде, оқытушыларымыз Zoom, Google Meet, Microsoft Teams, G-Suit, Microsoft Classroom, Scype платформаларымен жыл бойына еркін жұмыс атқарды. Қарашаңырақта Zoom, Google Meet платформалары кеңінен қолданылды.
Жалпы алғанда, «Цифрлы педагог» курсынан 750-ге жуық профессор-оқытушылар өтті. Мамандарды жаппай даярлау төрт кезеңнен тұрды. Оқытушылар түске дейін курсқа қатысып, түстен кейін онлайн сабақтар беріп жүрді. Осының арқасында қысқа мерзімде нәтиже көрсеттік деп ойлаймын. Курсқа қатысушылар miro.com, padlet.com, mentimeter, googl-де құжаттарды және OBS-studio-ның көмегімен бейне дәрістерді өткізуді меңгерді. Қысқасы, оқытушыларымыз жаңа оқу жылының қарсаңында цифрлық технологиямен толық қаруланды.
Жасыратыны жоқ, егде жастағы оқытушылар үшін Zoom қолайлы платформа болды. Себебі, оқу процесінің қалай өткенін білуге болады. Сабақтар жүйеде сақталады. Әрине, бұл өзге платформаларда да бар. Бірақ, Zoom-ның құрылымы қарапайым әрі ыңғайлы.
- Карантин кезінде ақылы бөлімде оқитын студенттерге қандай да бір жеңілдіктер қарастырылды ма? Ал, қазір ЖОО-да вакцинациялау бойынша ынталандыру іс-шаралары қалай жүзеге асып жатыр?
- Оқу орны мен студенттің арасында Білім және ғылым министрлігінің, Алматы әкімшілігінің тапсырмаларын, әлеуметтік университет стратегиялық бағдарламасын басшылыққа ала отырып, келісімшарт жасалады. Жеңілдіктерге келсек, шарттардың орындалуын білім алушының жағдайына қарай талап етеміз. Карантин кезінде студенттердің оқу ақысын бөліп төлеуіне немесе жылдың соңына дейін кешіктіріп төлеуіне мүмкіндік бердік. Бұдан бөлек, университетімізде басқа да жеңілдіктер жасалады. Тек қана біздің оқу орнында ғана ақылы бөлімде оқитын студенттерге көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, талапкер «Алтын белгі» иегері болып, ақылы бөлімге түссе, бір жыл тегін оқиды. Үздік аттестат иегері ақылы бөлімге түссе, алғашқы жылы 50%-дық жеңілдікпен оқи алады. Сонымен қатар, егер «Алтын белгі» иегері жыл бойы 95 балл алып келсе, оған келесі оқу жылын тегін оқуға мүмкіндік беріледі.
Мұндай жеңілдіктер талапкерлер үшін үлкен көмек деп білемін. Мәселен, кейбір мамандықтарға гранттың аз бөлінуі және конкурстың жоғары болуынан «Алтын белгі» иегерлері гранттан қағылып жатады. Осыны ескере келе, университетіміз жоғарыда аталған жеңілдіктерді қарастырды. «Алтын белгі» иегерлері ақылы бөлімде жеңілдіктерге ие болса, университет студенттер қатарын білімді жастармен толықтырады. Бастаманың нәтижесі жаман емес. Көрсеткіш жылдан жылға өсіп келеді. Сөзім дәлелді болу үшін статистикалық мәліметтер келтірейін. 2017-2018 оқу жылында бар жоғы 76 «Алтын белгі» иегері болса, 2018-2019 жылдары - 199, 2019-2020 жылдары - 300, 2020-2021 оқу жылы - 522 «Алтын белгі» иегері университетімізге оқуға түсті. Яғни, бізге келетін «Алтын белгі» иегерлерінің саны жылдан жылға артып келеді.
Сондай-ақ, студенттің әлеуметтік жағдайы да есепке алынады. Көп балалы отбасыдан шықса, толық немесе жартылай жетім санатына жатса, оқу ақысын төлеуде жеңілдіктер қарастырылады.
Енді екінші сұрағыңызға жауап берсем. Әлемді шарпыған коронавирус індетін жеңуде вакцинациялаудың маңызы зор. Екпе алудың екі түрлі маңыздылығын атап өтер едім. Біріншіден, оқытушыларымыз бен білім алушыларымыздың саулығын қамтамасыз етеміз. Екіншіден, дәстүрлі оқыту жүйесіне оралып, білім сапасының тұрақтылығына қол жеткіземіз. Сол мақсатта университетіміздің тәрбие басқармасы ынталандыру шараларын қолға алды. Олар шілденің 15-не дейінгі аралықта екпе алған студенттер арасында түрлі сайыстарды ұйымдастыруға білек сыбана кірісуде. Жарыс жүлдегерлеріне университет басшылығының тарапынан сыйлықтар (оқу ақысына жеңілдіктер немесе курортты аймақтарға жолдама) беріледі.
«ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖАЛАҚЫҒА ҚАТЫСТЫ ТАПСЫРМАСЫ ОРЫНДАЛДЫ»
- Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарғы оқу орындарындағы педагогикалық-оқытушылық құрамның жалақысын арттыруға қатысты тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасын Сіздер қалай орындадыңыздар?
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі білім сапасын арттыруда көптеген игі бастамаларға бастамашы болып отыр. Соның бірі - педагог мамандардың жалақысын арттыру. Білім және ғылым министрлігінің жаңа қаулысымен оқытушының жүктемесі 690 сағаттан көп болмауы керек және қатардағы оқытушының жалақысы 200 мың теңге, профессордың жалақысы 400 мың теңгені құрауы тиіс. Осыған орай біз де университеттегі профессор-оқытушылар құрамының жалақысын 25%-ға көтердік.
- Университеттің оқу үдерісіндегі жетістіктері қандай?
- Қарашаңырағымыз педагогикалық университеттер арасында әрдайым көш бастап келеді. Бұл оқу орнының сапалы мамандар даярлаудағы қажырлы еңбегінің жемісі деп білемін. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз бар. Мысалы, педагогикалық іс-тәжірибеге жіберілген студенттер арасынан 297 білім алушымыз мектеп басшылығының сұрауымен жұмысқа орналасты. Тағлымдама жұмыстарын жандандыру үшін орта мектептерде 10-15 жыл сынып жетекшісі болған ұстаздардан және ЖОО-ның білікті мамандарынан құралған жұмыс тобын жасақтадық. Біріккен жұмыс тобы тағлымдамадан өтетін студенттерді сынып жетекшісі болуға баулитын элективті курс әзірлейді. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында былтырғы оқу жылында 4 864 студенттіміз педагогикалық іс-тәжірибені ойдағыдай тәмамдады. Сондай-ақ, университетіміздегі «Мансап» орталығына биылдың өзінде 4 мыңға жуық студентімізге мұғалім болуға ұсыныс түсті. Сұраныстың артуы студенттеріміздің білім сапасының артқанын көрсетеді.
2020-2021 оқу жылында 364 ОПҚ 30 сағат көлемінде мектептермен байланыс орнатты. ОПҚ тарапынан 34 арнайы элективті курс, 184 дәріс, 148 семинар, шеберлік сағаттары мен вебинарлар, Youtube пен Facebook-те 65 онлайн сабақтар, 10 онлайн дәріс оқылып, 6 серіктестік сабақтары өткізілді. Сонымен қатар, ЖОО оқытушыларының жетекшілігімен 457 студент олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, 49 студент жеңімпаз атанды. Биыл да мектептің әдіскерлерімен бірлесе отырып, 61 білім беру бағдарламасы жаңартылды. 10 мектепте кафедраларымыздың филиалдары ашылып, 123 меморандумға қол қойылды.
Оқу орнымыз спорттағы жетістіктерден де құр алақан емес. Биыл рухани астанамыз Түркістан қаласында өткен республикалық ХІ жазғы универсиада ойындарында жүлдегер атандық. 30 спорт түрінен 60 ЖОО-ның арасында үшінші орынды иелендік. Жалпы саны 167 медаль алдық. Соның ішінде спортшы студенттеріміз 18 алтын, 47 күміс, 102 қола медаль иеленді. Бұл біз үшін ерекше тарихи сәт дер едім. Себебі, соңғы 12 жылда спорттық додаларда топ жармаған едік.
- ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен отандық жоғары оқу орындары биылдан бастап жеке үлгідегі дипломдар бере бастады. Сіздерде бұл мәселе қалай шешімін тапты?
- Өзіңізге белгілі, 2018 жылдың 4 шілдесінде жалпы білім беру Заңының 41-бабына өзгерістер енгізілгеннен кейін оқу орындары академиялық дербестікке ие болды. Аталған бапқа сүйене отырып, ЖОО-лар биылдан бастап жеке үлгідегі дипломдарын берді. Біз бұған дайындық жұмыстарын желтоқсан айында бастадық. Университетіміздің директорлар кеңесі мен ғылыми кеңесінің шешімімен дипломның дизайны, логотипі бекітілді. Жаңа үлгідегі дипломның 12-ге жуық қорғаныш белгілері бар. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес, жеке үлгідегі әр дипломға QR код орнаттық. Бұл арқылы диплом иесі туралы барлық мәліметті алуға болады. Дипломның нөмірі, ЖСН-і, қай жылдары білім алды, қандай мамандық иесі екендігі туралы мәлімет береді. Бұл да бір цифрлық технологияның жаңашылдығы. Диплом үлгісі толықтай кесіп-пішілген соң, Алматыдағы банкнот фабрикасына арнайы тапсырма бердік. Осының нәтижесінде қазақша, орысша, ағылшынша нұсқаларындағы жеке үлгідегі дипломымызды шығардық.
Қорыта айтқанда, қазақ білімінің қарашаңырағына айналған білім ордасы үшін бұл міндет бәлендей қиындық тудыра қойды деп ойламаймын.
- Хайрулла Нышанұлы, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!
Әңгімелескен: Фараби Сәйкенов 25.07.2021 ж. Ақпарат көзі: qazaq1913.com
|