қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
31.08.2021

  

 

Құрметті Абай университетінің білім алушылары, оқытушылары мен қызметкерлері!

 

Сіздерді келе жатқан Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!

 

Құрметті бірінші курс студенттері! Республикамыздың бас педагогикалық жоғары оқу орны Абай университетіне оқуға түсіп, дұрыс қадам жасадыңыздар. Өткен жаз айлары сіздер үшін қиын болды - жауапты таңдау жасадыңыздар, болашақ мамандықтарыңызды таңдадыңыздар, сынақтардан сәтті өтіп, Абай университетінің студенттері атандыңыздар. Мұнда әрқайсысыңыздың идеяларыңыз бен таланттарыңызды жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктер бар. Студенттік шақ - бұл жастардың болашақ өмірінің негізін қалайтын уақыт. Университет басшылығы студенттік өмірлеріңіз өте қызықты болуы үшін бар күшін салады: үйреніңіздер, жасаңыздар, ғылыммен айналысыңыз, спортпен шұғылданыңыздар.

 

Қымбатты студенттер, магистранттар мен докторанттар, алдағы оқу жылында сіздер үшін саналы өмірге нақты қадамдар күтіп тұр: дәрістер, ғылыми конференциялар, олимпиадалар мен конкурстар, мәдени және спорттық іс-шаралар. Бұл маңызды кезең, және болашақ кәсіби шеберліктеріңіз бен жеке жетістіктеріңіз сіздерге байланысты.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері - біздің қаламыздың ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы. Өмірдің әр түрлі салаларындағы жетістіктерімен талантты жастарымыз университетіміздің дамуына зор үлес қосуда. Біз олардың ғылыми, спорттық және интеллектуалдық жарыстардағы жеңістерін мақтан тұтамыз. Көп жағдайда олардың жетістігі - бұл аға буынның: оқытушылардың және оларға ең жақсы тәрбие беруге ұмтылатын тәлімгерлердің еңбегі.

 

Құрметті әріптестер! Еліміздің жас ұрпағын оқыту мен тәрбиелеудегі жемісті еңбектеріңізге, университеттің одан әрі дамуына қосқан зор үлестеріңізге алғыс айтамын.

Жаңа оқу жылы біздің ұжым үшін жемісті және табысты болсын. Мықты денсаулық, қуаныш және табыс тілеймін!

 

 

Құрметпен, ректор Дархан Біләлов