қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
17.09.2021

Тұңғыш университет 2020-2021 оқу жылын қорытындылады


  


Бүгін, 17 қыркүйекте «Абай атындағы ҚазҰПУ» КеАҚ Басқарма Төрағасы - Ректоры Дархан Біләлов елдегі тұңғыш университетте 2020-2021 оқу жылында атқарылған жұмыстар бойынша қорытынды есеп берді.


Ұстаздар ұстаханасында жүзеге асырылып жатқан іргелі істер, толайым табыстар мен жеткен жетістіктерге тоқталған Дархан Нұрланұлының мәліметінше, білім беру қызметін 1 000-нан астам оқытушы-профессор құрамы жүзеге асырады. Соның ішінде 146 ғылым докторы, 348 ғылым кандидаты, 101 РhD докторы, 390 ғылым магистрі бар. Профессор-оқытушылар құрамының дәрежелілігі 55%-ды құрайды. Сонымен қатар, университет құрылымына 7 бейінді институт және 1 факультет, 30 кафедра, көптеген ғылыми зертханалар мен орталықтар кіреді. Білім ордасы маман дайындаудың 6 бағыты бойынша білім беру қызметін жүзеге асырады.


93 жылдық тарихы бар университет 2020-2021 оқу жылын үлкен жетістікпен аяқтап отыр деп айтуға негіз бар. Өйткені, Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігі (АРТА) 2021 жылы өткізген ЖОО-ның Ұлттық рейтингісі қорытындысында Абай университеті ҚР ЖОО Бас рейтингісінің үздік жиырмалығына еніп, 85 жоғары оқу орны қатысқан тізімде 4-орынды иеленді. Оның ішінде «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша институционалдық рейтингте көш бастады. Бұл - бір. Екіншіден, әлемдік рейтингтерде де көрсеткіші тәуір. Мәселен, QS World University Ranking by Subject-2021 рейтингінде әлемнің 201-250 үздік жоғары оқу орындарының тобына, ТМД-да «Ағылшын тілі мен әдебиеті» пәні бойынша көшбасшылар үштігіне және «Білім беру» пәні бойынша үздік атанды.


«Абай университеті үнемі халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілікті арттыруға ұмтылады. Университет халықаралық рейтингтерде өз позициясын жақсартты. QS World University Ranking-2021 рейтингісінің нәтижелері бойынша ҚР ЖОО арасында 5-ші орында», - деп атап өтті Дархан Біләлов.


Студенттер саны да жылдан жылға артып келеді. Бүгінде білім алушылар саны 17 мыңға жақындады. Соның ішінде 5,7 мың мектеп түлегі студенттер, 826 адам магистранттар, 58 адам докторанттар қатарын толықтырды. Университетте білім алатын 465 шетелдік студент болса, соның 190-ы биыл оқуға түсті. Демек, Ұлы ақын есімін иеленген университетке жастар арасында сұраныс көп деген сөз.


«Студенттер контингентінің тек сандық емес, сапалық құрамы да артып келеді. Бұл талапкерлердің орташа балының оң динамикасымен расталады. Биылғы жылы орташа балл - 92 болды. Осы оқу жылында білім алушылар контингенті 17 мыңдай білім алушыны құрады, оның ішінде бакалавриат, магистрант пен докторанттар бар. Шетелдік студенттер контингенті жалпы санның 3%-ын құрайды. Түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы университет қызметінің тиімділігін айқындайды. Абай университетінің түлектері бүкіл республика бойынша сұранысқа ие. Соңғы мәлімет бойынша, жас мамандардың жұмысқа орналасуы 97%-ға жетті», - деп жақсы тенденцияның қалыптасып келе жатқанын айтты университет басшысы.

 

Рас, сұранысқа қарай сапаны арттыру жолында қарашаңырақта қыруар жұмыстар атқарылып жатқанын құлақ естиді, көз көреді. Оны статистикамен де дәлелдеуге болады. Мысалы, биылғы жылы университетке қабылданғандардың 2778-і - мемлекеттік білім беру грантының, 466-сы - «Алтын белгінің», 480-і - «Үздік аттестаттың» иегері.


«СOVID-19 пандемиясы жағдайында 2020 жылдан бастап білім беру жүйесі қашықтан оқыту режимінде жұмыс істеді. Қазіргі таңда дәстүрлі және аралас форматта оқу жалғасуда. Цифрлық контенттер әзірлеу және жаңарту үшін жағдайлар жасалды. Электрондық кітапханаларға қолжетімділік, оқу процесіне қатысушылар арасындағы өзара виртуалды қарым-қатынас қамтамасыз етілді. Жасанды интеллект бойынша білімді бақылау жүйесі енгізілді. Білімді бағалау үшін тестілеумен қатар Open book, Close book, практикалық және жобалық емтихан түрлері ұйымдастырылды. Университетте инклюзивті білім берудің Ресурстық консультативтік орталығы, арнайы және инклюзивті білім берудің теориялық және практикалық тәжірибесін тарату бойынша консультативтік-әдістемелік қызметті орындайтын Инклюзивті білім берудің виртуалды зертханасы жұмыс істейді. Алматы облысы және Алматы қаласы білім беру басқармаларымен бірлесе отырып, «Инклюзивті білім: қажеттілік және қамтамасыздық» атты курстары 477 мұғалімдеріне жүргізілді», - деді Дархан Нұрланұлы.


Университет басшысының айтуынша, қазіргі жұмыстар халықаралық байланыстарды кеңейтуге де бағытталған. Әлемнің 33 елінің университеттерімен 140-тан астам халықаралық шарттар мен келісімдер жасалды.


«Әріптес жоғары оқу орындарымен бірлесіп кадрлар даярлау үшін 17 қос дипломды бағдарлама әзірленді. 2025 жылға қарай университетте 25 қос дипломды бағдарлама жүзеге асырылады», - деп нақтылады ректор.


Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясында еліміздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсаты қойылған. Мұнда басымдық білім мен ғылымға беріледі. Себебі, бәсекеге қабілетті адами капиталсыз және дамыған ғылыми инновациялық жүйесіз бұл мақсатқа қол жеткізу мүмкін емес. Еліміздегі тұңғыш университет те осы бағытта нәтижелі іске бағдарланған стратегиялық жоспарға сәйкес ауқымды жұмыстар атқарып келеді.


«Ғылым барлық жетекші университеттердің білім беру процесінде маңызды рөл атқарады. Зерттеу ортасын қалыптастыру - Абай атындағы ҚазҰПУ қызметінің басым бағытының бірі және дамуының маңызды басымдығы болып табылады. Университетте жалпы сомасы 360 млн теңгеге 48 жоба орындалуда. Абай университеті «ҚР педагогикалық университеттері арасында соңғы 5 жылда Web of Science Соге Collection жарияланым белсенділігі бойынша көшбасшы» деп танылды», - деп атап өтті Дархан Нұрланұлы.
2020-2021 оқу жылында университеттің 1 237 білім алушысына жеңілдіктер тағайындалды. Жеңілдіктің жалпы сомасы 270 млн теңгеден асты.


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2020-2021 оқу жылындағы қызметінің негізгі бағыты - қысқаша қорытындылағанда осындай болды. Университет алдағы басым бағыттарын да белгіледі. Жалпы алғанда, «Абай атындағы ҚазҰПУ» КеАҚ Басқарма Төрағасы - Ректоры Дархан Нұрланұлының қорытынды есебі жиынға қатысқандардың көңілінен шықты.

 


Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ
17.09.2021ж.
Ақпарат көзі: qazaq1913.com