Главная
Новости
01.10.2021 Студенттердің педагогикалық практикалары басталды
2021 жылдың 29 қыркүйегінде Тарих және құқық институты әлем тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен дуалды оқыту бойынша педагогикалық практикаға баратын «5В013000-Тарих-дінтану», «5В011400-Тарих» мамандықтарының 4-курс студенттерімен педагогикалық практиканың ашылу науқанын бастады.
Практиканың ашылу науқанына орай, Тарих және құқық институтының директоры А.М. Джунусов, «Әлем тарихы» кафедрасының меңгерушісі К.М. Рүстем, институт бойынша педагогикалық практикаға жауапты аға оқытушы Г.М. Көккөзова сөз сөйлеп, студенттерге өндірістік практиканың Бұйрығы мен ережелері туралы мәлімдеп өтті. Сонымен қатар, практика жетекшілерімен таныстырып, студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Кездесу барысында педагогикалық практиканың алғашқы апталығын бастаған Тарих-дінтану мамандығының 401 топтың 4-курс студенті Нұрайлым Нұрғазина, Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, «Сергиополь ЖОББ мектеп» КММ-да мектепте өтіп жатқан өндірістік практикасының мол тәжірибесімен бөлісті.
«Бүгінгі күні біздің мақсатымыз еңбек нарығына қажетті, бәсекеге жарамды кәсіби білікті маман атанып шығу. Ал осы орайда, өндірістік тәжірибенің маңызы зор. Біз теориялық білімді шыңдап, тәжірибе барысында осы күні іс жүзінде көрсете аламыз», - деді.
Ал, Алматы қаласы, Жетісу ауданы №102 жалпы білім беру мекемесінде практикадан өтіп жатқан «Цифрлы тарих» мамандығының 402-топ студенті Дінмұхамед Нуртаев: «Студент мектепке барған күннен бастап өзін маман ретінде ұсынады, ұжымда жұмыс істеуге дағдыланады, өздігінен шешім қабылдау, әрекет ету қасиеті дамиды, болашақ кәсіптік жарамдылығын өндірісте сынайды. Тіпті тәжірибе барысында өзін жан-жақты көрсету арқылы жұмысқа орналасуға мүмкіндік туады», - деп практикадан алған әсерін ортаға салды.
Қазіргі күндері педагогикалық тәжірибелерін 4-курста білім алушы студенттердің шамамен 176 практиканты, еліміздің 30-дан астам елді-мекенінің мектептерінде тәжірибелерін шыңдауда. Ал Алматы қаласы бойынша 50-ден астам мектептерде студенттеріміз тарих пәні бойынша өндірістік тәжрибелерін өтуге жолдама алып, тәжірибелерін бастап кетті.
Айта кетейік, ZOOM платформасы арқылы онлайн және офлайн форматтарында өткен конференцияда Алматы қаласының мектеп өкілдері, «Мансап» орталығы және «Әлем тарихы» кафедрасының әдіскерлері, тәжірибе өтуші 4 курс студенттері қатысты.
|