қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
25.11.2016

АЛҚАЛЫ КЕҢЕС ӨТТІ

 

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында 2016 жылы 18 қараша күні Медеу ауданы Ардагерлер Кеңесі және Абай атындағы Қазақ  ұлттық педагогикалық университетінің  Ардагерлер кеңесінің бірлесе ұйымдастыруымен «Мәңгілік Ел» тақырыбында кеңейтілген семинар-кеңесі өткізілді.

Алқалы кеңесті Медеу ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, полковник Ким Серікбаев ашып, қазіргі таңда жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеудің ерекшеліктері мен  «Мәңгілік Ел» идеясында айқындалған межелерді атап кетті.

Сөз кезегін алған университетіміздің Ардагерлер Кеңесінің төрағасы, профессор Жұмәділ Шілдебаев:  «Абай атындағы ҚазҰПУ-де «Мәңгілік Ел» ұлттық идеяны іске асыру бойынша бірқатар шаралар атқарылуда. Атап айтатын болсақ, университет ректоры Серік Жайлауұлы  Пірәлиевтің тікелей басшылығымен барлық бірінші курс студенттеріне былтырғы оқу жылынан бері «Мәңгілік Ел» пәні енгізілді. Қазіргі уақытта ұлттық идея ғалым-ұстаздарымыздың да зерттеу нысанына айналды. Осы орайда, жуырда ғана тұсауы кесіліп, көпшіліктің назарына ұсынылған  академик Бисенова Әлия Сәрсенқызының «Қазақ Елі - Мәңгілік Ел» атты монографиясын мақтанышпен айтуға болады» -  деп ойын тұжырымдады.

Семинар-кеңес барысында Елбасының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының мақсат-мүддесі және қазіргі таңда жастарды патриоттық тәрбиелеудегі  рөлі туралы мазмұнды баяндамалар жасалды.

Баяндамышылардың қатарында Медеу ауданының құрметті ардагері Қоңырова Роза Имашқызы, университет Ардагерлер кеңесінің мүшесі, профессор Темірхан Тебегенов, Қызметкерлер кәсіподағы ұйымының төрағасы Болатбек Нұрбатыров сынды тұлғалар  болды.

Медеу ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ким Серікбаев  жиынның жұмысын қорытындылай келе барша қатысушылардың назарына университетіміздің тәрбие ісі жөніндегі проректоры, саяси ғылымдарының кандидаты, профессор Жанатбек Ішпекбаевтың Тәуелсіз  Қазақстанның қалыптасу жолы мен дамуы, көреген Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясаты негізінде жүзеге асырылған реформалар мен бағдарламалар және оның нәтижелері жан-жақты нақты деректермен байытылып, баяндалған «Мәңгілік ел осылайша сомдалған» атты монографиялық еңбегін ұсынды.  

Өз кезегінде  аға буын ардагерлеріміз «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы төңірегінде салиқалы ойлары мен құнды пікірлерін ортаға салды.

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және

 жастар саясаты жөніндегі басқарма