Главная /
СМИ о нас
04.10.2021 Тіл және тұлғалар
Жиын барысында қазақ тілін ғылым тіліне айналдырудың өзекті тұстарын тілге тиек еткен тілші-ғалымдар Президент атап өткендей, технологиялар мен роботтар басты рөл атқаратын жаңа дәуірдегі игілікті өмірге тарихтан сабақ ала отырып бару керектігіне мән бере келіп, сонау Алаш зиялыларынан бастап күні бүгінге дейінгі тілдің қоғамдағы рухани әрі ұлтты біріктіруші қуатты күш ретіндегі рөлін арттыруға саналы ғұмырын арнаған, ұлттың саяси және рухани күресінде игі істерімен ерекшеленген тұлғалардың ғылымдағы жолына ерекше мән берді. Осы бағытқа сүбелі үлес қосқан ғалымдардың өлшеусіз еңбегі жуырда Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына орайластырып жарық көрген ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиевтің «Тіл және тұлға» кітабында кеңінен көрініс тапты. Жиын барысында таныстырылымы өткен бұл еңбекте қазақ тіл білімінің дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалардың ғылымдағы жолымен қатар, адами болмысы, рухани келбеті қатар қаузалған.
Іс-шараға модераторлық еткен А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан осы орайда ҰҒА президенті Мұрат Жұрыновтың құттықтау сөзін оқыды. «Қазіргі кезде нақты ғылымдармен бірге қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар да ұдайы өркендеп келеді. Сала мамандары тілімізді, әдебиетімізді, тарихымызды, өнерімізді зерделеп, сол арқылы қазақтың ұлттық мәдениеті мен рухани деңгейін көтеруге елеулі еңбек сіңіріп, тиісті жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық тарихында тіл білімі бойынша жиырма шақты ғалым мүшелікке сайланған. Өз саласында әрқайсысы бір-бір өнегелі мектеп қалыптастырған І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаев, Ә.Қайдаров, Ш.Сарыбаев, Р.Сыздықова, Ө.Айтбаев, тағы басқа айтулы академиктер туралы тағылымдық мақалалар топтамасында тарихы бай, дәстүрі берік әйгілі ғылым ордасының өнегелі шежіресі мен берекелі белестері мейлінше қамтылған», делінген құттықтауда.
Әрі қарай кітап авторы, академик Кәрімбек Құрманәлиевтің мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жолындағы пікірімен жалғастырар болсақ, «Қазақ тілін нақты мемлекеттік мәртебе деңгейіне жеткізу үшін заңды орындататын өзіндік тетіктермен толықтыру күн тәртібіне көтерілуге тиіс. Атап айтқанда, барлық мемлекеттік қызметкер, министр мен депутат мемлекеттік тілді меңгеру керектігі заңмен белгіленуі керек. Сонда ғана қажеттілік туып, қазақ тілінде сөйлеп, жазуға машықтанатын болады».
Осы орайда А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан Ұлттық ғылым академиясының бастауында тұрған тұлғалардың игі істері, ғылымды дамытудағы ерен еңбектеріне қатысты бірқатар дерекпен бөлісті.
Академик Кәрімбек Құрманәлиевтің еңбегіне арқау болған тіл тарландарының еңбек жолы, олардың жас ғалымдарға қамқорлығы жайындағы естеліктерімен филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнеп Базарбаева бөлісті. Ғалым өз естелігінде латын қарпіне көшуді бірінші болып ұсынған академик Әбдуәли Қайдардың қайраткерлік қыры туралы айтып, анасының ғылыми жетекшісі болған Нығмет Сауранбаев жайындағы тағылымды деректермен, сондай-ақ әкесі - әдебиеттанушы ғалым Мүсілім Базарбаевпен жолдас болған Ісмет Кеңесбаев сынды тіл білімінің майталманы туралы қызықты жайттарды ортаға салды.
Ана тіліміздің дамуы туралы деректерді Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен байланыстыра жалғастырған филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Манкеева: «Тарихтың қай кезеңінде де қазақ тілі ерекше мәнге ие болған. Мемлекеттік мәртебеге ие бола отырып, өзегі айқындалып, әлеуеті артып, рухымызды оятатын үлкен күшке айналды. Дегенмен де әлі де тіл мәртебесін арттыруда көптеген мәселенің күрмеуі шешілмей келеді. Ал оған қатысты қоғамдық пікірталастардың орын алуы да заңды», деп атап өткен профессор оның себебін тілдің мәнін қоғам кеңістігінде толық түсіне алмай жүргендігімізбен байланыстырады.
Жиын тақырыбын Ұлттық ғылым академиясымен бірлесе жүзеге асырып келе жатқан «Тілім білімінің тарландары» жобасымен байланыстыра сөйлеген «Ана» тілі газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай автордың «Тіл және тұлға» еңбегін тұлғатануға қосылған үлес деп атап өтті. Осы орайда Шора Сарыбаев сынды ерен ғалымның қарапайым өмірдегі адами қасиеттері, жан-жағымен байланысы туралы айта келіп, еліміздің рухани, ғылыми дамуына үлес қосқан тұлғалар өмірін зерттеп алмайынша ілгері баспаймыз деген ойын айтты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Анар Салқынбай қайсар мінезді, қайратты бола тұра тілші ғалымдар еңбегінің көп жағдайда ескерілмей жататындығын олардың қарапайымдылығы, кішіпейілдігімен байланыстыра сөйледі. Кезінде академик Өмірзақ Айтбаевтың «Ғылымда тұлғатану деген ғылым бар, бұл бағытта көрші Ресейде том-том кітап жазылып, олар өздерінің лингвистика ғылымының тарихын жазып қойған», деп айтқанын еске түсірді.
Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Жаңалық Балтабаева жаңа еңбекті қуана қабылдаған студенттер қауымының тілегін жеткізе отырып, кітап кейіпкерлерінің спортқа, өнерге жақын болғанын, тұлғалық қасиеттері, отбасындағы рөлі, бос уақытын қалай өткізгендігі туралы деректер аса қызықты деп атап өтті. Осы орайда әңгімесін «Тұлғатану» ғылымының өзге салалардан айырмашылығымен байланыстыра жалғаған Қыздар ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Тыныштық Ермекова жеке тұлғаны зерттеу, даралық қасиеттеріне мән берумен қатар, әрбір ғалымның ғылымдағы ұстаханасы туралы деректердің маңызды екендігін ескерсек деген ойларымен бөлісті.
«Тіл және тұлға» еңбегінің ғылыми көпшілік бағытына көңіл бөлген педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жарқынбике Сүлейменова «Өскелең ұрпақ ұлы тұлғаларды тану арқылы ғылымға көңіл бөледі. Сондықтан да бұл кітапты түркітілдес қауымға қолжетімді етіп, өзге тілдерге аударып, жоғары оқу орындары мен арнайы мамандандырылған мектептерде жеке пән ретінде оқыту қажеттігі» туралы ұсынысын білдірді. Ал әңгімесін Әлихан Бөкейхановтың «Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өзінің бәйгесін алар» деген сөзімен бастаған «Қайнар» университетінің проректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжапар Сапарбаев «Алаш ардақтыларының жолын жалғастырып, идеяларын дамытып, тіл білімі ғылымының ілгерілеуіне, түркітану саласында өзіндік орын алуына өлшеусіз үлес қосқан ғалымдарды насихаттау мен зерттеудің бүгінгі жаһандану заманында маңызды қадам әрі жас ұрпаққа берер тағылымы мен мағыналы мазмұны тереңде екендігіне көпшіліктің назарын аударды.
Осы орайда академик Шора Сарыбаевтың тағылымды өмірінен бірқатар дерек келтіре отырып, тұлғалар жайындағы еңбектің тұщымды тұстарын сөзіне арқау еткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары Бижомарт Қапалбек бұл еңбектің жалғасы болса деген ұсыныс айтты.
Алматы қаласы Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы басшысының міндетін атқарушы Бақыт Қалымбет: «Тіліміздің мерейін асқақтатқан ардагер-академик тұлғалардың еңбегін таныту дәл қазіргі кезеңде маңызды, - деді. - Бүгінде тілдің жоғын жоқтап, шындықты айтатын тұлғалар жағы кемшін. Тіл саясатын жүргізуде тілші ғалымдардың зерттеулеріне арқа сүйеу, күрмелген мәселені соған арқа сүйей отырып шешу заңды мәселе десек, тілді дамытуды жүзеге асыруда тілші ғалымдар еңбегінің орны айрықша. Осы орайда ғалымдардың тұлғалық тағылымы, ұстаздық ұлағаты, қазақ тілінің аясын кеңейтудегі ұстанымдары, қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлін барынша ашып көрсету, насихаттау уақыт талабынан туындап отыр.
04.10.2021ж.
|