қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
18.10.2021

KAZDUAL жобасының #ErasmusDays аясындағы онлайн-дөңгелек үстел қорытындысы

«Педагогикалық мамандықтардағы дуалды білім беру: тәжірибе және даму перспективасы»

 

2021 жылдың 15 қазанында Абай атындағы ҚазҰПУ-да #ErasmusDays және қазіргі жүргізіліп жатқан Халықаралық «KAZDUAL - Қазақстанда дуалды жүйені енгізу» жобасы, Erasmus+ бағдарламасы аясында «Педагогикалық мамандықтардағы дуальды білім беру: тәжірибе және даму перспективасы» онлайн дөңгелек үстел өтті.

 

Ұйымдастырушылар - ҚазҰПУ-дағы KAZDUAL жобасының жұмыс тобы - Педагогика және психология институты, Ғылым департаменті.

 

Дөңгелек үстел мақсаты - педагогикалық мамандықтарға дуалды білім беруді енгізудегі кедергілерді анықтау. KAZDUAL жобасы жоғары оқу орындарындағы, колледждердегі кәсіптік даярлаудың, дуалды оқытуды ұйымдастырудағы кәсіпорындардың рөлін күшейтуге бағытталған.

 

Семинарды іс-шара модераторы әрі спикер ретінде постдокторант, Абай атындағы ҚазҰПУ атынан KAZDUAL жобасының үйлестірушісі Баян Сапарғалиева жүргізді. Шара спикерлері Абай атындағы ҚазҰПУ атынан KAZDUAL жобасының сарапшылары - Педагогика және психология институтының директоры Галия Абаева, ФжКБИ орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Сауле Абишева, сондай-ақ Ғылым департаменті коммерцияландыру бөлімінің бастығы, жобаның жобалау-техникалық сүйемелдеу бойынша негізгі тұлғасы Талгат Игисинов сөз сөйледі.

 

Жобаның жұмыс тобы Қазақстанда дуалды жүйені енгізудің теориялық аспектілерін қарастырды. Еуропалық жоғары оқу орындарының тәжірибесінде дуалды білім берудің ерекшеліктерін: дуалды білім берудің неміс, австриялық моделін, практикаға бағытталған (құзыреттілікті оқыту) ерекшеліктерді талқылады. Педагогикалық мамандықтарда дуалды оқытуды жүзеге асыру мүмкіндіктеріне талдау жасалды.

 

Дөңгелек үстел соңында қатысушылар дуалды білім беруді жүзеге асыру үшін жобалық оқытуды енгізу бөлігі ретінде STEM зерттеуіне арналған бағытты анықтау, әрі қарай жаңа бағдарламаларды енгізу немесе оқу бағдарламаларына түзетулер енгізу туралы ортақ пікірге келді. Сондай-ақ, іс-шараға қатысушылар жобаның жұмыс тобын KAZDUAL жобасы аясында Абай атындағы ҚазҰПУ-да құрылатын обсерваторияда педагогикалық ғылымды оқытушыларды оқыту үшін техникалық құралдармен интеграциялау мүмкіндігі бойынша зерттеулер жүргізу ниетін де қолдады.

 

Дөңгелек үстелде 60-қа жуық қатысушы-мүдделі тұлғалар, Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ұйымдарының өкілдері болды. Онлайн іс-шараға қатысушылар Абай атындағы ҚазҰПУ-да өткізілетін #ErasmusDays халықаралық күндері аясында келесі онлайн-вебинарлар сериясына шақырылды.