Главная /
СМИ о нас
20.10.2021 Ауыл білімі ақсап тұр
Жуырда сенатор Ақылбек Күрішбаев еліміздің жоғары білім беру саласындағы білім беру гранттарын бөлу жүйесінде өзгерістер енгізу керегін жеткізді. Оның айтуынша, мемлекеттік гранттар мен стипендияларды тестілеу нәтижелері мен үлгерімі негізінде ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің қолдауынсыз оқи алмайтындарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында бөлген жөн.
Қазір ауылды жерлерде 5 мыңнан аса мектеп бар. Ол жерде шамамен алғанда 2 млн бала оқиды. Бірақ ауыл мектептеріндегі білім сапасы қалалы жердегі білім берумен салыстырғанда әлдеқайда төмен.
Біріншіден, материалдық-техникалық базасы көңіл көншітпейді. Ауылдық мектептердегі материалдық-техникалық база көбінесе нормативті талаптарға сәйкес келмейді. Әлгі айтқан 5 мың мектептің 90%-ға жуығында қарапайым спортзалдар бейімделген ғимараттарда орналасқан. Ал 2005 жылдан бері мектептерді лингафондық және мультимедиялық кабинеттермен, интерактивті тақталармен жабдықтандыру басталғанымен, ауылдық мектептерді компьютермен қамтамасыз ету әлі де өзекті. Физика, химия, биология, математика, лингафондық кабинеттер кемшін. Тіпті, бүгінде ауылдарда 200 білім беру нысаны жетіспейді. Сондай-ақ 25 мектеп апатты жағдайда, 75-і үш ауысымдық режимде жұмыс істейді. Педагогтердің тапшылығы 2 100-ден астам адамды құрайды, бұл - республиканың педагог кадрларға деген барлық қажеттілігінің 60 пайызы. Ауыл мектебінде бір мұғалім физика, әдебиет және музыканы қатар оқытатын жағдай бар. Екіншіден, ақпараттық-коммуникациялық технология қолжетімсіз. Өйткені ауыл мектептері толықтай интерактивті құралмен жабдықталмаған. Оған интернет сапасының көңіл көншітпейтінін тағы қосып қойыңыз. Ауылдағы интернет жылдамдығы оқушы мен ұстаздарды әлі күнге әуреге салып келеді. Соның салдарынан kundelik.kz, BilimLand сияқты электронды платформаны пайдалану қиын.
Ауқымды жоба ауылға жетпеген
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті Гүлмира Әшірбекова ауылдың талантты балалары тілдік кедергілерге тап болатынын тілге тиек етті. «Ауыл балалары өте талантты. Жазуға, ойын жеткізуге шебер. Сабақты бар ынтасымен тырысып оқиды. Бірақ орыс және ағылшын тілдерінен қатты қиналады. Мысалы, бізде шет тілінен деңгейіне қарап топқа бөлгенде, ауыл балалары ағылшынды жалғастырушы топқа жазылып алып, ары қарай алып кете алмайды. Өйткені ауыл балаларының ағылшын тілі бастауыш теңгейде қалып қойған. Амал жоқ оларды бастауыш топқа қайта ауыстырып, әріптен бастап қайта оқытып жатырмыз», - дейді Гүлмира Әшірбекова.
Алшақтық неден басталады?
Ауыл баласы білімге мұқтаж
Квота көлемін көбейту керек
Мұндай тәжірибе әлем елдерінің біразында бар. Айталық, АҚШ-та оқуды өтеудің екі түрлі құны бар: барлығы үшін шартты құны және әлеуметтік осал топтардағы студенттерге арналған арнайы құн. Жағдайы төмен студенттер үшін оқу ақысы бойынша жеңілдіктер беріледі. Оларға стипендия тағайындаудың басты өлшемшарты - жай ғана үлгерім емес, отбасының табыс деңгейі. Яғни, бұл мемлекеттерде әлеуметтік және материалдық жағдайына қарамастан, оқимын деген және іріктеуден өткен барлық жасқа жоғары білім алуға мүмкіндік берілген. Ал білімді екі түрлі беріп отырғанымызға қарамастан, әлеуметтік осал топтардың әртүрлі санаттарына қарастырылған квота небәрі 0,5-5 пайызды құрайды. Сол үшін еліміздің жоғары білім беру саласындағы білім беру гранттарын бөлу жүйесіне өзгеріс енгізетін уақыт жетті.
Несиеге оқып жүр
Журналист Бердібек Хабай квотаға іліне алмаған әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары ЖОО-да оқу үшін несие алып жатқанын айтты. «Бір танысымның баласы грантқа балы жетпеген соң елордадағы жекеменшік білім ордасына құжатын өткізген. Оқу ақысы 600 мың теңге болған соң, ата-анасы бірінші жартыжылдыққа 300 мың теңге банктен қарыз алды. Енді студент баласы оқуының жартысын өзі төлеу үшін жалдамалы жұмыс істеп жүр. Енді ғана мектеп бітірген жас жеткіншектің өзін несиеге тығып отырмыз. Білім ала ма, әлде кредит төлей ме?» - дейді ол.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың басқарма төрағасы-ректоры Дархан Біләлов білім гранттарын бөлу және стипендия тағайындау мәселесі дұрыс көтерілгенін айтады. «Өйткені әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққан студенттерге көрсетілетін көмек, білім мекемелері тарапынан қарастырылатын жеңілдіктер мен мемлекеттік грант саны көбейсе, білімге құштар жастар қатары артар еді. Сондықтан мемлекеттің қолдауынсыз оқи алмайтындарға әлеуметтік көмек көрсету орынды. Жас ұрпақтың тәрбиесі мен білімі - маңызды мәселе», - дейді Дархан Нұрланұлы.
Білім грантына іліне алмаған түлектер арасында өз-өзіне қол салу жағдайы да жиілеп барады. Тегін оқудан тауы шағылған кейбір жастар жалдамалы жұмысқа жегіледі. Ал ЖОО-на білім алғандар да білімнің бірінші іргетасы дұрыс қаланбағандықтан, қала баласымен қатар еңбек нарығына түскенде, қалауындағы қызметке тұра алмайтыны тағы бар. Яғни, мектептен басталған алшақтық өмір бойына азық болмас үшін де ауыл мен қала алшақтығын теңестіру керек-ақ.
Авторы: Жадыра Мүсілім 20.10.2021 ж. Ақпарат көзі: aikyn.kz
|