Главная
Новости
28.10.2021 Білікті маман жарқын болашаққа бастайды
«Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді» деп дана халқымыз айтқандай, еліміздің сан ғасырға жалғасар болашағы бүгінгі ұрапқтың тәрбиесі мен біліміне тікелей байланысты. Өйткені кешегі тарихымыз бен бүгінгі білім саласына еніп жатқан озық ақпараттық-технологияларды жетік меңгерген жас буын ел ертеңін жарқын болашаққа жетелейді.
Сонау ХІХ ғасырдың өзінде ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин қазақ жастарына арнаған «Өнер-білім бар жұрттар, тастан сарай салғызған, айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызған», деген өлең жолдары арқылы өнер-білімге құштар болып, сапалы білімді терең меңгерген елдің қол жеткізер табыстарының да орасан болатынын сол заманның өзінде-ақ бағдарлап кеткен болатын. Ал кешегі Алаш арыстарының да қазақ сахарасында білім ошақтарының көптеп ашылуына тікелей араласуындағы негізгі мақсат елдің көзін ашу еді. Содан бері, міне, зымырап 100 жылдан астам уақыт өтсе де білім беру мәселесі өз маңызын жоя қойған жоқ. Қайта жыл артынан жыл өткен сайын ғылым-білімге деген бет бұрыс жоғары талапты қажет етіп жатыр. Бүгінгі әлем Төртінші өнеркәсіптік революцияның қақпасын айқара ашып, бұрын қиял-ғажайып ертегілерде орын алатын көріністер шынайы өмірде көрініс табуда. Себебі ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің, цифрлық қоғамның ғасыры.
2019 жылы бүкіл әлем бұрын-соңды көрмеген COVID-19 деп аталатын алапат індетпен бетпе-бет келді. Алғашында қанша мойындағымыз келмесе де, бұл пандемияның алдында күллі әлем дәрменсіз екенін аңғартты. Ендігі жерде әлем үміттен күдігі басым, түбі жоқ терең хауосқа айналып кеткендей еді. Бірақ ғылым мен білімі қарыштап дамыған, озық технологиямен қаруланған елдер бұл күрделі жағдайдан да шығудың жолын таба білді. Міне, бұл да озық технологияларды еркін меңгерген білімді ұрпақтың қолымен жасалып отырғаны айтпаса да түсінікті.
Біз ғылымға құлаш сермеген озық мемлекеттердің көшінен қалмау жолында аянбай еңбек етуде өзіміздің ұлттық кодымыздан алыстап қалмауымыз шарт. Себебі ата-бабалар өсиетімен бойға дарыған ұлттық құндылықтарымызды бүгінгі жаңа процеспен үндестіргенде ғана біздің ұтарымыз мол болары анық. Бұл турасында өткен жылғы тамыз кеңесіне қатысқан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, діні берік болады. Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау - ең алдымен жас буынға артылған зор үміт. Кейінгі ұрпақ Тәуелсіздігіміздің туын әрқашан биік ұстауы тиіс. Сондықтан білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі», - деген болатын.
Еліміздегі педагогикалық білім мекемелерінің ұстаханасы атанған - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің де бұл жолда атқарып отырған жұмыстары да орасан. Өйткені пандемия аяққа тұсау салған уақытта да студенттеріміздің кедергісіз білім алуы үшін қыруар шараларды жүзеге асырып, абырой-биігінен көріне білген оқу ордасы ұрпақ тәрбиелеуде қашан да білім мен тәрбиені қатар алып келеді. Пандемия басталған уақытта цифрлық білім беруді жедел қолға алған Абай университеті білім беруді ұйымдастыруда бүгінгі таңға дейін еліміз бен әлемнің көптеген жоғары оқу орындарымен әріптестік орнатып, білім берудің оңтайлы жолын тауып келеді.
Карантиндік шектеулер айтарлықтай кедергі келтіргенімен биылғы жаңа оқу жылында табысты бастады. Атап айтар болсақ, білімді студент білікті ұстаздың арқасында ғана жүзеге асатынын тереңнен ойлаған университет басшылығы оқу жылы басталмас бұрын университетіміздің профессор-оқытушыларының біліктілігін тағы да жетілдіру мақсатында «Сандық педагог-2» жазғы мектебін қолға алды. Бұл мектепте оқытушыларымыз цифрлық білім беруде қолданылатын көптеген педагогикалық әдіс-тәсілдерді еркін меңгеріп шықты. Біз былтырғы жылдың өзінде профессор-оқытушылар құрамына ZOOM, Disсord, Meet, Univer платформалары арқылы онлайн дәрісті қалай ұйымдастыру керектігі жайында екі апталық курстар ұйымдастырып, былтырғы дәріс-семинар сабақтарын осы платформалар көмегімен жүзеге асырған болатынбыз. Оқытушыларымыздың цифрлық сауаттылығын одан әрі жетілдіру мақсатында университетіміздің «Тесттілеу» орталығы биыл «Ms. Teаms» платформасында дәріс-семинар сабақтарын қалай ұйымдастыруға болатынын жайында онлайн-курстар өткізді. Бұл курстан профессор-оқытушылар құрамы «WordWаll», «Kahoоt», «Оқулық» және тағы басқа сервистерді Ms. Teаms-та қалай қолдану керектігін және жаңа сабақты бекіту кезеңінде немесе практикалық сабақтарда кері байланысты ұйымдастыру, студенттердің білімін бағалау жолдарын еркін меңгеріп шықты. Сөйтіп біз, биылғы оқу жылын үлкен дайындықпен бастадық. Сонымен қатар университетіміз жақын күндері «Коучинг» әдісімен білім беруді қолға алатын болады.
Коучингтің сөздік мағынасына сүйенер болсақ, коучинг (ағылш. coaching - оқыту, жаттықтыру) - консалтинг және тренинг әдісі; классикалық консалтинг пен тренингтен айырмашылығы - коуч кеңес және қатаң ұсыныстар бермейді, ол шешімді клиентпен бірлесе отырып іздестіреді. Ал психологиядан айырмашылығы коучингтегі мотивацияның бағытында. Коучпен жұмыс істеуде белгілі бір мақсатқа, өмірде және жұмыста жаңа, позитивті тұжырымдалған нәтижелерге жету ұйғарылады. Яғни, коучингте адамның жеке, отбасылық немесе бизнестегі өмірінде мақсатқа, нәтижеге қол жеткізу көзделеді. Біз осы әдісті қолдану арқылы білім алушыларымыздың өндірістік практиканы шебер ұйымдастырып, заман талабына сай маман иесі болу жолында жұмыстар атқаратын боламыз.
Биылғы жаңа оқу жылында қара шаңырақ білім ордасы 6758 жас түлекпен толықты. Оның 5704-і бакалавриат, 826-сы магистратура, 58-і Phd докторантура білім алушылары. Мемлекеттік грант иегерлері - 2151, ақылы бөлімдегі студенттер саны 3553-ті құрады. Еліміздің түпкір-түпкірінен осы оқу жылында университетімізге 466 «Алтын белгі» иегері, 579 ерекше үлгідегі аттестат пен диплом иегерлері оқуға түсті. Бұл көрсеткіш 2020/2021 оқу жылындағы қабылдаудан 40% - ға жоғары. Біздің университетімізде еліміздің жас түлектерінен бөлек шетелдік 207 азамат оқуға ниет білдіріп, білімалушылар қатарына қосылды.
Айтар кететін болсам, негізгі сұраныс педагогикалық, соның ішінде В018 - Шетел тілі мұғалаімдерін даярлау, В005 - Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау, В016 - Қазақ тілі және әдебиеті мұғалімдерін даярлау білім беру бағдарламарына өте жоғары болып отыр. «Ұстаз» мамандығын таңдап, кешегі Ы.Алтынсарин аталарының жолын жалғастыруға бел байлаған жастар санының артуы, әрине, қуантарлық жағдай. Сондай-ақ В049 - Құқық, В055 - Математика және статистика, В054 - Физика білім беру бағдарламаларын таңдаған талапкерлер саны да едәуір жоғары. Бұл жұмыстар жаңа оқу жылының басында қабылдау комиссиясы орналасқан ғимаратта Ashyq бағдарламасы, талон арқылы кезекке тұру, санитарлық нормаларды сақтау арқылы офлайн форматында жүргізілсе, сонымен біргі онлайн форматта университеттің ресми сайтында Univer жүйесі, e.gov мемлекеттік қызметтер және онлайн ақпарат сайты арқылы да талапкерлер құжатын қабылдау жүзеге асты. Барлық жаңа ақпараттар бойынша kaznpu.kz сайты және @kaznpu_university - instagram, facebook, @abai.family - TikTok парақшаларында, telegram, whatsapp месенджерлері, университет Сall- орталығы арқылы талапкерлерге хабарлар таратылып отырды.
Яғни бұл дегеніміз, біздің оқу орнымыздың еліміздегі сұранысы жоғары университеттердің бірі екенін айқындап отыр. Ендігі жерде университет табалдырығын аттаған осыншама жас түлек озық тәжірибелермен үндескен ұлттық нақыштағы біліммен қаруланып, еліміздің бәсекеге қабілетті сапалы мамандар қатарын арттыратын болады. Сондай-ақ біз биыл үшінші жыл қатарынан дуальды оқыту бағдарламасын табысты жүзеге асырып келеміз. Бұл бағдарламаны елімізде алғашқылардың бірі болып біздің университетіміз қолға алған болатын. Осы дуальды оқыту бағдарламасын ұтымды ұйымдастары білудің арқасында біз, өзіміздің көптеген түлектеріміздің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына толық мүмкіндік беріп отырмыз. Мысалы дуальды оқыту бағдарламасы негізінде бірінші 2019/2020 оқу жылында жыл бойы мектепке барған практикант-студенттеріміздің 107-сі сол практика өткен жерінде әрі қарай маман ретінде қалса, былтырғы 2020/2021 оқу жылында 297 студент жұмысқа орналасты. Бұл көрсеткіштер биылғы оқу жылында екі есеге артатыны сөзсіз. Өйткені біз биылғы бітіруші түлектердің өндірістік практикаға барар алдындағы үш апталық «Жаңартылған білім мазмұнында» ұйымдастырылатын оқу курсын «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен бірлесе отырып жүзеге асырдық. Биылғы өндірістік практиканы жаңаша ұйымдастыру үшін 2021 жылдың 26 маусымында Басқарма Төрағасы-Ректор Дархан Нұрланұлы Біләлов «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының директоры Асель Мухаметжановамен кездесіп, осы салада әріптестік орнату мақсатында екі жақты меморандумға қол қойған еді. Осы меморандумның негізінде биылғы бітіруші түлектерімізге университетіміздің білікті мамандарымен қатар, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының мамандары да «Жаңартылған білім мазмұнында» үш апталық дәрістер өткізді. «Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша дуальды оқытуды ұйымдастыру үшін педагогикалық мамандықтардың бітіруші курс студенттерін даярлау» бойынша 72 сағаттық қазақ және орыс тілдерінде білктілікті арттыру курстарының бағдарламасы даярланды. Бітіруші курс студенттері тек өзіміздің білікті мамандарымызды ғана емес, сонымен қатар «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мамандарының да жаңартылған мазмұн бойынша дәрстер тыңдап, білімдерін жетілдіруге мүмкіндіктер берілді. Мұнда тек «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Алматы қаласындағы филалы мамандары ғана емес, еліміздің 10 аймағынан онлайн режимінде білікті мамандар сабақты коучинг әдісі бойынша ұйымдастыру жөнінде дәрістер оқып, өз тәжірибелерімен бөлісті. «Өрлеу» мамандары бұл курста «Критериалды бағалаудың қағидаттары мен құрылымы», форматиті бағалаудағы рефлекция және кері байланыс әдістері», «Тоқсан бойынша жиынтық бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу», «Эссе: шеберлік пен үйлесімділік», «Ғылыми жоба әзірлеудің тиімді тәсілі» және т.б. тақырыптарда мазмұнды дәрістер мен практикалық сабақтар ұйымдастырып, біліма алушылардың біліктілігін арттыруға ықпал ете білді. Биылғы ұйымдастырылған курсқа университетіміздің 1500 білімалушы қатысты. Осы үш апталық курстан соң педагогикалық практикаға бөлініп, Алматы қаласының мектептеріне жол тартқан студенттеріміз басшылық тарапынан ұйымдастырылған бұл қамқорлықтың зор көмегі болып жатқаны турасында ерекше алғыстарын білдірді.
Сондай-ақ мектеппен байланысты үнемі жандандырып отыру мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бастамасымен орта білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне арналған «Ғылыми жоба жазудың тиімді тәсілдері» тақырыбында онлайн курс ұйымдастырылды. Курсқа Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Алматы қалаларынан, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Жамбыл облыстарынан көптеген мұғалімдер қатысты. Бұл шарада «Болашақ» бағдарламасының түлегі Еділбай Оспанов мұғалімдерге ғылыми жоба әзірлеу, ғылыми жобаны жоспарлау, тақырып таңдау тақырыптарында бағыт берді. Мектеп мұғалімдері кері байланыс жасап ғылыми жобаға қатысты көкейде жүрген көптеген сауалдарын жолдап оның тұшымды жауабын да алды. Курс соңында қатысушыларға сертификат берілді. Және оқу орнымыздың бастамасымен білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру мақсатында «Мектептегі көшбасшылық және тиімді басқару» курсы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Курсқа Алматы облысы Білім басқармасының және Қарасай ауданының білім бөлімінің мектеп директорлары мен басшылығы қатысты.
Курсты тәжірибелі сарапшылар ҚР Президентінің «Болашақ» стипендиясының иегері, 2010-2011 жылдары Ұлыбританиядағы Ноттингем университетінің магистрі, 2018 жылдан бері Уорик университеті (Ұлыбритания) Білім саласын зерттеу департаментінің зерттеуші-ассистенті, PhD докторант, 2021 жылы Білім беру саласындағы зерттеулер бойынша Еуропалық конференциясының (ECER) әлеуметтік стипендия иегері Анар Мұхтарова мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Уорик Университетінде Білім берудегі көшбасшылық және менеджмент бойынша магистр дәрежесін алған, Қазақстандағы ұстаздардың көшбасшылығы (TLK-ҚҰК) бағдарламасын талдауға байланысты жобаның ғылыми көмекшісі болған Арайлым Солтанбекова жүргізді. Бұл біліктілік курсы қазіргі таңда мектепте тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға мол септігін тигізері анық.
Жалпы сапалы маман даярлаудың басты қағидаттарын негізге алған университетміз бұл саладағы әріптестікті одан әрі жетілдіре беретін болады. Алдағы уақытта қала мектептерінің білікті мамандарымен бірлескен тәжірибелік сабақтарды ұйымдастыру да жоспарда бар.
Авторы: Хайрулла Жанбеков, Абай атындағы ҚазҰПУ Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры 28.10.2021 ж. Ақпарат көзі: dalanews.kz
|