Главная
Новости
09.11.2021 Абай атындағы ҚазҰПУ жаңа білім беру бағдарламасы аясында әлеуметтік ғылымдар магистрлерін даярлайды
«7М03116 - Психологиялық диагностика және қабілеттерді дамыту» білім беру бағдарламасының мақсаты - жеке тұлғаның психологиялық диагностикасын зерттеу, әзірлеу, жүзеге асыру саласында терең кәсіби білімі, құзыреттілігі бар, жоғары академиялық стандарттарға сәйкес азаматтық ұстанымы және кәсіби жауапкершілігі бар әлеуметтік ғылымдар магистрлерін даярлау.
Абай университетінің түлектері «7М03116 - Психологиялық диагностика және қабілеттерді дамыту» білім беру бағдарламасы бойынша магистратураны бітіргеннен кейін кәсіби іс-әрекеттің әртүрлі салаларында қызмет ететін болады, атап айтқанда: 1. Білім беру (оқыту): жоғары және қосымша білім беру жүйесінде белсенді оқытудың заманауи әдістерін қолдана отырып, психологиялық курстар мен тренингтерді дайындау, ұйымдастыру және өткізу. 2. Диагностикалық: психикалық процестерді диагностикалауды жүзеге асыру және әдістемелік қамтамасыз ету. 3. Эксперименттік зерттеу: инновациялық ғылыми-психологиялық әдістер мен технологияларды қолдана отырып, психологиялық зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу. 4. Консультативтік-болжамдық: баланың жеке дамуы саласында психологиялық кеңес беру, баланың жеке дамуы болжамын және ата-аналар мен мұғалімдерге арналған психологиялық ұсыныстарды әзірлеу, негіздеу. 5. Дамытушылық: тренингтер форматында психологиялық жұмыстың жеке және топтық түрлерін жүзеге асыру. 6. Әлеуметтік-коммуникативтік: академиялық және кәсіби міндеттерді шешу үшін көптілді, көп мәдениетті және ғылыми ортада сындарлы кәсіби қарым-қатынас пен әлеуметтік өзара іс-қимылды жүзеге асыру.
2021 жылы «Әлеуметтік ғылымдар (Психология)» білім беру бағдарламасының кәсіптік даярлау бөлімінің ғалымдары мен оқытушылары оқушылардың қабілеттерін анықтауға және олардың әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін «Qabilet» жобасының жұмысына тартылды. Жоба бағдарламасын «Елбасы Академиясы «Әлеуметтік ғылымдар (Психология)» білім беру бағдарламасының кәсіптік даярлау бөлімінің бір топ ғалымдары мен оқытушыларын тарта отырып әзірледі. Н.Ә.Назарбаев Қоры мен Елбасы академиясы Абай университетімен ынтымақтастықта жұмыс істейді.
Білім беру бағдарламасы ҚР Тұңғыш Президенті Қорының бастамасымен дайындалған. Оның мақсаты - оқушылардың қабілеттері мен кәсіби бағдарлануының ұлттық диагностикалық жүйесін құру, дарынды балалардың жеке әлеуетін дамыту үшін оларды қолдау, Qabilet республикалық қызметіне мамандар даярлау.
Qabilet - Қазақстанда алғаш рет құрылған, өзінің функциялары мен міндеттері бойынша бірегей инновациялық, әлеуметтік-психологиялық қызмет. Бұл қызмет балалардың сыни ойлау, шығармашылық, қарым-қатынас құру және т. б. қабілеттерін дамытуға көмектеседі. Әр бала үйден, өз компьютерінен немесе смартфонынан өзіне тән қабілеттерін және оларды жүзеге асыру жолдарын анықтайтын диагностикадан өте алады. Әлемдік тәсілдер негізінде отандық ғалымдар әзірлеген осындай озық психологиялық технологиялар мен әдістерді қолдану қажет.
Соның нәтижесінде Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Әлеуметтік ғылымдар (Психология)» кәсіптік даярлау бөлімінің ғалымдары А.К. Сатова, Э. Д. Абишева және ғалымдар тобы халықаралық университеттермен бірлесіп балалардың дарындылығын дамыту бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде, сондай-ақ «Qabilet» жобасын іске асыруға тартылды. Сондай-ақ, биыл алғаш рет магистратураға Qabilet қызметінде тәжірибеден өтетін білім алушылар қабылданды. Олар болашақта психолог-кеңесші ретінде «Дарын» орталығында және балалар мен олардың ата-аналарына көмек көрсететін басқа да мекемелерде жұмыс істей алатын болады.
«Qabilet» жобасын іске асыру аясында «Әлеуметтік ғылымдар (Психология)» кәсіби даярлау бөлімінің қызметкерлері Сатова А.К., Абишева Э. Д., Момбиева Г. А., Тукебаева С. А., Конысбаева А. Б., Бейсембаева К. Д., Ингайбекова Т. А., Садыкова А. Б. 2021 жылдың 31 тамызы мен 6 қыркүйегі аралығында «Qabilet» қызметінің «10-11 жастағы балалардың қабілеттерінің практикалық психодиагностикасы» курсын тыңдаушыларға арналған оқыту семинарына қатысты. Қазақстанның барлық аймақтарынан келген тыңдаушылар үшін оқыту семинарын жалғастыру жоспарланған. 2021 жылдың 22-29 қараша аралығында аталған оқыту семинары Қарағанды облысының «Qabilet» орталығының психологтары үшін жүргізілетін болады.
|