Главная /
СМИ о нас
19.11.2021 Жоғары білім беру сапасының өзекті мәселелері талқыланды
Бүгін, 19 қарашада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесу өткізді. Іс-шараға ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова қатысты.
Жиын барысында жоғары оқу орындарының білім беру сапасы және жоғары оқу орындарын лицензиялау моделін қайта қарау, оларды қаржыландыру және гранттар бөлу, мамандықтарға қойылатын біліктілік талаптарын арттыру мәселелері талқыланды.
Асхат Аймағамбетов министрліктің өңірлердегі білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі комитет басшыларымен орталықтандырылған сапа жүйесіне көшу бойынша жүргізген жұмыстарын атап өтіп, аталған құрылымдардың қызметіндегі өзгерістер туралы баяндады. Министрдің айтуынша, олардың жұмысын неғұрлым жүйелі ету, проблемалар мен оларды шешу жолдарын нақты анықтау, жоғары оқу орындары мен колледждердің қызметін бақылау жөніндегі шараларды күшейту, лицензиялар беру талаптарын қатаңдату қажет. Аккредиттеу агенттіктеріне қатысты сапаны қамтамасыз ету жүйесінің ұлттық стандартын енгізу және рейтингті бағалау әдіснамасын қайта қарау жоспарлануда. Бәсекеге қабілетті жоғары оқу орындарының Лигасы құрылады. Лига мүшелеріне қойылатын негізгі көрсеткіштер мен талаптар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ЖОО ректорларымен бірлесіп әзірлейді.
Гүлзат Көбенова жоғары білім беру сапасы мен министрлік қабылдаған шаралар, жоғары оқу орындарының жауапкершілігін арттыру, лицензиялау моделін қайта қарау қажеттілігі, білім беру бағдарламаларын әзірлеу және олардың еңбек нарығының талаптарына сәйкестігі, өскелең ұрпақтың адами капиталы мен зияткерлік қабілетін арттыру, Диссертациялық кеңес құру, ғылыми журналдар мен докторанттардың ғылыми жұмысына және олардың ғылыми дәрежелер алуына қойылатын талаптарды күшейту мәселелерін атап өтті.
Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов еліміздің жоғары білім беру жүйесін жақсарту жолындағы ауқымды жұмысты атап өтті. Ректордың пікірінше, лицензиялауды күшейту - өте маңызды қадам. Бұл экономиканың барлық салаларында мамандарды даярлау сапасының артуына әкеліп, жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұл тұрғыда пайдалы халықаралық тәжірибе де бар. Әрине, еліміздің жетекші педагогикалық жоғары оқу орны Лига құрамына кіруге ұмтылатын болады.
Кездесу соңында ректорлар жоғары оқу орындарын лицензиялау және аккредиттеу, университеттер мен аккредиттеу органдарын ранжирлеу, шетелдік жоғары оқу орындары мен сарапшыларды тарту, студенттердің кәсіби дайындық үдерістерін бақылау бойынша жұмыс тобын құру жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.
19.11.2021 ж. Ақпарат көзі: qazaq1913.com |