қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
13.12.2021

Қайым Мұхамедхановтың 105 жылдығына арналған дөңгелек үстел


2021 жылдың 10 желтоқсанында еліміздің тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Рухани жаңғыру» орталығы, «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығы және Филология және көптілді білім беру институтының ұйымдастыруымен абайтану, әуезовтану, алаштану, әдеби текстологияның негізін қалаушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың 105 жылдығына арналған «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған...» тақырыбында дөңгелек үстелі өтті.


Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру - болашаққа бағдар» мемлекеттік бағдарламасының аясында ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты - өскелең ұрпаққа көрнекті ғалым Қайым Мұхамедхановтың ғылыми-публицистикалық асыл мұраларын насихаттау, бірегей тұлғаның үлгі боларлық өмір жолы, қызметі және оның абайтануға қосқан орасан үлесі мен ғалымның Абайдың тұңғыш музейінің ісін дамытудағы еңбегі жөнінде кеңінен мағлұмат беру. Жас ұрпақтың рухани білім-біліктілігін арттыруға бейімдеу, оларды ұлағатты ұстаз Қ.Мұхамедхановтың артына қалдырған мол мұрасын, терең білімі мен жазылған дүниелерін қастерлеп, құрметтеуге шақыру болды.


Қайым Мұхамедханов абайтану ғылымына бүкіл саналы ғұмырын арнаған ғалым. Биыл осы ұлы мұраларды жас ұрпаққа қалдырған ғалым, текстолог, қоғам қайраткері, Қазақ ССР Гимнінің авторы, 1000-нан аса ғылыми еңбектің авторы Қайым Мұхамедхановтың туғанына - 105 жыл толып отыр.


Дөңгелек үстелге университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шыңғыс Нұрланов, «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, абайтанушы ғалым Жабал Шойынбет, «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет» қоғамдық қорының директоры, Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Мұхамедханова, шәкерімтанушы ғалым Балтабай Әбдіғазыұлы, Түркияның Коджатепе университетінің профессоры Hüseyin Kahraman Mutlu мен онлайн ZOOM бағдарламасы арқылы 250-ден астам білім алушылар мен оқытушы-ғалымдар қатысты. Дөңгелек үстел бағдарламасы бойынша, ғалымдар зерттеу баяндамаларын ұсынып, Қайым Мұхамедханов туралы естеліктерімен бөлісті.


Дөңгелек үстелдің алғы сөзін Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шыңғыс Нұрланов ашты. Шыңғыс Нұрланұлы өз сөзінде: «Қайым Мұхамедхановтың әдебиеттану саласындағы көптеген мақалалары қазақ әдебиетіндегі жаңа белесті айқындап, қазақ әдебиетінің даму бағыттарын белгіледі. Қайым Мұхамедханов абайтану ғылымына бүкіл саналы ғұмырын арнады, ой еңбегі мен физикалық күш қуатын сарп етті. Бүгінгі дөңгелек үстелдің мақсаты - студенттерге көрнекті ғалым Қайым Мұхамедхановтың асыл мұраларын насихаттау, бірегей тұлғаның кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өмір жолы, қызметі және оның абайтануға қосқан орасан үлесі мен ғалымның музей ісін дамытудағы еңбегі жөнінде кеңінен мағлұмат беру. Жас ұрпақты рухани білім-біліктілігін арттыруға бейімдеу, оларды Қайым Мұхамедхановтың артына қалдырған мол мұрасын, терең білімі мен жазылған дүниелерін қастерлеп, құрметтеуге шақыру болып отыр», - деп түйіндеді.


Ал «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет» қоғамдық қорының директоры, Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Мұхамедханова осындай игі іс-шараны ұйымдастырып отырғанымызға алғысын білдіріп, Қайым Мұхамедханов туралы естеліктерімен бөлісті. Дина Мұхамедханова: «Бір қолжазбасында Қайым Мұхамедханов «1923 жылы Сталин бұйрығымен Абай творчествосына репрессия басталды» деп жазды. Сол себепті Абайдың мәтіндері бұрмаланған және көп тарихи тұлғалардың туындылары өртенді, олардың фотолары жойылды. Яғни, сол кездегі бір мақсат - ұлттың қазынасын жою болды. Ал Қайым Мұхамедханов бәрі тыйым салынған кезде қазақ халқының мұрасын сақтады. Белгілі жазушы Тұрсын Жұртбай айтқандай, Қайымның аруағы разы болмай Әуезовтің, Әуезовтің аруағы разы болмай Абайдың аруағы разы болмайды! Бұл үш тұлғаны тұтас алып зерттеп, танығанда ғана олардың құпиясы ашылмақ. Ал бүгінде ғалымның ерекше талант, ар-ождан, батылдығының арқасында, біз, халық деп аталуға құқық беретін мұрасымен мақтанамыз!», - деп баяндамасын ізгі тілекпен аяқтады.


Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында Міржақов Дулатовтың қызы Гүлнар Міржақыпқызының Қайым Мұхамедханов туралы бейнебаяны, 1940 жылғы Қайым Мұхамедхановтың Абай музейінде экскурссия жүргізу сәтінен бейнебаяны, Академик Рабиға Сыздықованың Қайымның әдеби текстологиясы туралы бейнебаяны мен жазушы Герольд Белгердің «Қайым аға, тұлға!» естелік бейнебаян сұқбаттары көпшілікке ұсынылды. Сондай-ақ, Дина Қайымқызы Мұхамедханова университет кітапханасына Қайым Мұхамедхановтың ғылыми кітаптар топтамасын сыйлап, университеттің білім беру бағдарламасында, диссертациялық ғылыми жұмыстарға белгілі ғалымның еңбектерін зерттеуде қажырлы еңбек, танымдық терең ізденістер тіледі.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

 

«Рухани жаңғыру» орталығы