Главная /
СМИ о нас
28.12.2021 Ғалымның биік тұғыры
Бүгінде жастарымыздың кітап оқуға ықылассыздығы, жалпы қоғамдағы көркем әдебиетті тарату мен насихаттаудағы, оқу бағдарламаларындағы кемшіліктер туралы көп айтылады. Әрине, көркем шығарма мүлде оқылмайды деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Бастауыш мектептен бастап жоғары деңгейдегі докторантураға дейінгі білім сатыларындағы әдебиет пәніне қатысты дәрістерде көркем әдеби туындылар оқылады да, оқытылады да. Мәселе - оқылу-оқылмауында емес, оның қалай оқытылуында болса керек.
Шындығында да ұзақ жылдар университет дәрісханаларында филолог мамандар даярлау барысында байқағанымыз - алдымыздағы шәкірттердің көркем шығарма талдаудағы шорқақтығы. Орта мектепте де, жоғары оқу орындарында да солай. Білім алушы жастар өздері оқыған көркем шығарманы көбінесе мазмұндап беруге бейім. Ал оны тиісті жүйесімен, теориялық тұрғыда білікті талдау жасау өте сирек. Не істеу керек?
Мектеп оқушысы үшін де, жоғары оқу орнының студенті үшін де, тіпті оны шәкірт санасына құюға тиіс мұғалім мен оқытушы үшін де осы бір олқылықтың орны қайтсе толмақ?
Осы бір көкейкесті сауалдың жауабын өзінің рухани бағасын қайта сезіндіретін «Көркем шығарманы талдау әдістемесі» атты монографиялық еңбектен таба алатынымыз анық. Мектеп оқушысының да, студенттің де, мұғалім мен оқытушының да әлгіндей қажеттілігін өтейтін бұл еңбекті жоғары бағалайтынымыз да сондықтан.
Кітап авторы - еліміздің білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек етіп жүрген ұстаз-педагог, әдебиетті оқыту әдістемесіне қатысты іргелі зерттеулер жүргізіп келе жатқан белгілі ғалым Бақтияр Өрісбайұлы Сманов.
Бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Академик С.Қирабаев атындағы Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры ретінде еңбек етіп жүрген ғалым-ұстаз Бақтияр Өрісбайұлының өмір жолы оңтүстік өңірдің құйқалы топырағына табанын күйдіріп, өмір бойы ұстаздық жолда жүрген әкенің ұлағатты тәрбиесінен бастау алды. Ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып, әдеп-салт қазынасы іспетті оңтүстік өңірдің өнегесі Бақтиярдың бүкіл өмір жолына азық, тұла бойына нәр болып дарыды. Қарапайымдылығы мол бай мінезіне, ойындағысын бүкпейтін ашықтығы мен қандай ортамен болса да тез тіл табысып, сіңісіп кететін жаратылысынан бар қасиетіне биік мәдениетін, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығын, терең білімін қосыңыз. Осының бәрі тоғыса келіп Бақтияр Смановты білікті ғалым, өнегелі ұстаз, өрелі азамат дәрежесіне көтерді.
Бақтияр Өрісбайұлымен алғашқы танысуымыз да студенттік жылдар еді. Ортақ оқу ғимараты, көрші дәрісханалар, Алматының Виноградов көшесіндегі №88 үйде орналасқан жатақхана бәрімізді тоқайластырып, бірте-бірте өмірлік сипатқа айналар достыққа ұластырды. Тірі ғалымның, ірі профессорлардың қандай екенін ойында образға айналдырып Алматыға келген бізге өткен ғасырдың сонау алпысыншы жылдарының аяғы мен жетпісінші жылдарының басындағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетінде дәріс оқыған Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Б.Шалабаев, Ы.Маманов, М.Балақаев, Ә.Нұрмаханова, Х.Сүйіншәлиев, З.Қабдолов, Х.Сайкиев, К.Аханов, Т.Кәкішев, Р.Нұрғалиев сынды ұстаздар шын мәнінде тау тұлғалы жандар болып көрінді. Біздің бақытымыз да осындай ғажайып ғалымдардан дәріс тыңдап, тәлім-тәрбие өнегесін көргеніміз дер едік.
Бір үйдің баласындай болып кеткен сол кездегі Шәкір Ибраев, Бекен Ыбырайым, Құныпия Алпысбаев, Тұрсынбек Баймолдаев, Өтеген Оралбаев, Анарбай Бұлдыбаев сынды жастар бүгінде еліміздің әдебиеті мен мәдениетіне, білімі мен ғылымына үлес қосып жүрген белгілі ғалымдар. Сол қатарда Бақтияр Смановтың орны да ерекше.
Менің ұғымымда әріптесім Бақтияр Өрісбайұлы о бастан-ақ ұстаздыққа жаралғандай көрінеді. Университетті тәмамдағаннан кейінгі оның өмір жолы бұған айқын дәлел. Студент кезінің өзінен-ақ ол ғылымға бейімділігін байқатты. Алғашқы мақаласы «Қазақстан мұғалімі» газетінде 1969 жылдың 1 қаңтарында жарияланғанда Бақтияр небәрі филология факультетінің бірінші курсының студенті болатын.
Университет бітіргеннен кейін ол ұзақ жылдар республиканың оқу-ағарту саласында қызмет етті. Республика Оқу министрінің кеңесшісі, министрліктің Бас басқарма басшысы, Білім министрлігінің алқа мүшесі болды. Бұл жылдар еліміздің тарихындағы аса күрделі де өте жауапты кезеңдер еді. Бұл уақыттағы министрлік мамандары кеңес дәуірінің қасаң қағидаларынан қалай жол тауып шығуды меңгерді. Тәуелсіздік жылдарының алғашқы қиындықтарын иығымен көтерді. Міне, осы қатарда еңбек еткен Бақтияр Смановтың да еліміздің білім беру саласындағы бүгінгі жетістіктеріне жол ашқан үлесі аз болмады.
Бұдан кейін бірқатар жыл Бақтияр Өрісбайұлы Қазақстан Президенті мен Министрлер Кабинетінің Аппаратында жауапты қызметтер атқарды. Үкімет жанындағы Дін істері жөніндегі Кеңестің жауапты хатшысы бола жүріп еліміздегі діни ұйымдар жүйесінің жұмысын жолға қоюда көптеген іске мұрындық болды. Бұл жұмыста оған университеттегі араб тілінен алған білімі мен өзінің діни сауатының тереңдігі, әріден келе жатқан тегіне тән қабілеті зор көмек болды.
Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде доцент, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтында факультет деканы болған жылдар Бақтияр Өрісбайұлының бойындағы ұстаздық талантын мейлінше аша түсті. Мамандар біліктілігін жетілдіру жөніндегі Алматы облыстық институтының кафедра меңгерушісі, Республикалық институттың директоры лауазымдарында, одан кейін он жылдан астам уақыт бойы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Аппаратының басшылығында жүріп еліміздің білім беру жүйесіндегі осынау аса бір маңызды әрі білім беру саласындағы қажетті буынның бағыт-бағдарын бүгінгі өскелең талаптар деңгейіне бейімдей реформалауға күш салды.
Бақтияр Өрісбайұлы жоғарыда аталған мәртебелі қызметтердің қызығына алданып, өзін-өзі лауазымдық мақсаттардың шеңберінде қалып қойған жоқ. Қайда жүрсе де қолынан қаламын тастамады. Қазақ әдебиетінің сан түрлі мәселелерін қозғайтын мақалалар жазды, әдебиетті оқытудың проблемалары жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Көз майын тауыса жасаған еңбегінің нәтижесінде кандидаттық диссертация жазды.
Бақтияр Өрісбайұлы өзінің «Қазақ орта мектебіндегі жоғары сыныптарда эпикалық шығармалардың кейіпкерлер бейнесін талдау» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын Мәскеудің қақ төрінде абыроймен қорғап шығып, педагогика ғылымдарының кандидаты атанды. Ғылымдағы о баста таңдаған жолына адалдық танытқан әдіскер ғалым бұдан кейінгі кезеңде де осы бір аса қажет салада бұған дейінгі жинақталған бай тәжірибе материалдарын қорыта отырып, ендігі жерде оның ғылыми-теориялық тұғырын тиянақтауға ден қойды. Соның нәтижесінде «Мектепте көркем шығарманы талдаудың ғылыми-әдістемелік негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, 2010 жылы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды. Осы зерттеудің нәтижелері «Көркем шығарманы талдау әдістемесі» деген атпен «Ұлағат» баспасынан монография түрінде кітап болып шықты.
Бұл еңбектің құндылығы онда қамтылған тақырыптардың атауынан анық көрініп тұрады. Атап айтқанда, «Мектепте көркем шығарманы талдаудың теориялық негіздері», «Көркем шығарманы талдау технологиясының педагогикалық-психологиялық жүйесі», «Көркем шығарманы талдай оқытуды тәжірибе арқылы бекіту», «Жеке тұлғаның құзыреттілігін қалыптастыруға көркем туындыны талдаудың ықпалы» деген тақырыптардың аясында ғалым шығарманы талдаудың қыр-сырына терең үңіле отырып, шын мәніндегі теориялық талдаудың үлгісін ұсынады. Әдіскер ғалым құрғақ теориялық тұжырымдармен шектелмейді, әрбір қорытындысын нақты тәжірибе барысында алынған дәйекті материалдармен түйіндеп отырады.
Кітаптағы көрнекті қаламгерлер М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясына, С. Мұқановтың «Ботагөз» романына, сондай-ақ Ғ. Мүсіреповтің шығармаларына жасаған талдауларында әдіскер ғалым өзінің ұзақ уақыт бойы жалпы білім беретін мектептерде тәжірибе жасай жүріп жинақтаған эксперимент материалдарын оқырманға мейлінше түсінікті дәрежеде жеткізеді.
Бұл еңбектің астарында көп жылдарға созылған қыруар ізденіс пен мол тәжірибе жатқаны ақиқат. Педагогика саласында орындалған диссертациялық жұмыстар, монографиялық зерттеулер тікелей оқу сыныптарында, дәрісханаларда жүргізілген тәжірибелер мен сынақтардың материалдарымен «тұздықталмаса» іске аса бермейді. Ғалым еңбегінің басты құндылығы да осында, яғни оның теориялық тиянақтылығымен қатар, практикалық және қолданбалылық мазмұнында жатса керек. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақтияр Смановтың ғылым-әдістемелік материалдарының қорында ұзақ жылдар бойы жинақталған аса мол тәжірибелік мағлұматтары мен әдістемелік тұжырымдары негізінде жазылған осы монографиялық зерттеу кітабын еліміздің жалпы білім беретін мектептерінен бастап жоғары оқу орындарына дейінгі білім беру баспалдақтарындағы қазақ әдебиетін оқыту арқылы жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарды құрметтей білуіне, халықтық рухани қазыналар жөнінде жан-жақты әрі терең білім жинауына жол ашатын аса пайдалы еңбек деуге болады.
Көркем әдебиетті оқыту технологиясы жөнінде жазылған әдіскер ғалым, академик Б.Смановтың ғылыми еңбектері мұнымен шектелмейді. Оның қаламынан әр жылдары туған «Кейіпкер бейнесін талдау», «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі», «С.Мұқановтың «Ботагөз» романын оқыту», «Ғ.Мүсірепов шығармашылығын оқыту», «Көркем шығарманы талдаудың әдістемелік мәселелері», «Мектепте көркем шығарма талдаудың әдістемелік негіздері» кітаптары мен «Көркем шығарманы талдау әдістемесі» атты монографиясы еліміздің ғылыми және педагогикалық қауымы тарапынан өзіндік жоғары бағасын алды. Мұның сыртында ғалым-ұстаз Б.Сманов бүгінде 450-ден астам ғылыми-зерттеу еңбектің авторы. Оның ішінде 9 монография, 4 оқулық, 7 оқу құралы, 11 оқу-әдістемелік басылым бар.
Ол Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Профессор Бақтияр Смановтың жан-жақты қаламгерлік қырын танытарлық үлкен еңбегі - бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне арнап жазылған мақалалары, елдік пен азаматтық туралы, тәуелсіздіктің жемістері мен еліміздің бүгіні мен ертеңі жайында ой толғаған туындылары. Бұл - қаламгер ғалымның шынайы азаматтық ұстанымын, ұлты мен туған жеріне деген сүйіспеншілігін айқын бедерлейтін дүниелер.
Әсіресе, Б.Смановтың елімізді тәуелсіздік тұғырына қондырып, Арқа төсінен ертегінің қаласындай шаһар тұрғызған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы жазған толғаулары бай мазмұнымен, білікті талдауларымен, көркем тілімен оқырманның ықыласына ие болды. Атап айтқанда, оның «Алдаспан», «Елдік пен ерліктің иесі», «Тәуелсіздік және Президент», «Егемендік - еркін елдің мұраты», «Астана - исторический подвиг Президента», «Грандиозная мечта Президента», «Символ смелости и народного духа» атты мақалалары соңғы жылдары республикамыздың белді де беделді басылымдары «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері, «Ақиқат», «Мысль» журналдарында басылды. Бұған Бақтияр Өрісбайұлының ілгеріректе жазылған Д.Қонаев, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин, Ш.Айтматов, С.Қирабаев, С.Жошыбаев, Ш.Қалдаяқов, К.Нәрібаев, М.Жұрынов сынды тағы басқа біртуар тұлғалар туралы мақалаларын қосыңыз...
Соңғы жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде шәкірттерге ұлттық тәрбие беру мәселесі ерекше қолға алынды. Университетте «Ұлттық тәрбие» кафедрасы ашылып, барлық мамандықтар мен дәрісханаларда осы аттас пән оқытылуда. Ұлт болашағы үшін аса қажет осынау игі істің тұғырын бекітіп, көшін алға апару ісіне Бақтияр Өрісбайұлы да өзінің елеулі үлесін қосып келеді. Атап айтқанда, ол пән мазмұнын айқындайтын оқулықтар мен оқу құралдарын даярлауға белсене атсалысып, «Ұлттық тәрбие және дін мәселесі» атты оқу құралын жарыққа шығарды. Оқу топтарындағы негізгі оқу құралдарының қатарынан берік орын алған бұл еңбек бүгінгідей жат діни ағымдар мен секемді секталар қаптап кеткен заманда студент жастар үшін аса пайдалы құрал болып шықты.
Ғалымның азаматтық тұлғасы оның ғылыми еңбектерінен, ғылымда алға қойған мақсат-мұраттарынан және сол арқылы көтерілген абыройлы тұғырынан сомдалса керек. Әлемдегі әдебиет атты ең ізгі ғылымның әрқайсысымыздың жанымыз бен жүрегімізге өзінің қасиетті шуағын сіңіріп, болашақ ұрпақтарды ізгілік пен парасат нұрымен нәрлендіру жолында «инемен құдық қазып» келе жатқан Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Халықаралық білім беру ғылым академиясының академигі, Еларалық Шыңғыс Айтматов академиясының толық мүшесі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Бақтияр Өрісбайұлы Смановтың ғалымдық тұлғасы да, міне, осындай халқына қызмет етіп келе жатқан еңбектерімен өлшенсе керек.
Авторы: Балтабай Әбдіғазиұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор 28.12.2021 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|