қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
26.01.2022

Дархан Біләлов: Білім - бала үшін сапалы әрі қолжетімді болуы керек

 


 

«Үздіктердің» емес, әрбір білім алушының жетістігі маңызды


Адами капиталды кез келген мемлекеттің табысының негізгі факторы деп қарайды және осылай түсіну қалыптасқан аксиомаға айналды. Яғни, бүгінде әлемнің дамыған елдерінде адами капиталды мемлекеттің, қоғамның және экономиканың негізгі тұғыры деп қабылдайды. Мұны дамыту жеке тұлғаның да, жалпы халықтың да біліміне, денсаулығына, әл-ауқатына қатысты мәселелерді шешуде маңызы зор.

 

Дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, білім мен ғылымды дамыту, халықты жұмыспен қамтуға бағытталған реформалар мен инвестициялардың нәтижесіне қарасақ, халықтың өмірін жақсы жаққа, яғни сапалы өзгертуге, уақыт талаптарына сай келетін зияткерлік қоғам құруға, табысты жастарды тәрбиелеуге болады. Мемлекет шын мәнінде өркендеуі үшін еліміздегі әрбір азаматтың білім алуға да мүмкіндіктері молырақ болуы тиіс.

 

Ең озық білім беру жүйелері оқудағы жетістіктерінің жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Мәселен, Финляндияның орта білім беру мекемелерінің (мектептерінің) желісі елдің қай ауданында орналасқанына және оның ауылдық немесе қалалық өңірге жататындығына қарамастан айтарлықтай біртекті. Оңтүстік Кореяда, Тайваньда және Сингапурда артта қалған және академиялық тұрғыдан дайындалған студенттер арасындағы статистикалық айырмашылық аз. Бірінші орынға ең үздік оқушыны емес, жетістігі жоғары оқушыны таңдаған дұрыс. Сонда тек үлгерімі жақсы білім алушының ғана емес, әрбір білім алушының жетістігіне басымдық берілетінін байқаймыз. Бұл айтып отырған елдердің мысалынан біздер, білім алушылардың басым көпшілігінің есебінен ұлттық білім беру жүйесінің жетістігі айқын екендігін байқаймыз.


Ауыл мен қал: білім сапасын теңестіру


Қазақстанда ауыл тұрғындарының саны айтарлықтай жоғары. Сондықтан қала мен ауыл мектептері арасындағы теңсіздікті шешуге басымдық беріледі және нақты қадамдарды талап етеді.

 

Ауылдық жерде орта білім беруді заманауи үлгіге сай дамыту үшін алдымен мынадай нақты қадамдар жасалу керек. Мәселен:

 

- мектептерді (соның ішінде шағын мектептерді) білікті педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету;

 

- еңбекақы жүйесін өзгерту;

 

- кабинетті үздік оқу-әдістемелік материалдармен толық қамтамасыз ету;

 

- білім беру процесіне ақпараттық технологияларды интеграциялау арқылы оқушыларды жаңа технологияға бейімдеу;

 

- сенімді интернет-байланыспен, компьютерлік сыныптармен және жаңа цифрлық технологиялармен (3D-принтер, робототехника, жасанды интеллект, толықтырылған нұсқаулық құралдары және т.б.) тұтастай жабдықтандыру;

 

- өңірлік мектептердің ресурстық орталықтарын құра отырып, оқыту әдістемелерін жаңғырту және білім берудің онлайн-жүйелерін дамыту.

 

Мемлекет тарапынан бұл тізіп көрсетілген міндеттер дер кезінде шешімін тауып және бұл міндеттердің жүзеге асуына республикалық бюджеттен арнайы қаражат қарастырылған.

 

Ал педагогикалық жоғары оқу орындары ауыл және қала оқушылары арасындағы білім алшақтығын жою үдерісіне қалай көмектесе алады? Өте орынды сауал. Оған төмендегіше жауап беріп көрелік.

 

Ең алдымен, ауылдық өңір үшін мұғалімдер даярлау керек. Мәселен, Абай атындағы ҚазҰПУ-да шағын жинақты мектептерге педагог кадрларды даярлау бойынша арнайы жұмыстар жүргізілуде. Университет болашақ мұғалімге қос пәннен сабақ беруге мүмкіндік беретін double major бағдарламаларын, яғни қосдипломды білім беру - екі сәйкес дипломды (Double Major) немесе бір негізгі және екінші қосымша дипломды (Major Minor) алу мақсатындағы бағдарламаларын жүзеге асырады.

 

Бұл бағдарламалар түлектерімізге үлкен мүмкіншілік береді. Ал мектеп - жаратылыстану-математикалық пәндерінен де, гуманитарлық пәндер бойынша да сабақ бере алатын өте қажет мұғалімді жұмысқа алатын болады. Сонымен қатар, негізгі профильден (мысалы, медицинадағы биология және зертханалық зерттеулер) тұратын major-minor бағдарламалары жүзеге асырылады.

 

Екінші, әдістемелік қамтамасыз ету арқылы. Бізде ең мықты, ең танымал әдіскерлер жұмыс істейді. Университет республиканың түкпір-түкпірінен келген ғалымдарды қамтитын республикалық оқу-әдістемелік бірлестіктің базалық жоғары оқу орны болып табылады. Сонымен қатар, университетте инклюзивті білім беру бойынша консультациялық-әдістемелік орталық жұмыс істейді. Шағын жинақты мектептермен жұмыс істейтін сектор құру алдағы жоспарымызда бар.

 

Үшіншіден, университет ауылдағы, әсіресе, шағын жинақты мектептердегі мұғалімдердің біліктілігін арттыру жұмыстарын жүргізеді.

 

Университет профессорлары Қазақстанның барлық өңірлеріндегі шағын жинақты мектеп мұғалімдеріне арналған біліктілікті арттыру курстарын тұрақты түрде өткізіп тұрады.

 

Инклюзивті білім: Балалар бірге оқуы керек


Ауыл мен қала тұрғындарының білім алудағы тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етумен қатар, білім беру үдерісін ұйымдастырудың қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауды талап ететін басқа да мәселелер бар. Бұл қоғам қажеттілігінен туындап отырған, яғни мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасаудағы өзекті мәселе - инклюзивтік білім беру. Инклюзивтік білім мүгедек балаға өзінің құқықтарын іске асыруға мүмкіндік береді. Инклюзивті білім мүмкіндігі шектеулі балаларға балабақша, мектеп, институт, мектепке дейінгі және мектеп өміріне толық көлемде қатысуына мүмкіндік береді. Инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі балаларды теңдікке, тең құқылыққа ынталандыру қорына ие. Бұл жас ұрпақтың ішінде қарапайым балалар да, даму мүмкіндігі шектеулі балалар да бар. Оларды бөлмей, бәріне бір көзқараспен қарау керек.

 

Мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім беретін мектептерге тарту міндетті түзету, педагогикалық және психологиялық көмек тұрғысынан үлкен күш-жігерді қажет етеді. Мұндай балалардың тіпті отбасыларына да сапалы әлеуметтік қызмет көрсету, балаларды әлеуметтік қызметтермен қамту, олармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігі мәселелері де тиісті шешімдерді қажет етеді. Ол балаларды оқытатын мамандардың біліктілігін арттыру арнайы курстармен қамтамасыз етіліп, халықаралық тәжірибемен қамтылуы да қажет.

 

Инклюзивті сыныптары бар мектептерге логопедтер мен кеңесшілер сияқты мамандарды тарта отырып, оқушылар мен мұғалімдердің арақатынасын жақсарту, сонымен қатар инклюзив процесінде нақты сараптамалық көмек көрсету үшін қосымша қызметкерлер де қажет болуы мүмкін. Оқыту үйлестірушілері мен мұғалімдерді көтермелеу және оларға мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жеке оқыту жоспарларын әзірлеуге де мүмкіндіктер берілген дұрыс. Әрине, ерекше балалармен жұмыс істейтін қызметкерлерге арнайы курстар мен тренингтер қажет. Оларға қысқа және мерзімді курстарды ұсынуға және жоғары білім алуға көмек қолын созуға болады. Сондай-ақ, мұғалімдер қиын және жаңа педагогикалық, психологиялық жағдайларда жүгіне алатын кәсіби қауымдастықты (community of practice) қалыптастыру қажет.

 

Мүмкіндігі шектеулі балалардың өздері және олардың ата-аналары үшін кәсіптік бағдарлау мәселелері бойынша кеңес беру жұмыстарын жүргізіп, мүмкіндігінше болашақта осындай балаларға тиімді мақсаттарға қол жеткізуге көмектесетін болашақ мамандықтарды ескере отырып, оқу бағдарламаларын жасау керек. Сапалы инклюзивті білім беру жағдайлары білім берудің барлық деңгейінде болуы керек, оның үздіксіздігі мен сабақтастығы да қамтамасыз етілуі тиіс.

 

Инклюзивті бағыт арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелей аламыз.

 

Мұғалімдер санын көбейтейік


Сарапшылардың болжамы бойынша, 2025 жылға қарай Қазақстанның орта оқу орындарында кадр тапшылығы шамамен 500 мың орынды құрайды екен. Сондықтан осы мәселенің алдын алу мақсатында мемлекет пен бизнес-құрылымдардың қаражаты есебінен мектептер салынбақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен алдағы жылдарда мемлекеттік бюджет және жеке инвестицияларды тарту есебінен 1000 жаңа мектеп салу жоспарлануда.

 

Парламент Мәжілісінің отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Сөзсіз басымдық - сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады. Бұл бүкіл қоғам дамуының ең маңызды факторы. Мектептерді материалдық ресурстармен қалай қамтамасыз етсек те, жақсы мұғалімдерсіз білім сапасын арттыру мүмкін емес».

 

Сондықтан, мемлекет тарапынан білім беру саласындағы маңызды мәселелердің бірі педагог мәртебесін арттыру болып табылады, ол мұғалімдер мен оқытушылардың еңбек жағдайларын жақсартуда, олардың біліктілігі мен материалдық әл-ауқатын арттыруда жылдан-жылға нақты шешімдермен толықтырылып келеді. Мектеп бітірушілер арасында педагогикалық мамандықтарға деген қызығушылықтың артқаны бізді қуантады. Биылғы жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-ға оқуға қабылданған студенттер саны - рекордтық көрсеткішті көрсетті.

 

Мектеп тапшылығын жоюмен және педагог кадрларды көбірек даярлау қажеттілігімен қатар қазіргі таңда орта білім беру ұйымдары директорларының біліктілігін арттыру мәселелері өзекті болып отыр. Бұл мәселені шешу - жоғары оқу орындарына, ең алдымен Абай атындағы ҚазҰПУ-ға жүктелген жауапты міндет.

 

Білімді ұрпақ - ұлт болашағы


Білім беру саясаты дәлелді және нақты салалық деректерге түбегейлі негізделген болса, Қазақстандағы білім беру жүйесін модернизациялау арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады. Айталық, жастарымыздың тең білім алуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты шараларды қалыптастыруда халықаралық тәжірибеге сүйенуге болады, бұл ретте әрбір нақты трансформацияда ұлттық контекстімізді ескеру маңызды.

 

Білім - қоғамның әлеуметтік-экономикалық өмірінің ерекше саласы, еліміздің болашағы оның дамуына байланысты.

 

Сапалы білім - бәсекеге, қабілеттілікке апаратын жай ғана баспалдақ емес. Ол әрбір азаматтың өзін-өзі тануға ғана емес танытуға қабілетін арттыратын, ең бастысы, елімізді әлемдік көшбасшы мемлекеттердің қатарына қосуға мүмкіндік беретін әлеуметтік қолдау екені ақиқат.

 

26.01.2022 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz