қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
27.01.2022

Шағын кешенді мектептерге педагог мамандар даярлануда

 


 

Әлемнің дамыған елдерінде адами капиталды мемлекеттің, қоғамның және экономиканың негізгі тұғыры деп қабылдайды. Ал оны дамытудың жеке тұлғаның да, жалпы халықтың да біліміне, денсаулығына, әл-ауқатына қатысты мәселелерді шешудегі маңызы зор.

 

«Дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, білім мен ғылымды дамыту, халықты жұмыспен қамтуға бағытталған реформалар мен инвестициялардың нәтижесіне қарасақ, халықтың өмірін жақсы жаққа, яғни сапалы өзгертуге, уақыт талаптарына сай келетін зияткерлік қоғам құруға, табысты жастарды тәрбиелеуге болады. Мемлекет шын мәнінде өркендеуі үшін еліміздегі әрбір азаматтың білім алуға да мүмкіндіктері молырақ болуы тиіс. Ең озық білім беру жүйелері оқудағы жетістіктерінің жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Мәселен, Финляндияның орта білім беру мекемелерінің (мектептерінің) желісі елдің қай ауданында орналасқанына және оның ауылдық немесе қалалық өңірге жататындығына қарамастан айтарлықтай біртекті. Оңтүстік Кореяда, Тайваньда және Сингапурда артта қалған және академиялық тұрғыдан дайындалған студенттер арасындағы статистикалық айырмашылық аз», дейді «Абай атындағы ҚазҰПУ» КЕАҚ Басқарма төрағасы - ректор Дархан Біләлов. Оқу орны басшысының айтуынша, бірінші орынға ең үздік оқушыны емес, жетістігі жоғары оқушыны таңдаған дұрыс. Сонда тек үлгерімі жақсы білім алушының ғана емес, әрбір білім алушының жетістігіне басымдық берілетінін байқаймыз. Бұл айтып отырған елдердің мысалынан біздер, білім алушылардың басым көпшілігінің есебінен ұлттық білім беру жүйесінің жетістігі айқын екендігін байқаймыз.

 

Ауыл мен қала: білім сапасын теңестіру тұрғысындағы пікірімен бөліскен ректор Дархан Біләлов «Қазақстанда ауыл тұрғындарының саны айтарлықтай жоғары. Сондықтан қала мен ауыл мектептері арасындағы теңсіздікті шешуге басымдық беріледі және нақты қадамдарды талап етеді. Ауылдық жерде орта білім беруді заманауи үлгіге сай дамыту үшін алдымен мынадай нақты қадамдар жасалу керек. Мәселен: мектептерді (соның ішінде шағын мектептерді) білікті педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету; еңбекақы жүйесін өзгерту; кабинетті үздік оқу-әдістемелік материалдармен толық қамтамасыз ету; білім беру процесіне ақпараттық технологияларды интеграциялау арқылы оқушыларды жаңа технологияға бейімдеу; сенімді интернет-байланыспен, компьютерлік сыныптармен және жаңа цифрлық технологиялармен (3D-принтер, робототехника, жасанды интеллект, толықтырылған нұсқаулық құралдары және тағы да басқа) тұтастай жабдықтандыру; өңірлік мектептердің ресурстық орталықтарын құра отырып, оқыту әдістемелерін жаңғырту және білім берудің онлайн-жүйелерін дамыту. Мемлекет тарапынан бұл тізіп көрсетілген міндеттер дер кезінде шешімін тауып және бұл міндеттердің жүзеге асуына республикалық бюджеттен арнайы қаражат қарастырылған. Ал педагогикалық жоғары оқу орындары ауыл және қала оқушылары арасындағы білім алшақтығын жою үдерісіне қалай көмектесе алады? Өте орынды сауал. Оған төмендегіше жауап беріп көрелік. Ең алдымен, ауылдық өңір үшін мұғалімдер даярлау керек. Мәселен, Абай атындағы ҚазҰПУ-да шағын жинақты мектептерге педагог кадрларды даярлау бойынша арнайы жұмыстар жүргізілуде», деп атап өтті.

 

 

27.01.2022 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz