қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
08.02.2022

Елімізде университеттер мен ғылыми ұйымдардың өзара әрекеттесуінің жаңа кезеңі

 


 

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың бастамасымен Министрлік тарапынан жоғары оқу орны ғылымын дамытуға баса назар аударылуда. Жыл сайын ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруға арналған конкурстар бағыттары мен қаржыландыру мөлшерінің көбеюі - соның дәлелі. Әсіресе, отандық ғылымның болашағын өркендететін жас ғалымдарға арналған жаңа конкурстық номинацияның пайда болуы аса қуанарлық және құптарлық жәйт. Сондай-ақ, 2021 жылдың аяғында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұрын соңды болмаған «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын беру конкурсын алғаш рет өткізуі де білім мен ғылымның интеграциясы аясында жетекші ғалымдардың жетістіктерін бағалаудың ерекше бір өлшемі мен ынталандыруы екендігі ақиқат.

 

2022 жылдың 3 ақпанында ғалымдар үшін маңызды оқиға -университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары арасында өзара ынтымақтастық саласында келісімдерге қол қойылды. Жоғары оқу орындары мен республикалық ғылыми ұйымдардың күш-жігерін біріктіру үлкен жетістікке жеткізері сөзсіз, өйткені ол зерттеу үлгісіндегі университеттерді қалыптастыруға, халықаралық тұрғыдан бәсекеге қабілеттілік пен танымалдыққа, ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін озық білім беру әдістемелері мен технологияларына аударуға ықпал ететін болады. Білім беру мен ғылыми ұйымдардың өзара әрекеттесуіндегі интеграциялық диссертациялық кеңестердің қызметі, магистранттар мен докторанттардың жетекші инновациялық зертханаларда жұмыс істеу мүмкіндігі, білікті ғалымдарды басқару университеттерге ғана емес, республикалық ғылыми ұйымдарға да білім алушылар қатарынан ғылымның кадрлық резервін даярлау тұрғысынан кең мүмкіндіктер береді.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастық тұрғысынан айтарлықтай тәжірибеге ие. Бұл идея 2019 жылдың 21 мамырында «Жоғары білім беру мен ғылымның интеграциясы» тақырыбында өткен ғылыми-практикалық конференциясында туындады. Аталған конференцияда шақырылған қонақтар мен спикерлер ретінде 19 Республикалық ҒЗИ директорлары мен жетекші ғалымдары сөз сөйледі. Конференцияның қорытындысында бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру туралы шешім қабылданып, ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, Ұлттық ядро орталығы, Ядролық физика институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Философия, саясаттану және дінтану институты, Математика және математикалық модельдеу институты, Микробиология және вирусология ғылыми орталығы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің бірқатар ҒЗИ және орталықтары сияқты жетекші ғылыми ұйымдармен интеграциялық жобалар жасалды.

 

Осы ынтымақтастықтың нәтижесінде Университеттің жоғары процентильді Scopus базасында индекстелетін шетелдік журналдарда жарияланымдары өсті. Докторанттарының диссертацияларын дайындауға арналған маңызды ғылыми деректерге қол жеткізудің мүмкіндігі артты.

 

Жалпы, қазіргі уақытта ғылыми әлемде білім салаларының конвергенциясы мен пәнаралық тенденциясы байқалады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің алған бағыты жаңа жетістіктерге және болашақты анықтайтын жаңа ғылыми парадигмаларға жетелейтіндігіне сенімдіміз.

 

 

Авторы: Ұлжарқын Әбдіғапбарова,
Абай атындағы ҚазҰПУ
Ғылым департаментінің директоры п.ғ.д., профессор

08.02.2022 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com