Главная /
СМИ о нас
25.02.2022 Жоғары білім беру: инновациялық дамудан - жаңа биіктерге
Бұл бір жағынан мемлекет тарапынан білім мен ғылымға деген қолдаудың ерекше екенін көрсетсе керек. Жоғары білікті кадрлар дайындаудағы соны серпіліс - ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының интеграциясын тиімді ету жолында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың бастамасымен қабылданған бірқатар маңызды шаралар. Ұсынылған шаралардың басты артықшылығы ҒЗИ мен университеттердің кадрлық, материалды-техникалық, зияткерлік әлеуетін сапалы маман дайындауда барынша бірлесіп пайдалануға жағдай жасау болып табылады.
Мұндай интеграция жоғары оқу орны жүйесінің студенттерге тек білім беріп қана қоймай, сонымен қатар олардың мүмкіндіктерін, игерген білімдерін ғылыми салада іске асыруына ықпал ету, ғылыми-зерттеу институттарымен бірге білім беру бағдарламаларын әзірлеу, диссертациялық кеңес жұмысын бірлесе жүргізуге қол жеткізеді. Абай университетінің Филология және көптілді білім беру институты осы ретте А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтымен, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен интеграциялық ынтымақтастық жасау жолында жан-жақты жұмыстар атқаруда.
«Абай университетінің» коммерциялық емес акционерлік қоғам нысанына өтуі академиялық еркіндік алуға үлкен мүмкіндік берді. Өткен жылдың аяғында университеттің Басқарма Төрағасы - ректор Дархан Нұрланұлы Біләлов «Абай университетінің» 2022-2025 жылдарға арналған жаңа Даму стратегиясымен таныстырып, келешектегі міндеттер мен даму басымдықтарын: академиялық артықшылық, педагогикалық зерттеу университетіне трансформациялану, оқыту әдістемесі, оқыту технологияларындағы инновация, «үйдегі интернационалдандыру», мектептермен ынтымақтастық орнату, оқытудың цифрлық экожүйесін құру, жұмыс берушілердің жас мамандарды кәсіби дайындауға қатысуын қамтамасыз ету және тағы басқа салалардағы перспективалық құзыреттіліктерді анықтап берген болатын.
Осыған сәйкес институтымызда білім беру бағдарламаларын дайындауда жұмыс берушілердің талаптары есепке алынып келеді және практикаға бағдарланған мамандарды дайындау жолға қойылды. Айталық, қазіргі таңда дуальды оқытудың талаптарына сәйкес 4 курс студенттері кәсіби біліктілігін шыңдау үшін мектептерде 1 жыл бойы тәжірибеден өтеді. Осылайша білім алушылар оқудан қол үзбей, яғни университетте аптасына екі күн оқып, қалған күндерін мектепте өткізіп, болашақта сапалы және табысты жұмыс істеуі үшін барлық қажетті құзіреттерге ие бола алады.
Сонымен бірге жекелеген пәндер бойынша теориялық және практикалық сабақтарды ғылыми-зерттеу институттарында, тіл үйрету орталықтарында өткізу болашақта қолға алынбақ, бұл кейін түлектердің осы мекемелерде жұмысқа орналасуына мүмкіндік берері анық. Сапалы маман дайындаудағы тағы бір маңызды шарт - заманауи инфрақұрылым мен білікті кадрлардың болуы. Абай университетінің байырғы құрылымдық бөлімі саналатын Филология және көптілді білім беру институтының 5 кафедрасында 170-тен астам жоғары білікті оқытушы жұмыс істейді.
Олардың арасында 1 ҚР ҰҒА академигі, 1 МАНПО академигі, 24 ғылым докторы, профессор, 46 ғылым кандидаты, доцент, 15 PhD докторы бар. Соңғы жылдары институттың 22 оқытушысы ҚР БҒМ «ЖОО үздік оқытушысы» грантына ие болды. Осындай ғылыми әлеуеті жоғары ғалым-ұстаздар ұжымы төрт мыңнан астам студентке білім беруде. Қазіргі уақытта институт бакалавриаттың 15, магистратураның 13 және докторантураның 10 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар дайындайды.
Институт әлемнің 20-дан аса елінің жетекші университеттері және ұйымдарымен әріптестік байланыс орнатқан, 2012 жылдан бері «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша қос диплом беру бағдарламасын Польшаның Слупск қаласындағы Поморск академиясымен бірге сәтті жүзеге асырып келеді. Стратегиялық даму жоспарына сәйкес алдағы уақытта институттың басқа да білім беру бағдарламалары бойынша Австрия, Болгария, Ресей, Эстония, Түркияның жетекші жоғары оқу орындарымен қос дипломдық білім беруді жүзеге асыру міндеті қойылып, осы бағытта жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
Соңғы жылдары рейтингтер білім беру қызметтерінің жаһандық нарығының маңызды көрінісіне айналды. Университеттің бәсекелестік жетістігінің негізгі факторы оның ұлттық және халықаралық білім беру нарықтарындағы беделі десек, осы ретте біздің Институт білім беру бағдарламаларының Ұлттық рейтингтердегі көшбасшылық позицияларын атап өткен жөн. ҚР жоғары оқу орны талап етуінің ұлттық рейтингісінде-2021 (IAAR - аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі) бакалавриаттың 5 білім беру бағдарламасы, 2 магистратура және докторантураның 2 білім беру бағдарламасы Қазақстан Республикасының 20 жоғары оқу орны арасында 1 және 2 орын, «Атамекен-2021» ҰКП рейтингінде институттың 2 бакалавриат білім беру бағдарламасы 2 орынға ие болды.
Ал «QS World University Ranking by Subject 2021» әлемдік рейтингісінде «Ағылшын тілі мен әдебиеті» пәндік рейтингінің 201-250 тобына енді. Әрине мұндай жетістікке университет басшылығы мен институттың профессор-оқытушы құрамының ауқымды жұмыстары нәтижесінде қол жеткізілді. Студенттердің әлеуметтік, азаматтық белсенділігін дамыту - күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Былтырғы жылы білім алушылардың ғылыми-шығармашылық қабілеттерін дамыту барысында Институттағы жастар орталықтары мен клубтарының жұмысы өзектендірілді.
Нәтижесінде студентке шоғырландырылған оқыту мен тәрбие негізінде ең алдымен, қазіргі студент жастардың қызығушылығы мен талап-тілектері ескеріліп, «Күлтегін» студенттік шығармашылық бірлестігі құрылды. Оның құрамына енген «Үркер» студенттер театры, «Аbaimusic» клубы, «QALAMGER» жас журналистер клубы, «ABAImedia» орталығы, «Абадан» спорт клубы, «Айдай» би клубын дарынды студент жастардың өздері басқарып, жұмыс жасауда. Министрлік тарапынан алдағы уақытта студенттердің тек оқу саласындағы жетістіктерін ғана емес, сонымен бірге интеграцияланған әлеуметтік GPA балы, яғни қоғамдық және волонтерлік жұмыстарға қатысу деңгейін есепке алу жүйесін енгізудің тетіктері қарастырылып жатқаны қуантып отыр.
Себебі терең білімі, жоғары кәсіби біліктілігімен қоса, жалпыадамзаттық және рухани құндылықтарды бойына сіңірген, азаматтық ұстанымы жоғары, белсенді маманның қоғамға, елдің дамуы мен өркендеуіне тигізер пайдасы көбірек екендігін бәріміз жақсы түсінеміз. Қорыта айтқанда жаһандану үрдісі қарқын алған заманда жоғары білім беру мен ғылым саласындағы дамудың инновациялық бағыттары өз жемісін беруде. Алдағы уақытта Білім және ғылым министрлігі тарапынан айқындалған міндеттерді іске асыру жолында барлық әлеуетті жұмылдыру - сапалы кадрлар дайындаудың негізі болатыны анық.
Авторы: Алуа Василийқызы Таңжарықова, 25.02.2022 ж. Ақпарат көзі: bilimdinews.kz
|