Главная /
СМИ о нас
24.03.2022 Ұстаз ғибраты
Ұлттық ғылым академиясының академигі Әлия Сәрсенқызы Бейсенова - ұлағатты ұстаз, әдіскер-ғалым, қоғам қайраткері, география-экология саласы жоғары және орта мектеп оқулықтарының авторы ретінде есімі ғылыми қауымға кеңінен танымал тұлға. Ол - барша қабілет-қарымын білімге арнап келе жатқан, жас ұрпақтың болмысы мен өсу заңдылығын зерделеуге, жаратылыстану және қоғамдық ғылымдарды бір-бірімен ұштастырып, экология және туризм бағыттарының қалыптасуына, олардың түрлі салалармен байланыста дамуына күш-жігер жұмсаған, білікті мамандар даярлау ісіне үзіліссіз үлес қосып жүрген біртуар педагог.
Әлия Сәрсенқызы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықтардың, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендері мен көптеген салалық, мерейтойлық медальдардың иегері. Ғалым және қоғам қайраткері, еліміздегі экологиялық білімнің негізін қалаушы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетіндегі «География және экология ғылыми-әдістемелік орталығының» жетекшісі, профессор Ә.Бейсенованың ғылыми және әдістемелік зерттеулері - отандық ғылымның мақтанышы. Оның тағылымға толы өнегелі өмір жолы - ғылым жолындағы замандастарымызға үлгі.
Иә, академик Әлия Сәрсенқызы - алыс және жақын шетелдерге кеңінен танымал ғалым. Ол бұл биікке талмай ізденудің, маңдай тердің арқасында жетті. Жастайынан ұстаздық жолды таңдады. Мектепте, одан кейін педагогикалық училищеде көзге түсіп, 1950 жылы жүрек қалауымен Абай атындағы Қазақ педагогика институтының география факультетіне оқуға түсті. Аспирантурадан кейін Ә.Бейсенова өзі оқыған «қарт ҚазПИ-дің» физикалық география кафедрасына жұмысқа қалдырылды. Әуелі ассистент, аға оқытушы, ал кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, декан қызметтерін атқарды. Оның «Қазақстан табиғатын физикалық-географиялық тұрғыдан зерттеу (1917-1941)» атты кандидаттық диссертациясы, «Қазақстан табиғатын зерттеу және физикалық-географиялық идеялардың дамуы (көне дәуірлерден 1917 жылға дейін)» атты докторлық диссертациясы - тарихи-географиялық, ғылыми концептуалдық тұрғыда аса ірі ғылыми еңбектер.
Ә.Бейсенова кафедра және факультет басқарғанда (1980-2000 жж.) университетімізде жаңа құрылымдар ашылып, тың жобалар қолға алынды. Мәселен, «Физикалық география» кафедрасының меңгерушісі болып жүргенінде 1986 жылы «Ландшафттар экологиясы және табиғатты қорғау» лабораториясын ұйымдастырды. Кейін (1989 жылы) соның негізінде «Экология» бөлімі ашылды. Ол кезде Қазақстан түгілі, бұрынғы Кеңес Одағы көлемінде экология мамандығын даярлайтын арнайы бөлім жоқ еді. Ал 90-жылдардың басында Әлия Сәрсенқызының тікелей атсалысуымен экологияға қоса, енді «Халықаралық туризм», «География-туризм» мамандықтары ашылды. Осылайша ол география ғылымы салаларымен қатар, онымен шектес экология, экономика, туризм бағытының өркендеуіне зор үлес қосып, игі іске серпін берді.
1990-2000 жылдары «Экология», «Туризм» мамандықтарымен қатар «География» мамандығына қосымша «География және экология», «География және экономика негіздері», «География және туризм» мамандануы Әлия Сәрсенқызының жеке бастамасымен жүзеге асты. Осы жоғарыда аталған мамандықтар мен мамандандырулар негізінде аса зәру туризм мен эколог мамандары және география мамандығы аясында қосарлы мамандандыру бойынша педагог кадрларды даярлау ауылдық жерлердегі шағын мектептерді мұғаліммен қамтамасыз етуді оңтайлы шешті. Әлия Сәрсенқызының арқасында минор тұрғысынан «География және жаратылыстану», «География және өлкетану» тәрізді мектепте оқытылатын шептес пәндердің мазмұны кеңейтілді.
Ә.Бейсенова ҚазҰПУ-да аталған саланы 10 жылдай басқарғанда сапалық деңгейі көтеріліп, ұжымымыз 6 кафедра мен 2 зертханаға толықты. Факультет мыңнан аса студент пен магистрант оқитын іргелі құрылымға айналды.
Академик Әлия Бейсенова - болмысында табиғи дарын мен қажырлы еңбек ұштасқан білікті жан. Ол - отандық география мен оған шектес ғылымдардың көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосып келе жатқан бірегей ғалым. Ғалым 60 жылдан астам табиғатты зерттеу мен қорғау мәселелерімен шұғылданып, әйел затының ғылымдағы бел-белесін, беделін айқындады. Сонау Шоқан Уәлиханов заманынан өз шешімін таппаған табиғат тылсымының кейбір түйткілді тұстары Әлия Сәрсенқызы еңбектерінде жан-жақты қарастырылған. Ол 30 жыл бойы Қазақстанның экологиялық проблемаларын жан-жақты зерттеп, жастарға экологиялық білім мен тәрбие берудің өнегесін көрсетті. Нәтижесінде, экологиялық білім және тәрбиенің концепциясы қаланып, саланың ізденістері нақтылана түсті. Қазақстан экологиясы саласындағы құнды зерттеу еңбектері үшін академик Ә.Бейсенова 2006 жылы әлемдік арнаулы медальмен марапатталды.
Қазақстан табиғатын зерттеуді өмірінің мәніне айналдырған ғалым Тәуелсіздік жылдары география ғылымының жаңа мүмкіндіктерін байыптай алды. Ол География институты даярлаған 3 томдық «Қазақстанның Ұлттық Атласына» атсалысып, осы еңбегі үшін ғылыми топпен бірге Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын алды.
Академик Ә.Бейсенованың ғылыми-шығармашылық және қоғамдық жұмыстары шетелдерге де мәлім. Ол Мәскеу, Санкт-Петербург, Баку, Ташкент, Бішкек, Киев, Қазан, Ыстанбұл, Каир қалаларында өткен ғылыми конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады. Ұлыбритания, Мысыр, Сирия, Ливан, Грекия, Түркия, АҚШ, Италия, т.б. елдерде іссапармен болып, шетелдік ғылыми ортамен ой бөлісті. 1999 жылы Вашингтондағы экологиялық конгресте жасаған баяндамасы ғылыми ортаға елеулі қозғау салды. Мұнда Арал мен Балқаш мәселесі, шөл-шөлейт жерлердің өзекті проблемалары сөз етілді.
Академик Ә.Бейсенова - көптеген қолданбалы және іргелі ғылыми жобалардың жетекшісі және орындаушысы. «Қазақстан моноқалалары тұрақты дамуының тиімді үлгілерінің концептуалды негіздерін жасау (Текелі және Жезқазған қалалары мысалында)» атты іргелі ғылыми зерттеуі әлемдік сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды.
Әлия Сәрсенқызы ұзақ жылдар бойы ғылым кадрларын даярлауға атсалысып келеді. Оның жетекшілігімен 20-ға жуық докторлық және кандидаттық диссертация сәтті қорғалды. Ж.Шілдебаев, О.Мазбаев, К.Қаймулдинова бастаған ғылым докторлары, З.Әбішева, А.Белый, З.Ахметжанова, Г.Сәбденалиева, Д.Жангелдина, Б.Асубаев бастаған ғылым кандидаттары - жоғары мектеп саласындағы жетекші мамандар.
Ә.Бейсенованың ғылыми-әдістемелік қызметінің үлкен бір саласы - жоғары оқу орындары мен орта мектептер үшін даярлаған оқулықтар мен оқу құралдары, оқу бағдарламалары мен географиялық атластары. Бұл - аса мехнатты да жауапты жұмыс. Ғалым сонау 70-80 жылдары орта және жоғары мектептерге арналған «Кеңес Одағының физикалық және экономикалық географиясы» оқулығы мен салалық оқу құралдарын, түрлі бағдарламалар мен методикалық құралдарды аударса, кейіннен «Қазақстан географиясы» оқулығын жазуға тікелей атсалысты. Мәселен, 8-сыныпқа арналған «Қазақстанның физикалық географиясы» оқулығы 90-жылдары бірнеше дүркін басылды. Ал 2000 жылдан бастап орта мектептің 7, 8, 10, 11-сыныптарына арналған жаңа буын оқулықтарын жазуға белсене қатысты. Бұл оқулықтар қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр тілдерінде басылып шықты.
Әлия Сәрсенқызы - орта мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған «Экология» пәні жаңа оқулықтарының да авторы. Осы пәндердің оқу бағдарламасын, хрестоматиясын, мұғалімдер үшін жұмыс дәптерін, оқулықтың электронды нұсқасын жарыққа шығарды. Бұлар - қазіргі мектеп оқушылары мен пән мұғалімдері үшін негізгі, ал студенттеріміз бен магистранттарымызға көмекші оқу-әдістемелік құралдар.
Кейінгі жылдары университет жанындағы «География және экология» атты ғылыми-әдістемелік орталықта қызмет істейтін академик Ә.Бейсенова бастаған топ орта мектеп жүйесін 12 жылдық оқуға көшіруге және жаңартылған оқыту мазмұнын зерделеуге қатысты проблемалармен шұғылданады. Бұл сала да ғылыми жаңашылдық пен білім сабақтастығын талап етеді.
Ә.Бейсенова - қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып жүрген қайраткер. Ол кезінде бүкілодақтық географиялық коғамның тексеру комиссиясының мүшесі, Қазақстан географиялық қоғамының төралқа мүшесі, «Қазақ энциклопедиясының» география жөніндегі редакциялық кеңесінің мүшесі, Ұлттық Білім академиясының география жөніндегі оқу-әдістемелік кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті жанындағы «Отбасы және әйелдер істері жөніндегі» ұлттық комиссиясының мүшесі болды. Қазір осы комиссияның Алматы қалалық бөлімінің және қоғамдық кеңестің мүшесі. Кезінде ел астанасын Ақмолаға көшіру қолға алынғанда, академик Ә.Бейсенова елорданың географиялық орталық қана емес, стратегиялық маңызды өңір бола алатынын «Казахстанская правда» газетінде жариялады. Ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің география-экология бағытын қалыптастырды. «Мәңгілік ел» стратегиясын салаландыруға атсалысып, қолданыстағы оқу бағдарламаларына ел құндылықтарын енгізуге қажыр-қайрат жұмсады.
Рухани жаңғырудың бірегей бағыты - «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» екенін дәлелдеп, осы өреде зерттеулер жазып, оқу құралдарын әзірледі. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында шығарған «Қазақ елі - Мәңгілік ел» атты аса құнды кітабында қазақ халқының тарихын, көне қалалардың, байырғы жеріміздің табиғатын атап көрсетті.
Әлия Сәрсенқызы - ғылыми-педагогтік іске шынайы берілген, әріптестері мен шәкірттеріне ғылыми биік мәдениетті жеке өнегесімен насихаттап жүрген адамгершілігі мол кәсіби маман, саланың көшбасшы тұлғасы. Қоғамымыздың білік-білімін көтеру жолында аянбай тер төгіп, мерейлі белеске көтерілген академик Әлия Бейсенованың өлшеусіз еңбегі мемлекеттің жоғары марапатына, халқымыздың шынайы алқалауына лайықты деп есептейміз.
Осы орайда өмірден тоқығаны мол, ойы кемел, парасаты биік Әлия Сәрсенқызын жоғары мектептің сан мың ұстаздары атынан шын жүректен құттықтап, ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат, шығармашылық табыс, бейнеттің зейнетін көруді тілейміз.
Авторлары: Күләш ҚаймулдиноваА, Абай атындағы ҚазҰПУ «Жаратылыстану және география» институтының директоры, профессор, география ғылымдарының докторы, Талғат Уәлиева, «Жаратылыстану және география» институтының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты 24.03.2022 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|