қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
25.03.2022

Тьюторларға мұқтаждар көбеюде

 


 

Соңғы жылдары балалар денсау­лығына алаңдаушылық басым. Күрделі патологиялардың салдарынан балалар мүгедектікке ұшырауда. Оларды емдеудің өзі бір машақат болса, білім алумен толыққанды қамтамасыз ету әлеуметтенудің ең күрделі сатысына айналып отыр. Осындай қиындықтарға қарамастан, білім саласының мамандары тығырықтан шығудың заманауи мүмкіндіктерін игеруге күш салуда. Бұл бағытта инклюзивті білім берудің нәти­желілігін атап өтуге болады.

 

Жуырда Абай атындағы ҚазҰПУ рек­торы Дархан Біләлов «Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығы» қоғамдық қорының өкілдерімен кезде­сіп, инклюзивті білім беру кадрларын, педагог-ассистент ретінде тьютор­ларды даяр­лаудағы ынтымақтастық мәсе­лелерін талқылаған болатын. Елімізде тьютор­лардың көмегіне мұқтаж балалар санының көбейіп бара жатқанына алаңдаушылығын білдірген Д.Біләлов белгілі бір білім беру бағдарламалары бойынша мамандануға мүмкіндік беретін қосымша курстар өткізу, тьюторларды кәсіби қайта даярлау бағ­­дарламасын іске асыру және олардың жұмысын әдістемелік сүйемелдеудің ма­ңыз­дылығына тоқталды.

 

«Әрбір бала физикалық, интел­лектуалдық, әлеуметтік, эмоционалдық, тілдік және басқа да ерекшеліктеріне қара­мастан, білім алып, біздің қамқор­лығымызды алуы керек», деді Д.Біләлов.

 

«Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығы» қоғамдық қорының президенті Салтанат Мурзалинова-Яковлева осы орталықтың қызметі мен педагог-тьюторларды қайта даярлау қажеттілігіне тоқталып, білікті кадрлар тапшылығын атап өтті. Оның айтуынша, өкінішке қарай, елімізде тьюторлардың көмегіне мұқтаж балалар саны артып келеді.

 

Алматы қаласы мен еліміздің білім саласының нақты мәселелерін шешуге бағытталған университет бағдарламалары мектептермен тығыз жұмыс істеу, қазіргі таңда сұранысқа ие кадрларды қайта даяр­лау, сондай-ақ жұмыс берушілермен және «Өрлеу» орталығымен өзара байланыс орнату, студенттердің практикасын өткізу мәселелеріне бағытталып отыр. Соны­мен бірге білім алуға тең құқықты қам­тамасыз ету, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін білімнің қолжетімділігін, оқытудың қолайлы бағытын таңдауды қамтамасыз ететін инклюзивті білім беруді дамыту мен психологиялық тестілеу құ­ралдарын қол­дану бағытындағы іс-шара­ларды жетілдіру уақыт күттірмейді.

 

Кездесуге қатысушылар осы маңызды саладағы ынтымақтастықты нығайту жө­нінде пікір алмасты.

 

25.03.2022 ж.

Ақпарат көзі:  egemen.kz