Главная /
СМИ о нас
14.04.2022 Тоққожа Қожағұлов: Нағыз өнер бүкіл адамзатқа ортақ
Сурет өнерінің саңлағы Сабыр Мәмбеев: «Қазақ бейнелеу өнерінде халқымыздың қайраткер тұлғаларының жарқын галереясын жасаған нағыз шебер» деп баға берген Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының, Жамбыл Жабаев, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтардың лауреаты Тоққожа Қожағұлов отыз бес жылдан бері өмірін ұстаздық жолмен ұштастырып келеді. Әлдекім салған іздерге әуестенбей өзіне тән шеберлігін қалыптастырған Қожағұловтың қолтаңбасы құрғақ пәлсапа, жаттанды формализмнен ада. Өнерді өмір деп қабылдайтын суретшінің жан сарайына үңілген едік. - Қылқаламға құштарлық қайдан туды, бәрі қалай басталып еді?
- Сурет салу - Құдайдан берілетін қасиет. Оның көзін ашып, арнасын кеңейту, болмаса талант тасқынын дер шағында ұстап қалу - әр пенденің өз еншісіндегі іс. Ауыл балалары секілді мені де арман қанатына мінгестіріп, өнерге іңкәр еткен туған өлке табиғаты, айналамнан алған әсер. Бұған басты себепкер деп ең алдымен, әке мен ананың тәрбиесін, қазақы ауылдың қоңыр тіршілігін, бала қиялдан бүр жарған әппақ үмітті атаған болар едім. 14 бала өсірген көпбалалы отбасының перзентімін. Оқушы кезімде тастан Абайдың мүсінін қашадым. Оны көрген әкем: «Немене маған ескерткіш қоюға асығып жүрмісің?!» деді. Әкеден ерекше именетін ауыл баласы ретінде бұл сөз менің жаныма қатты әсер етті. Абдырап қалғаным сонша, әкеме қарап басымды шайқай бергенімді білем. Содан соң мүсін қашауға қайта айналып соқпадым. Бірақ сурет салуды тоқтатқан жоқпын. 4-сыныпта өзім секілді қара домалақтармен бірге ауыл сыртында қозы бағатынмын. Сонда көңілімде қатталып қалған мына бір эпизод бар. Қырда жайылып жүрген қозыларға алыстан көз тастап қойып кітап оқимыз, жалыққанда түрлі ойындар ойнаймыз. Бір күні қатарымыздағы бір бала ойын картасын әкелді. Ол заманда мұндай дүние таңсық еді әр көп табыла бермейтін. Үйге қайтарда әлгіден қоярда-қоймай таңертең қайтып әкеліп беремін деп картасын сұрап алдым. Ол «біліп қойса әкем өлтіреді» деп әрең берді. Мен сол түні таңға дейін ұйықтамай картон қағаздарды қиып алып, әлгі картаның тұп-тура көшірмесін жасап шықтым. Екі жақ бетінің суреттеріне дейін әр детальді қаз-қалпында көшіріп бояп та қойдым. Ертеңіне балалардың бәрі менің картама таңғалып, сонымен ойнайтын болды. Өзімнен кіші Сәбетбек деген бала менен әлгі картаны бір сомға сатып алды. Сол ақшаны анама әкеліп бердім. Ол кісі ақшаны қайдан алғанымды тәптіштеп сұрап алғаннан кейін ғана әрең қабылдады. Әлгі ақшаны анама ұсынып тұрып: «Шеше, мен сендерді сурет салып асыраймын» деп едім. Құдай аузыма салғаны шығар, балаң тілегім қабыл болып, өмір өрнегім расында да солай өрбіді. Осы уақытқа дейін сурет өнері менің жан рахатым ғана емес тіршілігімнің тірегі болып келеді. Алматыға келіп жас отбасы ретінде баспана тауқыметін аз тартқанымыз жоқ. Осы қиындықтың барлығын қылқаламмен еңсердік.
- Шабытыңыздың бастау бұлағында әке мен ана тұрғанын айтып қалдыңыз. Сізді көпшілікке танытқан тырнақалды шығармаларыңыз да осы жандарға арналғанынан хабарымыз бар.
- Оның рас. Қазақ баласы үшін қасиетті қара шал - адалдықтың тұмары, ең үлкен тәрбие мектебі. Сол секілді маңдайдағы әжімі тағдыр жолындай тарамдалған ғазиз аналар біздің өмір тынысымыз. Мені сезім биігіне тартқан ең әуелі осы жандар еді. 1979 жылы арман қуып Алматыға келгенімде әкем Мұқажан бақилық болды. Апыл-ғұпыл ауылға жетіп, көңілім әкемді іздеп құлазыды. Есік ашылған сайын үйге әкем кіріп келердей елеңдей бердім. Оның бүкіл болмысы көз алдымнан өтіп жатты. Әке алдындағы өтелмей қалған перзенттік парызымды, кеудеде қалған сағынышымды бояумен беруге бекіндім. Әкемнің портретін салып төрге іліп қойдым. Бұған бүкіл сезімімді құйып бердім десем болады. Есіктен кіріп келген кіші шешеміз суретті көріп «О, Құдай-ау, мынау жәкемнің өзі ғой» деп қайынағасы тіріліп келгендей қуанғаны бар. Бұл портреттің артқы фонына уақыттың символы ретінде домбыраны және тағы бір тұсына түлкіге ұқсас элементті қоса бердім. Жастық жалында жанымызға медет болған әкеден айырылып қаламыз деп ойламаушы едік. Сол сәт орнағанда «жалғанның арты ашылды» деген осы екен-ау деп терең мұңға батқаным бар. Бір сөзбен айтқанда, бұл портретте тек әке тұлғасын емес, бұлаңдаған қу дүниенің өткінші кейпін қоса көрсеткім келді.
Көркемсурет факультетінде оқып жүргенімізде үй жұмысы ретінде көлемді портрет салуды тапсыратын. Қателеспесем 3-курста оқитын кезім. Жазғы демалысқа ауылға бардым. Мұқағалидың кітабын парақтап отырып, мына бір өлеңі жаныма қатты әсер етті.
«Анам менің иіліп бара жатыр,
Қай күні келер екен нала батыр.
Жел келіп сыбырлайды аят оқып,
Бір күні айырыласың қара да тұр.
Анам менің иілген сұрау белгі,
Аз ғана шаттық көрді, жылау көрді.
Қалай ғана қалпына келтірерсің,
Дауылдар майыстырған мынау белді». Бұл өлеңде Мұқағалидың ғана емес, менің де анамның портреті жатқандай еді. 14 құрсақ көтерген ананың кешкен бейнеті аз бола ма? Жас босанып отырғанында толып тұрған қазанды көтеремін деп белі кілт ете қалса керек. Иілген сұрау белгідей бүкірейіп жүретін. Бір күні шешемнен де айырылып қаламын-ау деген қорқынышты ой санама маза бермеді. Көзі тірісінде оның портретін салуым керек деген байламға келдім әрі жазғы демалыстағы үй тапсырмасының кейіпкері жақыннан табылғанына қуандым. Демалыстан оралған соң әлгі сурет ұстаздарымның қызығушылығын тудырып институттың әдістемелік қорына таңдалып алынды. Бір күні ұстазым Тоқтар Асқарбайұлы мені шақырып: «анаңның портретін институттан алып ал, бұл бүкіл жаныңмен жазылған дүние, қалтарыста қалмасын, кейін көрмеге қоюыңа болады», деп ақылын айтты. Майлы бояудан өз бейнесін көргенде анам ерекше қуанып, батасын берді. Сол батаның қуаты өзің айтқандай менің өнердегі жолымды ашып, шығармашылық әлеміне алып келді. Өз уақытында бұл портрет республикалық көрмеге қойылып, ол туралы «реализм өнеріне тың леп келді» деген сарында мақала да жазылды. Себебі шығармашылық орта бұл тұста реализмнен абстракция, сюреализм, кубизм бағытына ауытқып бара жатқан кезең болатын. Сол өнер жәрмеңкесінен кейін бүкілодақтық көрмеде көпшілік көзіне түскен «Менің анамның портреті» деп аталған бұл шығармамды Мәскеудің көркемсурет дирекциясы сатып алды.
- Әйгілі Винсент Ван Гог: «Мен ғибадатханаларды салғаннан гөрі адамның жанарына үңілгенді ұнатамын. Адам жан дүниесі әлдеқайда қызықты» деген екен. Сізді бейнелеу өнерінің биігіне алып шыққан дәл осы адам бейнесін салу. Жалпы, портрет жанры туралы не айтасыз?
- Портреттің басты мұраты айнытпай ұқсатып, көшірме жасау емес. Басты мән ұқсастықта болса портреттің фотосуреттен қандай айырмашылығы бар? Кейіпкердің ішкі жан дүниесімен сыртқы сұлба қабысқанда ғана образ пайда болады. Сондықтан бұл күрделі жанр кез келген өнер иесінің оңтайына келе бермейді. Портрет - сонау ескі замандардан келе жатқан бейнелеу өнеріндегі ең бір көне жанр. Ерте замандардағы тасқа қашалған суреттер, жер-жерден табылған балбал тастардағы бейнелер осыған дәлел. Аталған жанр ең алғаш Мысыр мен Грек жерінде өркен жайды. Адамның сыртқы формасын жасаудан басталған бағыт кейіннен өзгерістерге ұшырап, академиялық талап-тілектерді орындайтын дәрежеге дейін жетті. Қайта өрлеу дәуірінде бұл бағыт тіптен шырқау биікке құлаш сермеді. Сыртқы ұқсастықтан бұрын, ішкі жан дүниеге терең мән беріле бастады. Бұл кезең Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рембрандт, Рафаэль секілді кесек тұлғалардың дүниеге келуімен ерекшеленді. Ал қазақ бейнелеу өнерінде портрет жанрын алғаш қолға алған - Әбілхан Қастеев. Жоғарыда айтып өткеніміздей, техниканың өркендеуі саланың дамуына серпін берді. Фотоаппараттардың пайда болуы тіпті «портрет керек пе?» деген сауал туындатты. Өйткені техниканың көмегімен біз адам бейнесін гиперреализм дәрежесінде тарта алатын болдық. Техника қанша жерден көкке өрлесе де шынайы өнердің құндылығы биік тұратынын уақыт өзі дәлелдеді. Техника суретшінің ішкі сезімін бере алмайды. Басты айырмашылық осында жатыр.
Даңқты Пикассо кезекті кейіпкердің суретін салғанда, әлгі кісі: «Бұл маған мүлде ұқсамайды ғой!» депті. Сонда ұлы суреткер: «Сіз отыз жылдан кейін осындай боласыз», десе керек. Шынында сол кісі, арада жылдар өткен соң дәл сондай болған деседі. Демек, суретші өзінің алдындағы кейіпкеріне қарап отырып, қиялымен оның болашағына саяхат жасауы, яки өткен өмірінің тұңғиығына сүңгіп кетуі мүмкін. Нағыз қылқалам шебері уақыт пен кеңістіктің шеңберінде шектеліп қалмайды.
- Көптеген жас суретшімен әңгімелесу барысында реализм мен сюрелизмнен, академизмнен алшақтай алмай жатырмыз. Еуропа елдеріндегідей жаңашылдыққа, жаңа деңгейге, өмірдің жаңа бейнесін өнер арқылы ашуға тырысуымыз керек деген пікір айтады. Академизмнен алшақтай алмай отырмыз деген суретшілерді тежеп отырмыз ба?
- Біздің жоғары оқу орнында басты негізге алып отырғанымыз - реалистік бағыт. Сюреалистік бағыттың негізін қалаған суретші Сальвадор Дали: «Сені ел мойындауы үшін ең алдымен, реализмді жете меңгер, өзіңді осы бағытта көрсеткеннен кейін басқа бағытта қалам сілтесең, сені жұрт мойындайды», дейді. Әлбетте адам қиялын шектеуге болмайды. Десе де бейнелеу өнерінің әліппесі - реализм. Әріпті үйренбей тұрып, сөз құрай алмайтын секілді, реалистік бағытты игермеген суретші басқа бағытта жетістікке жетеді деу қиын. Реализмді үйретіп, іргетасын қалағаннан кейін ғана біз баланың қабілетіне қарай еркіндік береміз. Еліміздің әр аймағынан келген балалардың бояу түсін көруі де әртүрлі. Заманында Мәскеуде оқып келген жігіттер өздерінің жетекшісіне еліктеп, суретті тура өзінің ұстазындай салатын. Өйткені кеңес заманында әр суретшінің мектебін қалыптастыру деген жалаң ұран белең алды. Бұл - өнер адамын тұншықтыру. Бала бойындағы дарынды байқап, оның өз бағытын табуға септесу керек. Реализмді алып кете алмағандарды, өздері бейім бағытқа бағыттаймыз. Айталық, бір кездері «Сорос» компаниясы абстракциялық бағыттағы суреттерді қымбатқа сатып алып, реалистік бағыттағы ұлттық шығармаларды қабылдамайтын. Абстракциялық суреттер қымбатқа өтіп жатқандықтан, осы бағытқа еріксіз келгендер де болды. Мұның астарында шетелдің сұрқия саясаты тұрды. Бізді өз бағытымыздан тайдырып, түп-тамырымыздан ажыратқысы келді. Біздің қазіргі міндетіміз - өзімізде бар жақсы дүниелерді жоғалтып алмау. Ұлттық өнер ұлтты біріктіруге тиіс. Әр жақтан келген өнерді өзімізге енгізе беретін болсақ, төл өнеріміз шашырап кетеді. Өнер адамдарына мемлекет және ұлттық компаниялар, жекелеген ауқатты адамдар тарапынан қолдау керек. Сурет - ырыққа бағынбайтын шекарасы жоқ әлем. Сондықтан суретші қиялын тежей алмайсың. Ал шығармалардың құндылығын уақыт өзі екшейді. Ең бастысы, өнер адамы өзінің рухани діңінен ажырамағаны абзал. Суреткерді тарих шыңына алып шығатын оның салған сүрлеуі, өнердегі өзіне ғана тән дара жолы. Мәселен, Гогеннің бір шығармасын сал десеңіз кез келген суретші айнытпай салып береді. Бірақ оны көшіре салғанымен, ол Гоген бола алмайды, өйткені ол оны ойлап тапқан жоқ. Мұндағы негізгі мән суретші сол тың бейнені алғаш болып өмірге әкелуінде. Бейнелеу өнеріне өз бағытыңды алып келгенде ғана сен Сальвадор болып қаласың. Рембрандт психологиялық портреттерімен, Джотто адам сұлбасын өзгеше кейіптеуімен, Леонардо да Винчи адамның сегізге бөлінетінін, онда бас негізгі өлшем болатынын айшықтауымен әлемдік тарихта қалды. Моне екі мыңнан астам сурет салғанымен, оның екі жүзін ғана алып қалып, қалғанын өртеп жіберген. Себебі ол суреттерді ешкімге керек емес, айтары жоқ дүниелер деп есептеген. Яғни өзіне сын көзбен қарап, өнер өлшемін биік қойған. Өнерге талаптанған жастар Зигмунд Фрейдтің психологиясын, утопистердің еңбектерін шолып шығуы қажет. Бейсанадағы дүниені жарыққа шығару үшін суретшіде зияткерлік білім болғаны дұрыс. Суретші белгілі бір композицияны сомдамас бұрын өзінің алғашқы ойы мен соңғы мақсатын анық көріп, сол арқылы шығарманың мәнін таразылағаны ләзім.
- Пабло Пикассо: «Суретші - әр жерден: аспаннан, жерден, қағаздың сыбдырынан, өткінші формалардан, тордан, таулардан, даладан, табиғаттың әртүрлі көріністерінен келетін эмоциялардың ортасы» депті. Әркім әртүрлі пайым айтса да қылқалам құпиясын меңгеру екінің біріне берілген қасиет емес қой. Жалпы, Сіздің ұғымыңызда суретші деген кім, оның миссиясы не?
- Суретші - басқа адамдардың қуанышын бөлісіп, қайғысына ортақтасатын, шындықты дәріптейтін һәм әсемдікті әйгілейтін ізденімпаз жан. Көп ғасырлар бойы адамдар жасаған ұлы көркемдік құндылықтарды оқып-үйренбей, өнерді түсіну және сүю мүмкін емес. Суретші - дәуірдің айнасы. Оның ұлы миссиясы - уақыт үнін келешекке жеткізу. Біз сурет өнеріне ат үсті қарамай оған терең таныммен үңілуіміз керек. Түптеп келгенде, суретші ұлы Жаратушының құдіретін әйгілейтін тұлға. Айталық, қылқалам шебері кейіпкердің сезімін дәл сомдап айнытпай бедерлегенімен оған жан бітіре алмайды. Міне, осы жерде ол өзінің әлсіздігін мойындап, барлық құдірет Құдайға ғана лайықты екенін паш етеді. Ал мұны терең зерделей алмағандар бейнелеу өнерін дінге қайшы құрал ретінде көрсеткісі келіп жүр. Меніңше бұл қате пайым. Қолының икемі бар адамды бейнелеу өнеріне үйретіп, шебер суретші жасауға болатын шығар. Бірақ одан нағыз суретші шығара алмайсың. Өнер деген ішкі ауру. Өзегіңді өртеген керуен ойларды сыртқа шығармасаң жаның жай таппайды. Суретшінің қаламгерлерден айырмашылығы салған суретін өзге тілдерге аударып әуреленбейді. Себебі өнердің тілі тұтас адамзатқа ортақ. Оны әр ұлт өз өресінде, өз танымында түйсінеді. Кенептің тағы бір миссиясы мәдениеттерді жақындастыру арқылы адамзатты ынтымаққа ұйыстыру. Сурет өнерінен ұлттың тарихын, қасиет-қалыбын, тіршілік арнасын көруге болады. - Біреулер суретті саудаға айналдыру өнердегі тазалығыңды жоғалту десе, енді біреулер керісінше Құдай берген талантыңды кәсіпке айналдырып, табыс табу керек дегенді айтады. Және осы екі пікірді ақтайтын да уәж табылады. Сіз қайсысын құптаған болар едіңіз?
- Бұл екеуінің ортасын табу керек. Жалпы, суретші бай адам болғаны абзал. Ойы еркін, материалдық жағдайы жақсы адам тек сонымен айналысады. Тарихта мұндай суретшілер де болған. Басқа ештеңемен айналыспай тек қана сурет салып өмірден өткен. Бірақ олардың бәрін ғажап суретші болған деп айта алмайсыз. Алдына бар жақсыны үйіп қойғанымен, көңіл көкжиегіне ілкімді ой қонбай өтуі де мүмкін ғой. Керісінше өмірі қайшылықпен, жоқшылықпен өтсе де, талқаны таусылғанша сурет салған жандар бар. Суретін сатқандардың да, өнерді саудаға салмау қажет деген пікірді берік ұстанғандардың да, жалпы барлық суретшінің арманы түбі бір жарқ ету. Өзінің бір шығармасымен тарихта қалу. Құдай бойыңа осы өнерді дарытқан соң өнер арқылы табыс табудың еш әбестігі жоқ. Өнер деген бәйге. Бұл бәйгеде біреулер алғашқы айналымда алға озса, енді біреулер өмірінің соңына қарай көріне бастайды. Ең дұрысы өмір бойы жарқырап өту. Бойыңдағы барыңды бере алмай кетсең нағыз өкініш сол. Қаншама суретші қиындыққа шыдамай өнерден қол үзді. Бизнеске, басқа салаларға бет бұрды. Қазір олармен отырып сырласқанда мына нәрсеге анық көзім жетеді. Материалдық жағдайлары жақсы болғанымен, рухани жүдеу. Бәрібір өнерді аңсап тұрады. Қайта қолға алайын десе, ішкі әлемі бой бермейді. Сол секілді тепеңдеп жүріп-ақ жарып шыққан таланттар бар. Олар салған үйді кейіннен бұлар да салды, олар жеткен игілікке кештетіп бұлар да жетті. Дегенмен кейінгілер бақытты, жүректері тыныш, көңілдері тоқ. Ең бастысы, артында шығармашылық мол мұра қалды. Өнер де ғылым секілді. Басы кедейшілікпен басталады, шаң басқан архивтерде жүресіз, қатарыңыз жақсы ақша тауып кең-молынан өмір сүріп жатқанда, сіз жұпыны тіршілік кешуіңіз ықтимал. Бірақ ең соңында бәрібір қуып жетесіз әрі сіз жеңімпазсыз. Мал жұтағанымен, өнер, білім түгесілмейтін байлық. Сондықтан адам өз жолын өзі таңдайды. Мұндағы басты принцип қиындықтан қашпау, соңына дейін күресу. Заманында Голландияда кіші голландықтар деген суретшілер пайда болды. Олар натюрморт жанрының қалыптасуына әсер еткен болатын. Натюрморт кейіннен бейнелеу өнеріне бір жанр ретінде кірді. Көшеде отырған суретшілердің арасында да майталман суретшілер жетерлік.
- Өмір өрнегін ұстаздық жолмен қатар өріп келесіз. Кәсіби салаға қатысты жауапты қызметтердің тізгінін ұстап жүргеніңізді де білеміз. Жалпы, қызмет шығармашылық адамына кедергісін тигізе ме?
- Қызмет өнерге мүлдем қолбайлау болмайды десем жалған айтқан болар едім. Көңілде жүрген жұмыстардың көбі кенепке түспей қалып жатады. Бұл - өкініш. 2017 жылы Мемлекеттік Орталық музейде жеке көрмем өтті. Көрмеге келушілер тарапынан менің салған автопортреттеріме қатысты «Сіз неге өзіңіздің портретіңізді сала бересіз, сірә, өзіңізді қатты жақсы көресіз?» деген сыңайда сауалдар қойылды. Мен бұл сұрақтарға былайша жауап бердім. 1991 жылдан бері үлкенді-кішілі қызметтерде отырдым. Демалыссыз жұмыс істедім. Суретші үшін қол, көз, ми үшеуі бірдей жұмыс істеп отыруы керек. Өйткені көздің көргенін ми қорытып, соны қол орындауға тиіс. Үшеуінің біреуі өз миссиясын дұрыс атқармаса сурет солғын шығады. Қауырт жұмыстың арасында жүріп кімді отырғызып қойып суретін саласың. Ой орнында болмаған соң, келген адамға бүгін қолым жүрмей тұр, ертең келші деп тағы айта алмайсың. Міне, осындайда оңаша отырып өз портретімді салам. Қайта өшіріп, қайта шимайлап адам болмысын өз бейнем арқылы беруге тырыстым. Оның үстіне біздің елде басшылық қызметтегі қоғамдық жұмыстар толық жүйеге қойылған жоқ. Басқару жүйесінде, дәл солай оқу жүйесінде де қалыпқа түспеген дүние көп. Жаңа бір тапсырма келе қалса, бұрынғыны аттап өтіп зерттеп, зерделемей, талдамай соған науқаншылдықпен кірісіп кетеміз. Германия, Франция елдеріндегідей шығармашылық қызметте мамыражай ауан қалыптасты деп айтуға ерте. Оның үстіне ұстаз болған соң ғылыммен айналысатын адамбыз. Осының бәрі өз деңгейінде қаламыңды тежейді.
Педагогикалық қызметтің шығармашылық адамы үшін бір жақсы жағы бар. Өнердің теориялық қырын білу арқылы практикалық тұрғыдан дамуға болады. Қарапайым мысал. Мәселен, жылы түс пен суық түстің арасын қалай байланыстырамыз. Теорияны оқыған адамға бұл оп-оңай. Ұстаздықтың тағы бір пайдасы өзің үйрете жүріп үйренесің. Жастардың бойындағы эмоция, жалын-жігер кейде өзіңе де қуат беретін кездер болады. Жас ұлғайған сайын адамды ақыл жеңіп, эмоция азая бастайды. Ал мүлде эмоция болмаса, ол шығармадан әсер алу мүмкін емес.
- Жеке көрмелерін жиі өткізу суретші шығармашылығын шыңдауға қалай әсер етеді? Жалпы, көрмеге көзқарасыңыз қалай?
- Көрме сенің бүкіл рухани әлеуетіңді көрсетеді. Түптеп келгенде, өнертанушылар мен суретшілер көрмеге сені сынау үшін келеді. Мұны көлкіген мақтау есту үшін науқаншылдыққа айналдырсаң өнерді қадірлемегенің. Сен өз деңгейіңді білуің керек. Ал өзіңе сын көзбен қарай алмай, құр мақтауға еліру өнеріңді өшірмесе, өсірмейді. Бұл әрбір суреткердің ішкі мәдениетінің өлшеміне тән дүние. - Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Арман ОКТЯБРЬ, «Egemen Qazaqstan»
14.04.2022 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|