Студенттерімізден хат!
2016-2017 оқы жылының екінші семестрінде филология және көптілді білім беру институтының екі студенті: Назлы Қадырова (5В011800 - Орыс тілі мен әдебиеті) мен Айгерім Серікбай (5В012200 - Орыс тілінде оқытайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті мамандықтары) Слупск қаласындағы Помор Академиясында білім алады. Аталған жоо-мен орыс тілі мен әдебиеті кафедрасы бірнеше жыл қатарынан ынтымақтастық орнатып келеді: академиялық ұтқырлық бойынша студенттер семестрлік білім алса, магистранттар ғылыми тағылымдамадан өтіп, оқытушылар ғылыми конференцияларға қатысады.
Осы жолғы семестрлік оқу ректор Збигнев Осадовскийдің гранты арқылы жүзеге асады. Қыздарымыз сабақтарына кірісіп оқудың қалай басталғандығы туралы өз хаттарында баяндап берді.
«Сабақтарымыз 2017 жылдың 2 наурызында Слупск қаласындағы (Балтық теңізінен 18 км жердегі) Помор академиясында басталды. Әдебиеттануға кіріспе, Көне орыс әдебиеті, XVIII-XIX ғасырлардағы әдебиет, ғылыми мәтінмен жұмыс, сипаттама грамматикасы және т.б. пәндерді оқитын боламыз. Университетте, жатақханада, кітапханада барлығы біздерге әрқашан қол ұшын созуға дайын. Польша мен шетел студенттері тарапынан біздің елімізге, тілімізге, дәстүрімізге деген қызығушылықты байқадық. Тобымызда жеті студентпіз: бесеуі Украинадан келген. Сабақтар орыс тілінде өтуде. Пани Рычельсктің әдебиет сабағында ежелгі орыс әдебиетінің пайда болуы туралы мағлұмат алсақ, Пан Осухтың «Ғылыми мәтінмен жұмыс» пәнінде ғылыми жұмысты дұрыс рәсімдеу, студенттердің ғылыми жұмыстарына мәліметтерді қайдан, қалай іздеу керектігі жайлы ақпаратқа ие болдық. Осы семестр өте нәтижелі болады деп үміттенеміз. Себебі сабақтарымызды Помор Академиясының филология институтының жоғары білікті мамандары жүргізетін болады. Білім алуға осындай тамаша мүмкіндік бергендіктеріңізге алғысымыз шексіз». 2 курс студенттері Назлы Қадырова мен Айгерім Серікбай.