Главная /
СМИ о нас
06.05.2022 Мақсат Жақау: Конституциялық реформа халықтың саяси мәдениетін жаңа деңгейге көтереді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды. Елімізде референдум соңғы рет 1995 жылы, қолданыстағы Конституция бекітілгенде өткен. Кейін «Республикалық референдум» туралы Конституциялық заң қабылданды. Алайда ол іс жүзінде қолданылған жоқ. Содан кейін Ата заңға төрт рет түзетулер енгізілді. Мемлекет басшысының айтуынша, референдум әр азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік беріп, жан-жақты демократия мен жаңа Қазақстан құру бағдарын нығайтады. КТК телеарнасының тілшісі, әріптесіміз Асқарбек Қазанғап пен саясаттанушы Мақсат Жақаудың сұхбаты Конституцияға енгізілетін өзгерістерге арналды.
А.Қазанғап: Конституциялық кеңес Президент ұсынған жаңа толықтыруларды қарауға алды. Ол бойынша 33-бапқа түзету енгізіліп, екі баптың атауы өзгермек. Сонда Ата заңымыз бұрынғыдан басқаша болмақ па?
М.Жақау: Қазіргі екінші республика деген ұғымның негізінде біздің қоғам демократиялық дамудың келесі кезеңіне аяқ басты. Президент өзінің алғашқы Жолдауында еліміз либералдық саясатты ұстанатынын айтты. Құқықтық жүйеде ол ең алдымен Ата заңнан басталады. Отыз жылда жасалған дүниенің теріс жағынан бас тартамыз. Әрі сол теріс жағынан сабақ аламыз. Конституцияның тұтас 33-бабы өзгеріп, қосымша екі бап жаңадан кіріп жатыр. Бұл Конституция жаңа даму сатысын қамтамасыз ететін құрылым болмақ. Сондықтан бүгінгі Конституцияға қарағанда анағұрлым айырмашылығы бар, яғни өзгеше. Себебі онда құзіреттер өзгерді. Институционалдық құрылым деңгейі тереңдейді. Жауапкершілік күшейе бастады. Адам құқығынан бастап, жергілікті өзін-өзі басқару деңгейіне дейін жалпы бағыттары өзгерді. Осының бәрін жіліктеп айтуымызға болады. Негізгі мақсат, «халқымның ертең емес, бүгін бақытты болғанын қалаймын» деп Президент өз сөзінде айтып өткендей, сол бақытты болуды адам құқығынан бастап, жалпы бағыттарын саяси реформаның негізінде өзгерту болып отыр.
А.Қазанғап: Сөзіңіз аузыңызда, адам құқығы дедіңіз, конституциялық сот құрылатын болды. Оның бұрынғы конституциялық кеңестен айырмашылығы қандай?
М.Жақау: Қазіргі жағдайда Конституциялық сот саяси орган емес, жоғарғы қадағалаушы орган. Конституциялық кеңес саяси кеңес болып саналады. Конституциялық сот кез келген азаматтың құқықтарының конституциялық деңгейде бұзылмауын қадағалайды. Мәселен, түрлі деңгейдегі сотта өзінің құқығын дәлелдей алмай тығырыққа тірелген азамат ең жоғары инстанция - Конституциялық соттың шешіміне жүгінеді. Бірақ кепілдік беретін - Конституция. Міне, енді осыны конституциялық деңгейге шығарып береді. Соған орай бас прокуратураның да құзіреті өзгеріп жатыр. Ол енді өтініш арқылы жұмыс істейді. Адам құқығы өкілеттілігі, Конституцияның құзіреті мен құқығы күшейеді. Тағы да сол Конституция адам құқықтары тақырыбын көтеретін болады.
А.Қазанғап: Жалпы біздің азаматтарымыздың құқықтық сауатын қалай бағалайсыз?
М.Жақау: Басты мақсат - сенім көпірін орнату ғой. Билік халықтың сеніміне ие болу үшін бүкіл заңнаманы өзгертіп жатыр. Ол жай ғана заң емес. Ол - конституциялық заңдар. Оның құзіреті жоғары болады. Ол конституциялық заңдарды қазіргі палаталардың біріккен отырысында анықтайды. Палатада кімдер отырады? Онда халықтың өкілдері отырады, яғни халықтық өкілеттік өзінің жергілікті өкілеттіктерінің мүддесін сол жерде толықтырып, бекітіп отырады. Ал конституциялық сот осының барлығына дұрыс тұжырым беруі тиіс. Мысалы, бұрын конституциялық кеңес деңгейінде қолжетімсіз дүниелер көп болатын. Ал енді конституциялық сот қазіргі қарапайым азаматтан бастап, оның құқықтарын толық қадағалап, соның дұрыс орындалуын басқарады. Керек десеңіз, сайлау кезінде Конституцияның бұзылмауына, референдум өткізу сияқты мәселенің барлығына конституциялық сот жауап беретін болады.
А.Қазанғап: Өзіңізге белгілі, суперпрезиденттік басқарудың орнына Парламент өкілеттілігін кеңейтуге басымдық берілмек. Соған орай Мәжіліс пен Сенаттың қызметінде өзгерістер болатын шығар?
А.Қазанғап: Бәрімізге белгілі, атқарушы биліктің қызметін бақылау функциясы Мәжіліске жүктелген. Шыны керек, бізде болары болып, бояуы сіңгеннен кейін «мына жақта жол салынбай қалыпты, мына жақта су жүргізілмей қалыпты» деп қолымызды мезгілінен кеш сермеу жиі орын алады. Жалпы мынадай тәжірибені енгізуге бола ма: бір жақта жұмыс жүріп жатқан кезде, соны қадағалайтын комиссия құру сияқты мүмкіндік бар ма бізде?
М.Жақау: Бізге жаңа Конституция сондай мүмкіндік береді. Мысалы, есеп комитетінің орнына қазір жоғарғы аудит палатасы құрылып жатыр. Ол жылына екі рет есеп береді. Қаржылық есептерден қай бағдарлама бойынша, қай мәселе қандай деңгейде шешіліп, қай ақша жұмсалып, қай ақша жұмсалмай жатыр. Мәселе неге шешілмей отыр. Осының барлығы, сіз айтқандай, Мәжілістің бақылаушы қызметінің, жауапкершілігінің артқандығын көрсетеді. Себебі жауапкершілікті өз мойнына алу үшін жоғарыда айтылғандай, суперпрезиденттіктен мықты Парламенті бар басқару платформасына ауысып жатыр ғой. Міне, мықты парламенттік функциялар осындай маңызды бөлшектерден құралады. Бақылаушылық құзірет күшейтіледі. Бақылаушы құзіретін күшейту - қазіргі Президенттің де, халықтың да күткен мүддесі, арман-мұраты. А.Қазанғап: Президент Аmanat партиясынан шығып, төраға ретіндегі өкілеттілігін тоқтатты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі билік партиясынан кетуінен қандай өзгеріс күтеміз?
М.Жақау: Бұл - үлкен қадам. Бұл - зор саяси жігер. 30 жылда еліміз барлық жағынан дамыды. Бірақ қазір Президент өзінің қызметтерін бөліп беріп жатыр. Өйткені саяси монополиядан ада болып, саяси бәсекелестікті күшейту керек. Бәсекелестік арқылы елге, Парламентке саяси бағдарламалар келуі керек. Сол арқылы еліміз өркендейді. Сондықтан Президент өз шешімімен бас партиядан шығып отыр. Жалғыз өзі емес, облыс әкімдері, оның орынбасарлары да шығады. Amanat партиясы да басқа партиялар сияқты тең мүмкіндік алаңына шықты. Ертең сайлауда да тең мүмкіндіктерді пайдалану керек. Ешқандай әкімшілік ресурстарды қолданбау керек. Студенттерді, мұғалімдерді пайдаланбау керек. Құқық қорғау органдары Аmanat партиясының да, басқа партиялардың өкілдерінің құқығын қорғайды. Міндеттері мен қызметін сақталады, тең дәрежелі демократиялық бәсекелестік орнығады. Діттеген мақсат та осы.
А.Қазанғап: Ал «Адал» партиясының Amanat-қа қосылғанын қалай түсінсек болады?
М.Жақау: Енді бұл өмірдегі процесс қой. «Адал» партиясы мен Amanat партиясы өзара солай шешкен шығар. Олардың құзіреті бар, шешімі бар. Сондай шешім шығарғандықтан, олар қазір Amanat-қа барып қосылды. Кезінде де «Отан» партиясына «Асар» партиясы кірді ғой.
А.Қазанған: Партияны құру да оңтайландырылды. Бұрынғыдай, 20 мың емес, 5 мың адам тіркелсе, жеткілікті. Сіздіңше, ел ішінде партиялардың көбейгені дұрыс па? Саны көп, ісінің нәтижесі жоқ болмай ма?
М.Жақау: Саны көп болмаса, сапа қайдан шығады? Саяси партияның, саяси плюрализмнің көп болғаны дұрыс. Мысалы, мына жерде қазір екеуміз отырмыз. Ал егер 6-7 сарапшы отырса, айтылатын пікір көбейеді. Саяси партиялар да дәл сондай. Сан қилы пікірден ортақ шешім шығады. Конституциялық реформа халықтың саяси мәдениетін жаңа деңгейге көтереді. Саяси мәдениеттілік арқылы саяси институттардың саны көбейді. Оның көптігі артық болмайды. Қырғызстандағы соңғы сайлауға он партия қатысты. Біз де партия санын көбейтсек, жаңа саясаткерлер шығады.
А.Қазанғап: Дегенмен осы өзгерістерден кейін жаңа Парламентке сайлану үшін белгілі бір партияның мүшесі болу міндетті емес қой?
М.Жақау: Ол әрқалай болады. Бір партияның мүшесі болуы мүмкін. Жеке мандатпен шығуы мүмкін. Мұндай үрдіс 2004 жылғы сайлауда болды. Мұның бәрі партиялық съезде анықталады. Жеке адамдар аудандық немесе облыстық деңгейде өтеді. Қалай болғанда да, адамға таңдау мүмкіндігі беріліп тұр ғой.
А.Қазанғап: Соңғы түзетулердің жергілікті әкімдер мен мәслихатқа да тікелей қатысы бар. Қазір енді өзін-өзі басқаруды дамытуға басымдық берілмек. Мысалы, бұрынғыдай жоғарыға жалтақтамай, мәселені жергілікті деңгейде шешуге жол ашылады. Осындай өзін-өзі басқаруға жергілікті әкімдік дайын деп ойлайсыз ба?
М.Жақау: Біз баяғыдан дайынбыз негізі. Тек соған мүмкіндік беру керек. Мысалы, жергілікті өзін-өзі басқару идеясы аяқ астынан шыққан жоқ. Кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Алдымен қоғамдық кеңес құру туралы ұсыныс жасалды. Олар аймақтық деңгейде құрылды. Енді мына жаңа конституциялық реформа арқылы мәслихаттардың жергілікті өзін-өзі басқару деңгейі күшейтіледі. Жергілікті мәслихаттар қарауындағы қаржыны белгілі бір нысанға жұмсайды, яғни бұл - жеке дербестік қаржыландыру. Мұндай құқық бұрын-соңды болған емес. Екіншіден, бұрын аудан, ауыл әкімдерін қаласа алып тастап, қайта тағайындайтын. Енді Президент бір немесе одан көп кандидаттарды алып келеді де, мына облыстың әкімін ұсынамыз дейді. Мәслихаттағылар қай үміткерге дауыс берсе, сол әкім болады.
А.Қазанғап: Жаңа реформалар бірден жемісін бере ме? Өз сүрлеуін табу үшін, халық оның нәтижесін көру үшін қанша жыл, қанша уақыт керек деп ойлайсыз?
М.Жақау: Оның бәрі біздің ниетімізге байланысты. Алға қойылған міндет қандай деңгейде шешіледі, сондай деңгейде нәтижесін көреміз. Президенттің конституциялық реформасы бюрократияны азайту, қоғамның саяси сауатын арттыруды көздейді. Әр азамат саналы түрде өз ісіне өзі жауап беруі керек. Депутаттар өзіне дауыс берген адамдардың алдында жауап беруі тиіс. Ертеңгі күні олар өзіне жүктелген міндетті орындай алмаса, жарты немесе бір жылдың көлемінде сайлаушылар өз дауысын қайтарып алуға құқылы. Сол сияқты әкімге де сенімсіздік білдіру құқығы бар. Міне, осының барлығы жаңа конституциялық өзгерістерге еніп отыр.
А.Қазанғап: Әңгімеңізге рахмет!
06.05.2022 ж. Ақпарат көзі: jasqazaq.kz, PDF |