қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
18.05.2022

Парасат биігіндегі азамат

 


 

Зулап аққан өзендей зымыраған уақыт. Күнделікті бас көтермес қарбаластың ішінде жүріп өмір ағысының орта жолға жетіп қалғанын аңғармай да қалып жатамыз. Біздің де орта мектепті бітіріп, үкілеген арман жетегімен бас қала Алматыға оқуға аттанғанымыз күні кеше ғана сияқты еді. Қатарлас құрбы-құрдастармен құлын-тайдай тебісіп, асыр салған қиындығы мен қызығы мол сонау өткен студенттік шағымыздың өзі сынаптай сырғыған өмір кемесіне мініп, 40 жылдан астам уақытты артқа тастапты. Өткенге көз жүгіртсек, біз түлеп ұшқан қасиетті оқу ордасы бізден кейін де талай шәкіртті ұшырып үлгерді. Енді, міне, бір кездері білім қуған жас талапкер атанған біздің өзіміз кешегі ақ самайлы, ақыл тоқтатқан, өмірден көріп білгені көп ағаларымыздың орнын басып қалыппыз. Алдымызға келген шәкіртке кеше өзіміз құрмет тұтқан қадірлі ұстаз дәрежесінде көрінсек те, түрлі ғылыми басқосулар мен басқа да жиындарда бірге оқыған тең құрбылармен кездесе қалсақ, сонау студент шақтың көктемі оралғандай күй кешеміз. Десек те бұл күндері қоңыр күздегі жапырағы сиреген ағаш секілді бірге өскен тең құрбылар аяулы дос Ерімбетов Ерболат, ішкі істер мен Ұлттық қауіпсіздік полковниктері Жарқынбаев Махсұт пен Нурғалиев Есенкелді, ардақты аруларымыз Винтерфельд Эльвира, Манкеева Бахыт, педагог-ғалым Бекпатшаев Мұрат бұл күнде ақтық сапарға аттанып, арамыздан алыстап кетті. Оларды қанша қимасақ та, Алланың ісіне шара бар ма дегеннен басқаға амалымыз жоқ. Жастық шақтың жайма шуақ көктемін өзіңмен бірге өткізген құрбы-құрдастан қалатыны тек өткенді еске салар естеліктер ғана. Жүрегіңнің бір түпкірінде көмескі тартқан сағымдай болған сол естелік қатар өскен тең құрбыны сағынғанда еріксіз еске оралады. Өйткені олар өткен өмірде саған шын тілекші, жанашыр дос бола білген жандар.

 

Сондай абзал досымыздың бірі студенттік шақта ерекше сыйластықтың үлгісін көрсете білген, кейіннен өмірінің соңына дейін жоғары мектепте өзіммен әріптес болған, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент және отандық білімді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан білікті-ғалым Бекпатшаев Мұрат Жүсіпәліұлы.

 

Мұрат сырттай қараған жанға мұқалмайтын болаттай көрінуші еді. Қысы-жазы жауған қар-жаңбыр тастарын ешқашан жібіте алмайтын асқақ Алатаудай нар тұлғалы азаматтан ойламаған жерден көз жазып қаламыз-ау деген ой ешқайсымыздың санамызға келмегені анық. Мұқалмас алдаспандай көрінген Мұрат досымыздың ойда жоқта өмірден өтіп, арамыздан алшақтағанына да алты айға жуық уақыт болып қалыпты. Уақыт неткен жүйрік... Бейне бір жазушының ақ қағазға қара сиямен өрнектелген жазуы секілді. Қарт ҚазПИ-дің Төле би, 86 көшесінде орналасқан Математика, физика және информатика институтынан университетінің бас ғимараттына күрмеуі көп шаруаның шешімін табу үшін таң ертең қадамын нық басып келіп тұратын ол маңдайының терін сүртпестен шаруасына кірісіп кететін еді. Өзі басқаратын институттың шаруасы шешілген соң, көп аялдамай жұмысына асығатын Мұраттың жарқын бейнесі бүгінде сағымға айналғандай. Кейде ол бұрынғы ақжарқын қалпында кабинетіме келіп қалатындай көрінеді.

 

Биік мансап пен ыстық ықыласқа қажырлы еңбекпен жеткен Бекпатшаев Мұраттың өнегелі істері өзімен әріптес болған кейінгі толқынға зор өнеге. Ол 1963 жылы 20 ақпанда қазақ елінің руханиятын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан талай алыптарды өмірге әкелген, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Ғасырдан қалған жұмбақтарды кім шешеді», - деп жырға қосқан Аягөзде дүние есігін ашты. Оның балалық-шағы мен бозбала болып қалыптасқан уақыты қазақтың қаймағы бұзылмаған Оңтүстүк Қазақстан облысы, шырайлы Шымкент қаласында өтті. Академик Қаныш Имантайұлы Сәтпаев атындағы №7 мектепте онжылдық білім алды. Академиктің есімін иеленген білім ошағының озат оқушысы болып, мектеп қабырғасына суретін ілінген Мұрат Бекпатшаев бала кезінен үлкен ғалым болуды армандады. Бұл турасында ол оңашада балалық шаққа саяхат жасағанымызда айтып беретін.

 

Мұратпен танысуымыз сол 1980-ші жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық) университетінің «Қолданбалы математика» мамандығына математикадан жазбаша қабылдау емтиханында қатар отырып оқуға түскеннен басталған болатын.

 

Біз, мен, Мұрат, Мырзағали, Амандос, Жанат, Талғат, Әнуар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған, білім қуған жастар аз ғана уақыттың ішінде тілеулес жолдасқа айналдық. Жатаққанада бірге тұрып, бір нанды бөліп жедік. Университеттің кітапханасына бірге барып, білімімізді шыңдадық. Ол уақытта студент жастардың өзіндік қалыптасқан шығармашылық ортасы болатын. Біз де сондай шығармашылық ортаның белсенді мүшесі болдық. Атағына ел таңырқайтын білікті профессорлардан алған білімімізді жатақханада талқылап, студенттердің ғылыми ортасына айналдырып жатушы едік. Жатақханада қатар тұратын сол жылғы жастар - біз спорттан да құр алақан емес едік. Факультет аралық сайыстарда қашанда үздіктер қатарынан көрінетінбіз. Ал спортты жанындай сүйетін Мұрат баскетбол ойнында ешкімге жан салмайтын. Алаңдағы өзіне қарсы ұмтылған 4-5 қарсыласты әп-сәтте-ақ көз ілеспес жылдамдықпен айналып өтіп, сол қолымен тастаған добы «корзинаға» дөп түсетін. Егер дене шынықтыру факультетіне түсетін болса, нағыз шебер баскетболшы болатын азамат еді.

 

«Қолданбалы талдау» кафедрасына бөлінген біз әр түрлі ұлт өкілдерінен жиналған болсақ та ерекше ұйымшыл, әрі бауырмашыл болатынбыз. Тобымыздағы 22 баланың 17-сі үздік бітірген біздерді Алматыдағы Ғылым Академиясының математика институтына, ҚазМУ, ғылыми зерттеу институттарына жіберілсе, ал Мұрат екеуіміздің еншімізге қазақ білімінің қара шаңырағы - Абай атындағы ҚазПИ-ге бару жолдамасы бұйырды. Бұл институт кезінде қазақтың көшін алға сүйреген Алаш арыстарының табаны тиіп, дәрісханаларында олардың үні қалған қасиетті шаңырақ. Сондықтан сол уақытта бұл жерге қызметке тұру жолдамасы екінің-бірінің басына бұйыра бермейтін бақ еді. Сол атақты ҚазПИ бүгінде де сол тұғырынан төмендеген емес. Ғасырлық дәстүрлі білімді заманауи үлгімен ұштастыра білген университет педагогикалық жоғары оқу орындарының ұстаханасына айналып отыр.

 

Алғашқы еңбек жолын «Есептеу математикасы мен дифференциалдық теңдеулер» кафедрасында бастадық. Қазіргі заман тілімен айтқанда алғашқы IT маманы ретінде біздер қысқа уақыт ішінде оқу ордасы ұжымының үлкен-кішісі бар профессор-оқытушылар құрамына компьютерлік сауаттылық курстарын жургізгеніміз кеше ғана еді. Жастайынан ғылым-білімге жаны құмар Мұрат алғашқы еңбек жолындағы қат-қабат қайнаған қызу тірліктің ішінде жүрсе де, ғылымға деген өзіндік құлшынысын жоғалтпады, Ресейдің Красноярск қаласындағы Есептеу орталығында профессор Анатолий Михайлович Федотовтың жетекшілігімен аспирантураны жоғары деңгейде оқып, ғылым кандидаты деген биік мінбеге қол жеткізуі, әрине, ең біріншіден, табанды еңбек пен мол ізденістің нәтижесі.

 

Ғылымдағы жолын нақтылап алған соң, Мұрат Бекпатшаев оқу-ағарту ісіне бел шеше кірісті. 1990 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Физика-математика факультетінде аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары, деканы сияқты қызмет баспалдақтарынан өтіп, кәсібіи тұрғыда толыса түсті. Қызмет баспалдағындағы өрлеу жолы көз алдымызда өткен Мұрат Жүсіпәліұлы қанша биіктесе де, азаматтық болмысынан айныған емес. Басшылық қызметте аса үлкен жауапкершілік танытып, шәкірттері мен әріптестерінің ыстық ықыласына бөлене білді. Мол жинақталған тәжірибе мен ұйымдастырушылық қабілеттің арқасында ол 2006-2007 жылдары Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетінің инженерлік-экономика факультетінің деканы қызметін абыроймен атқарды. Бұл қызметте ол жастық жігер мен өмірлік тәжірибені шебер ұштастырып, факультет жұмысын жаңаша ұйымдастыра білді.

 

Оның қызмет жолындағы осы кезеңдері ғана сыртта өткені болмаса, қалған ғұмыры осы қара шаңырақпен біте қайнасып жатыр. Атқарған барлық қызметі де, жеткен жетістігі мен жинаған абыройы да университет ұжымының жүрегінде мәңгі сақтаулы десем артық айтқандығым емес. 2007 жылдан кейін университетіміздің Математика-физика факультетінің деканы, директоры қызметін күні кешегі ақтық сапарға аттанар күнге дейін абыроймен атқарды. Институттың жанынан шығатын «Физика-математика ғылымдары» сериясы «Хабаршы» журналында редактордың орынбасары қызметін қоса алып жүруі, ғылымға деген шексіз құрметі деп білемін. Ол, әрине, математика саласында жаңа тың зерттеулердің мол болғанын қатты қалайтын. Бас көтермес қиян-кесті шаруаның ортасында жүрсе де, ықтималдар теориясы, оңтайландыру әдістері бойынша дәріс беру негізінен Мураттың еншісінде еді. Оның қаламынан өмірге келген есептеу математикасы, информатика және математикалық физиканың кері мәселелері бойынша жарық көрген 60-тан астам ғылыми-әдістемелік еңбек қазіргі таңда жаратылыстану ғылымында кең қолданыста. Қарашаңырақтағы 35 жылдан аса қызмет жолында Мұрат Жүсіпәліұлы талай шәкірттің қанат қағуына ықпал етті. Әсіресе, университетіміздің 2018 жылы өткен 90 жылдық мерейтойында көптеген игі істің өмірге келуіне мұрындық болды. Ол басшылық жасаған институт ғылыми-педагогикалық қызметі математика, физика және информатиканы оқыту теориясы мен әдістемесіне шешуге бағытталды. Сол кездері университет заманауи цифрлық технологиямен, робототехникамен институттың материалдық базасын нығайтуға, сонымен қатар «Bilim Media Group» ұйымымен бірлесіп «BilimLab» білім беру ресурстар орталығы ашып, орталықта «Bilimland» платформасында онлайн/офлайн түрінде жұмыс жасау мүмкіндігіне қол жеткізді. Міне, осы шаруалардың да жүзеге асуына Мұрат Бекпатшаевтың да қосқан үлесі өлшеусіз. Ол ең бірінші өзінің денсаулығын емес, университеттің абыройы мен білім алушы шәкірттерінің ертеңіне қатты мән берді.

 

Мұраттың ерекше бір қасиеті әділдікті жақтайтын турашыл еді. Олай дейтінім, ол ғылыми семинарларда жасандылыққа жол бермеуі, өзін басшы ретінде өзгеден бөліп қарамай, әріптестерімен тең дәрежеде қоян-қолтық жұмыс істеп, кей кездерде жалғыз өзі бір департаменттің жұмысын атқара беретін үлкен қарапайымдылықтың иесі болатын. Кейде басқа бөлім үлгермей жататын кезде, табанда сұрататын статистикалык мәліметтерді тез арада өңдеп, соған сай болжамдарды әп-сәтте беретін алғырлығын ерекше бағалайтынмын. Қызметке араласқан уақыттан бастап, Мұрат үзеңгілес серігіме айнала білді. Жеке бастың мәселесін факультет пен университет жұмысына ешқашан араластырмайтын, ол өте талапшыл еді. Нәтижелі жұмыстың соңы сұйылып бара жатса, ешқандай басшыдан қаймықпай қарсылығын нақты білдіретін қасиетке де ие. Қаншама мойын бұрмас қарбалас жұмыс кездерде маған Мұраттың игі істе «ия, жақсы, жасаймыз» деген қолдауы ерекше қанат беретін еді.

 

Дана халқымызда «Жақсы адамның артында із қалады», - деген жақсы сөзі бар. Сол айтқандай Мұрат досымыздың саналы ғұмыры қарашаңырақтың заманауи үлгіде даму жолына арналды. Біз, қатарлас достары ол арамызда болмаса да оның осындай игі істерімен мақтанамыз. Әріптесіміздің әпкелері мен қарындасына, асыл жары Зейнепке ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, сарқылмас бақыт тілейміз. Мұраттың жетпеген биігіне Айару қызының жетуіне шын жүректен тілектеспіз.

 

 

Авторы: Бектемесов Мақтағали Абдімәжітұлы
Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры,
профессор, физика-математика ғылымдарының докторы

18.05.2022 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com