Екі ел арасындағы алтын көпір
Абай атындағы ҚазҰПУ мен Слупск қаласындағы Помор академиясының (Польша) ғылым-білім бағытындағы тығыз әрі берік байланысына бірнеше жылдың жүзі болды.
Мысалы, Польшада екіжақты диплом бағдарламасы бойынша оқып жүрген отандық оқу ордасының студенттері мен магистранттары еуропалық үлгідегі диплом алып шығады.
2022 жылғы 23 мамырда Помор академиясының Неофилология (Жаңа филология) кафедрасы жанындағы Абай атындағы қазақ мәдениеті мен ғылымы орталығының үшжылдығы аталып өтілген-ді. Осыған орай Польша университетінің сыртқы жағында Орталықтың тақтасы орнатылған еді.
Іс-шараға Гдансктегі Қазақстан Құрметті Консулдығының директоры Йоанна ханым Насырова қонақ ретінде арнайы шақыртылды. Дипломат Абай атындағы ҚазҰПУ мен Помор академиясы арасындағы байланыс жемісін беріп, Польша - Қазақстан арасындағы мәдениет пен ғылымның алтын көпіріне айналғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ салмақты жиынға Слупсктегі Помор академиясының проректорлары, профессор Данута Герчиньска, Дариуш Фицек, филология ғылымдарының докторы, профессор, орыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі Галина Нефагина, Алматыдан бейнебайланыс арқылы қосылған Абай атындағы ҚазҰПУ Филология институты орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор, әдебиеттанушы, поэтолог Сәуле Әбішева қатысты. Қазір аталған академияда білімін жетілдіріп жатқан Қазақстан студенттері ұстаздар мен қонақтарға дастарқан жайып, ұлттық тағамдармен таныстырып, презентация негізінде еліміздің кең-байтақ даласы, тамылжыған табиғаты, Абай атындағы ҚазҰПУ-дағы оқуы жайлы баяндап берді.
2022 жылғы 9 маусымда Абай атындағы ҚазҰПУ Филология институты орыс тілі мен әдебиеті кафедрасы және Помор академиясы Неофилология институты жанындағы Абай атындағы қазақ мәдениеті мен ғылымы орталығы ғалым-реформатор Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орайластырылған «Абай оқулары: тарих пен Қазақстан мәдениетінің кемел келешегі» атты IV халықаралық ғылыми семинар өткізді. Аталмыш іс-шара екі түрлі форматта жүзеге асты. Көптеген қатысушы (оның ішінде Алматыдан арнайы келген ұстаздар мен студенттер) Слупск қаласындағы Помор академиясы жанындағы Абай атындағы қазақ мәдениеті мен ғылымы орталығында жиылды. Ал Қазақстан мен алыс-жақын шетелден келген ғалымдар онлайн жүйесінде қатысты.
Халықаралық ғылыми семинар дипломатиялық корпус өкілдері: Польшадағы Қазақстан Елшілігінің бірінші хатшысы Ұлжан Галинова, Гдансктегі Қазақстан Құрметті Консулдығының директоры Йоанна Насырованың, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы «Поляктар» қоғамдық ұйымы өкілдерінің құттықтау сөзімен басталды. Шара қонақтарын қос университет басшылары - PhD доктор, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Билялов пен Слупсктегі Помор академиясының Студенттер ісі жөніндегі проректоры, профессор Данута Герчиньска, хакім Абай Құнанбайұлының шөбересі Ләйлә Баймағамбетова жиылған жұртқа ізгі тілектерін айтты.
Семинарды Абай атындағы ҚазҰПУ түлегі, бүгіндері Помор академиясында ұстаздық қызметте жүрген PhD доктор Максим Пономаренко жүргізді. Модератор кезекті сөзді осы шараға мұрындық болып, оның ұйымдастырылуына тікелей септігін тигізген Помор академиясына қарасты орыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі Галина Нефагина және Абай атындағы ҚазҰПУ Филология институты орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор, әдебиеттанушы, поэтолог Сәуле Әбішеваға берді. Содан соң Польша, Қазақстан және АҚШ университеттерінің (Варшава университеті, Познан қаласындағы А.Мицкевич атындағы университет, Алматыдағы Халықаралық бизнес университеті, Павлодар педагогикалық университеті, Вашингтондағы Джордж Вашингтон университеті, т.б.) ұстаздары мен студенттері поляк, орыс, ағылшын тілдерінде қазақ тілі, қазақ әдебиеті, тарихы мен мәдениетін зерттеуге бағытталған «Қайта өрлеу дәуіріндегі Еуропа ойшылдары және Абай Құнанбайұлы концепциясының сабақтастығы», «Абай мәтіні мен И.А.Бунин шығармашылығының өзектестігі», «Герольд Бельгердің «Гете мен Абай» атты очерк-эссесіндегі мәдени диалог», «Классик Мұхтар Әуезов ұлылығы», «Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезов шығармашылығындағы отбасы құндылығы», «Бақытжан Қанапиянов поэтикасындағы әлем картинасы», «Абай Құнанбайұлы мен Северин Гросс, Александр Затаевич пен Ахмет Байтұрсынұлы мысалындағы қазақ-поляк тарихи байланысы», т.б. секілді ғылыми баяндамалары аудитория қызығушылығын тудырып, поляк және қазақ талапкерлері Абай Құнанбайұлының шығармаларынан үзінді оқыды. Осы Халықаралық семинарға қатысқан ұстаздар, қонақтар мен студенттер баянды бастама ары қарай да үзілмей, өз жалғасын табады деп үміттенеді.
Әлібек Байболов,
орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
20.06.2022ж
Ақпарат көзі: aikyn.kz